"Үсті-басы лас, киімі жыртық": Қарағанды облысында 6 жыл еңбек құлдығында болған ер адам қожайынынан қашып кетті
Қостанай тұрғыны Қарағанды облысындағы қыстақта 6 жыл бойы еңбек құлдығында болған. Киімі жыртылып, үсті-басы лас болған оны жедел жәрдем жүргізушісі қашып жүрген жерінен жолда байқап қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Патриот" порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Сурет “Патриот” телеграм арнасынан алынған
Қарағанды облысы Осакаров ауданы Молодежное ауылының маңындағы қыстаудан қашып кеткен Александр Вдовиченко өзінің құлдықта болғанын айтады. Жедел жәрдем жүргізушісі оны Қарағандыға барар жолдагн көргенде жыртық киіммен, үсті-басы кір әрі аш болған екен.
“Ауысымнан кейін өз көлігіммен үйге бара жатқан едім. Жолда мені жыртық киім киген, үсті-басы лас адам тоқтатты. Ол 6 жыл бойы еңбек құлдығында болып, қашып кеткенін айтты. Аты-жөні Александр Вдовиченко екен", – деді Ерсін Тілеубердинов.
Осыдан 6 жыл бұрын шаруа қожалығының иесі Александрға бір маусымға қыстайтынын айтып, мал бағуды ұсынған. Соның салдарынан құжаттарын иемденіп, жалақысын бермеген. Ал жұмысқа ресми түрде орналастырмаған. Шындығында ол тек тамақтану үшін ғана жұмыс істеген.
Александр қашып құтыла алмаған. Себебі оны үнемі қыстақ иесі үлкен отбасымен бақылап отырған. Сөйтіп алты жылдың ішінде оны сол шаруа қожалығында жұмыс істейтін әйелмен үйлендірген. Александрға туыстарын шаруа қожалығына шақыруға рұқсат етілмеген, той да болмаған.
Осылайша кейін Александрдың қызы дүниеге келді. Оны қыстақ иесінің туыстары босандырған. Қазір қыз 2 жаста, сонда тұрады.
“Құжаттарды беруін өтіндім. Учаскелік полиция инспекторы сұрайды дедім. Бірақ ол құжаттарң өзінде қалса жақсы болатынын айтты”, – деді Александр.
Кейін Александр қашуға шешім қабылдаған. Ол бірнеше күн дала арқылы Қарағандыға дейін жаяу жүрген. Ұсталмау үшін қараңғыда ғана жүріп отырған. Ер адам туған жері – Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Аманқарағай ауылына жетіп, сол жерде арыз жазуды ұйғарған.
Жедел жәрдем жүргізушісі жігітті Қостанайға таксиге отырғызып жіберді.
Бұл туралы Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
“Александр Вдовиченко дерекқорда жоғалғандар тізімінде жоқ. Оған арыз түссе, шара қолданылады”, – деді Қостанай облысы ІІД баспасөз қызметі.