Қарағандылық әйел арнайы орталықта көз жұмған мүгедектігі бар қызының жәрдемақысын жымқырды деп айыптады
Қарағанды тұрғыны арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әкімшілігін 9 жасар мүгедек қызына берілген жәрдемақыны жымқырды деп айыптады. Әйелдің айтуынша, оған берілген есеп құжаттарында қызы жүре алмаса да аяқ киім, жасына қарамастан бюстгальтер сатып алғаны айтылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Патриот" телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: видеодан кадр
Тамыз айының басында балалар жаппай уланған Қарағандыдағы мүгедек балаларға арналған арнайы орталықтың тағы да басы дауға қалды. Бұл жолы мекеме әкімшілігі балаларға төленетін жәрдемақыны ысырап етті деп айыпталуда. Виктория Врублевскаяның қызы 31 қазан күні орталықта ауырып, көп ұзамай көз жұмған. Тоғыз жасар Верониканың анасы осыдан кейін қызының шотынан үлкен сомада қаражат жоғалып кеткенін айтады.
"Заң бойынша жәрдемақылардың 70 пайызы баланы күтіп-бағып, қарау үшін әлеуметтік қызмет көрсету орталығына аударылады. Орталық мемлекеттік ақшасына өмір сүрсе де, мүгедектігі бар балалардың 70% жәрдемақысын алады. Бұл орталыққа берілетін қосымша қаржылық көмек. Ал жәрдемақының 30 пайызы баланың жеке шотына аударылуы тиіс. Жерлеу рәсімінен кейін банкке келгенімде қызымның шотында бар-жоғы 100 мың теңгеден астам ақша барын білдім. Негізінде ол жерде миллион теңгедей болуы керек еді", - дейді Виктория Врублевская.
Әйел мемлекеттік мекемеден бұл жағдайды түсіндіруді талап еткен. Орталық әкімшілігі тоғыз жасар қызға мекемеде болған төрт жыл ішінде заттар сатып алғанын дәлелдейтін есеп көрсеткен.
"Есепте қызыма бюстгальтер сатып алынғаны жазылған. Ол небәрі 9 жаста болса қандай бюстгальтер? Сондай-ақ есепте оған жаздық аяқ киім, күздік аяқ киім, қыстық етік сатып алынғандығы көрсетілген. Неге қызыма етік керек болғаны түсініксіз. Вероника жүре алмайтын. Ол төсектен мүлдем тұрмады, тек жатты. Қызыма гидроцефалия және жұлын грыжасы диагнозы қойылған. Сондай-ақ есепте ақшаға блузкалар, юбкалар алынғаны жазылған. Бірақ бұған қарамастан қызым әрқашан бір киіммен жататын. Мен 4 жыл ішінде Верониканы көру үшін орталыққа жиі бардым. Әрдайым үстінде тек бір жейде, бір шалбары болатын. Бұнымен қоса төрт жыл бойы бір көрпені жамылып жатты!"- деп қыздың анасы ашуланды.
Сонымен қатар, орталықтың есебіне сәйкес, қыздың киімдері мен қажетті дүниелері әр тоқсан сайын жаңарып, яғни жылына төрт рет сатып алынып отырғаны көретілген.
Әйел енді Қарағанды облысының прокуратурасына шағымданбақ.
Естеріңізге сала кетейік, 1 тамызда Қарағанды облысындағы арнайы орталықта 12 бала уланып ауруханаға жатқызылды. Бір бала медициналық мекемеде көз жұмып, алтауы жансақтау бөліміне жатқызылды.