Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Телефон мен интернет алаяқтарынан қалай қорғануға болады – Банк кеңестері

Елімізде алаяқтық оқиғалары жиі қайталануда. Көбіне олардың алдау тәсілдері ұқсас болып келеді. “Банктен хабарласып тұрмын” деген желеумен зәреңізді алып, сенімге кіруі мүмкін. ЦентрКредит Банкі мұндай жағдайда қаржыларыңыз бен жеке деректеріңізді қалай қорғау керектігі туралы кеңестерді ұсынды. 

Алаяқтардың басты мақсаты – мобильді қосымшадағы банк шотына қол жеткізу

Алаяқтар банктің мобильді қосымшасындағы жеке кабинетке кіру үшін логин мен құпия сөзді білуге талпынады. Егер сізге бір реттік парольдер туралы хабарламалар (SMS арқылы) келсе және сіз жеке банктік операциялар жасамаған болсаңыз, сақтықпен мән бергеніңіз жөн. Көбінесе мұндай хабарламалар біреу сіздің банктік шотыңызды ашпақ болған кезде жіберіледі.

Телефон қоңыраулары арқылы жасалатын алаяқтық

Банк қызметкерінің атын жамылған алаяқтардан қоңыраулар:

Өзін банк қызметкерімін деп таныстыратын алаяқтар депозиттің немесе шоттың мерзімі өткенін немесе банк өнімдерінің шарттары өзгеріп жатқанын ескертіп, дереу жаңартуды талап етуі мүмкін. Олар сіздің келісіміңізді растау үшін SMS кодын айтуыңызды сұрайды. Ал кодты айтқан кезде шотыңыздағы ақша жоқ болып кетуі мүмкін. Өйткені көп жағдайда бұл SMS код мобильді қосымшаға кірерде құпия сөзді ауыстыруға арналған хабарлама болуы мүмкін. Ал кей жағдайда бұл тіпті қаражатты басқа шотқа аудару кезінде иесінің растауын білдіреді. Міне, сондықтан егер сіз банк қызметкерімін деп таныстырған адамға бұл кодты айтсаңыз, жеке шотыңызға кіру мүмкіндігі жоғалады немесе ақшаңыз мүлде жоқ болып кетуі мүмкін.

Кеңес: телефон арқылы SMS хабарламаларды, құпия деректерді немесе кодтарды ешкімге айтпаңыз. Сіздің қаржыңыздың қауіпсіздігі үшін банктен, басқа ұйымнан немесе мемлекеттік органнан хабарласып тұрмын десе де талаптарын орындамаңыз. Мұндай сәтте әңгімені аяқтап, ақпараттың шын-өтірігін тексеру үшін дереу банктің ресми байланыс орталығына хабарласыңыз. Ал қажет болған жағдайда банк картасы мен банктің мобильді қосымшасын блоктап жауып тастаңыз.

Жалған несие туралы айтып, жеке деректерді анықтайтын тұзақтар

Несие туралы жалған өтініш: мұндай жағдайда алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, сіздің атыңызға несие алуға өтініш берілгенін айтады. Кейін тез арада шара қолдануды ұсынады. Ол үшін құрбандарға деректерді қорғауға арналға қолданба деп сілтеме жібереді. Қосымшаны орнатқаннан кейін хабарлама келіп, алаяқтар жәбірленушіден SMS кодты айтуын сұрайды. Кейін несиенің өңделіп, жойылатынына сендіреді. Алайда шоттағы қаражатты сақтап қалу үшін ақшаны басқа жерге аудару керек екенін жеткізеді. Ал барлық ақпаратты біліп алғаннан соң, шабуылдаушылар сіздің атыңызға керісінше, несие алып тастаған болуы ғажап емес.

Кеңес: егер осындай жағдайға тап болсаңыз, үрейленбеңіз. Тіпті хабарласып тұрған адам өзін банк қызметкерімін деп мәлімдесе де, SMS кодын айтпаңыз. Мұндай кезде қоңырауды дереу аяқтап, алынған ақпаратты екі рет тексеру үшін дереу банктің өз номеріне хабарласыңыз. Бұл алаяқтықтарға алданбауға, қаржыңызды қорғауға көмектеседі.

Алаяқтардан қалай сақтануға болады:

  • өзіңіз туралы ақпаратты ашығынан таратпаңыз: Жеке деректеріңізді интернет пен әлеуметтік желілерде жарияламауға тырысыңыз;
  • телефоныңыздағы сақтық шарасын қадағалаңыз: Құрылғыңызға құпия сөз, FaceID немесе TouchID орнатыңыз және банк қолданбалары үшін қиынырақ құпия сөздерді пайдаланыңыз;
  • бір реттік құпия сөзді (SMS арқылы жіберілетін) бөліспеңіз: Ешқашан телефон арқылы бір реттік құпия сөздерді тіпті қауіпсіздігіңіз үшін деп сұраса да бермеңіз;
  • банк қолданбасында шектеулерді орнату: Мобильді банк қолданбасын пайдаланатын болсаңыз, онлайн саудада CVV үшін ең төменгі шектеулерді орнатыңыз. Сонда қолданбаның ішіндегі картаны басқан кезде код автоматты түрде өзгереді. Осылайша, интернет-дүкендерде әрбір сатып алу кезінде сіз жаңа кодты енгізесіз;
  • біреудің өтінішімен өзіңіз білмейтін қосымшаларды құрылғыңызға орнатпаңыз: Кейбір қолданбаларды орнату алаяқтарға телефоныңызды басқаруға көмектеседі. Демек, ақшаңызды да толықтай басқарып, оңай қол жеткізуге мүмкіндік алады деген сөз.

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 03.02.2020 жылы берген № 1.2.25/195/34  лицензиясы

Талқылау