Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұнда оқу қауіпті": Астанада өнер университетінің студенттері білім ордасының жағдайына наразылық білдірді

Желіде Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің (ҚазҰӨУ) “Жаңа адамдар” студенттер ұйымының видеосы тарады. Мұнда белсенді студенттер оқу орын ғимаратының тозығы жеткенін айтып, жаңбыр жауған сайын төбеден су ағып, құлайын деп тұрған шатырларға жөндеу жасалуын талап еткен. Алайда білім алушылардың айтуынша ғимарат басшылығы бұдан соң осы мәселені көтеріп, “Шелек шабытты құртады” деген студенттерге қысым жасай бастаған. Stan.kz тілшісі білім ордасымен байланысқа шықты.

“Жаңа адамдар” белсенділер ұйымының мүшесі Әлихан Telegram арнасында Қазақ ұлттық өнер университеті ғимаратының жағдайын сынады. Айтуынша, білім ордасының басшылығы қанша жыл өтсе де ғимаратқа жөндеу жүргізбеген. Салдарынан оқу орнының қабырғалары жарылып, төбесінен су ағып, студенттердің білім алуына кедергі жасауда.

“Жақында біз “Шелек шабытты құртады” атты флешмоб акциясының ұйымдастырдық. Ал университет бұл шараға қатысқан және оқу орнының мұндай суреттерін желіге таратқан студенттерге қысым көрсетіп қорқыта бастаған. Тамшылаған суға бүкіл ғимарат бойынша жүздеген шелек қоюға тура келеді. Студенттерге мұндай ғимаратта оқу жайсыз әрі қауіпті”,- деді Әлихан.  

Белсенді азаматтың сөзінше, “Жаңа Адамдардың” бірнеше әрекетінен кейін ҚазҰӨУ басшылығы студенттерін "Шелек шабытты құртады" азаматтық науқанына және қозғалыстың басқа да бастамаларына қолдау көрсеткені үшін оқудан шығарамыз деп қорқытуда.

10 сәуірде ҚазҰӨУ ректорымен кездесу өтіп "Жаңа Адамдар" "Шабыт" ғимаратының жағдайына жауапты оқу орнының басшылығынан шатыр мәселесі қалай және қашан шешілетінін сұраған. 

“Ақылға қонымды жауап ала алмадық. ҚазҰӨУ ректоры Айман Мұсақожаева ғимараттың студенттерге қауіпсіз әрі қолайлы жағдайға келтірілетініне қандай да бір кепілдік не уәде беруден бас тартты. Кездесуде болған оқиғаның бәрі алдау мен көзбояушылық іспеттес болды. Біздің белсенділерден ұялы телефондарын беру талап етілді. "Шабыт" басшылығы студенттеріне қысым көрсету фактілерін жоққа шығарды. ҚазҰӨУ басшылығының өз ғимаратын тезірек пайдалануға қолайлы етуге ұмтылғанын көрмедік”,- делінген “Жаңа адамдар” Telegram арнасындағы жазбада.

ҚазҰӨУ-дың бұл жағдайға байланысты пікірін сұраған едік. Баспасөз қызметі ғимарат нормативтік шарттар бойынша жаңа деп есептелетіндіктен, күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінбегенін айтты.

“Жыл сайын ғимарат витражды қасбет құрылымының тігістерін ішінара тығыздау, әрлеу және сырлау жұмыстары, аспалы төбелер мен ламинаттарды ауыстыру, салқындатқыштарды тазалау және т.б сияқты жөндеуден өтеді. Мәселелерді толығымен жою үшін күрделі жөндеу қажет. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу үшін ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттаманы) әзірлеу керек”,- деді баспасөз хатшысы Батырхан Смақов. 

Университет қазір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін ғимараттың қоршау және жүк көтергіш конструкцияларына және ішкі инженерлік жүйелердің, коммуникациялар мен жабдықтардың техникалық жағдайына техникалық сараптама тағайындаған. Енді соған сәйкес өтініш береді екен.

“Әлеуметтік желідегі жеке тұлғалардың мәлімдемесіне байланысты ҚАЗҰӨУ студенттеріне қысым жасалып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Білім ордасының жиырма жылдан астам тарихы бар. Университет түлектері жоғары кәсіпқойлық танытып, әлемдік аренада еліміздің атын шығарып жүр”,- деп қорытты білім ордасының өкілі.

Талқылау