Алматыда жастардың дамуына мүмкіндік беретін қандай курстар бар?
“Ұлттық рухани жаңғыру” ұлттық жобасының аясында жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді дамыту мақсатында түрлі мүмкіндіктер қарастырылуда. Қазіргі уақытта жастар арасында тұлғалық даму, қосымша білім алуға ден қойып жатқандар қарасы көбейген. Алайда көп қаржыны жұмсамай шығынсыз білім алуға болатын мүмкіндік бар екенін бірі білсе, енді бірі білмейді. Мәселен осындай жобаның бірі Алматы жастарына арналған Almaty Creative Class, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жастарға арналған мүмкіндіктердің бірі – Almaty Creative Class платформасы. Ол 2021 жылы 30 желтоқсанда толықтай іске қосылып, білімқұмар қолданушыларға жол тартқан. Негізгі идея – ісін жаңа бастаған және тәжірибелі кәсіпкерлерге әртүрлі салада өз дағдыларын арттыруға көмектесу.
“Тегін онлайн курстары бар алаң креативті кәсіпкерлер мен креативтік индустриялар саласында өз дағдыларын арттырғысы келетіндерге арналған. Кез келген адам almatycreativeclass.kz сайтында біздің курстарымызға тіркеліп, білім ала алады. Барлық курстар тегін, қазақ және орыс тілдерінде. Ал курс авторлары Қазақстан, Ресей, АҚШ, Украина, Қырғызстан және Үндістан кәсіпкерлері, бизнес-тренерлері, сарапшылары, жобалар мен институттардың жетекшілері болды”, – дейді Алматы қаласы Креативтік индустриялар басқармасының бас маманы Әділ Нұрғалықов.
Жоба аясында қазақстандықтарға қазақ және орыс тілдерінде келесі 11 курс ұсынылып отыр:
1) Тәжірибелі фотограф Никита Басовтың "Фотосурет шебері" курсы. Бұның барлығы клиенттермен қалай қарым-қатынас жасау, неден бастау керек, техниканы қалай таңдау керек және өз қызметтерін қалай бағалау керектігі туралы көбірек білгісі келетіндерге арналған.
2) Менеджмент саласындағы сарапшы Әйгерім Райымжанованың және мемлекеттік сатып алу саласындағы 10 жылдық тәжірибесі бар маман Раушан Ғаббасованың "Креативті экономикаға арналған тендерлер" курсы. Мұнда мемлекеттік сатып алу процесі, негізгі ережелер мен алаңдар туралы бәрін білуге болады.
3) "Жобалық менеджмент" курсын Украинаның тәжірибелі маманы Олена Бондаренко жүргізеді. Ол білім беру, адам құқықтарын қорғау, оқыту және ғылыми зерттеулер саласындағы 30-дан астам табысты жобаның авторы. Мұнда команданы қалай үйлестіру керек, нені іздеу керек және жобаны қалай қорытындылау керектігін үйренуге боладыү
4) "Презентация өнері" – базалық теориялық курс, оның аясында презентация заңдары, сөз сөйлеу ерекшеліктері мен пайдалы ресурстар туралы көбірек айтылады.
5) "Интернет кеңістігіндегі жеке бренд" курсы SMM және жеке бренд құру саласындағы жұмыстың теориялық және практикалық бөліктерін біріктіреді. Кеңесші Денис Поленов SMM теориясы туралы, ал Phillip Morris сарапшысы Геннадий Захаров Instagram және Facebook-тегі жарнамалық кеңселерді қалай пайдалану керектігін және жеке парақшаны қалай жүргізу керектігін егжей-тегжейлі көрсетеді.
6) "Қалай жазушы болуға болады?" – бұл журналист және копирайтер Андрей Шениннің туындысы. Жас жазушы еңбегін жариялағанға дейін қандай мәселелермен бетпе-бет келетінін баяндайтын курс.
7) Қазақстанның тұрақты зерттеулер институтының директоры және БҰҰ сарапшысы Брендан Дюпрейдің "Әркімге арналған Фандрайзинг" курсы фандрайзинг процесінің негізгі туралы әңгімелейді.
8) "Іскерлік мәтін негіздері" курсы аясында "Алатриум" қоғамдық қорының жетекшісі Жасұлан Нұрбаев тыңдаушылармен іскерлік құжаттамамен жұмыс тәжірибесімен бөліседі. Қандай сөздерді қолдану керектігі туралы айтылады.
9) "Арт-менеджмент" – Теориялық курста арт-менеджмент пен менеджменттің айырмашылығы неде екені түсіндіріледі. Курсқа бонус ретінде креативті кәсіпкер Дина Құрманғалиевамен ("АлтынЗер" компаниясы) сұхбат беріледі.
10) Үндістаннан келген заң мәселелері жөніндегі кеңесші Снехи Вемуланың "Авторлық құқық" курсы. Фактілер, принциптер, сонымен қатар авторлық құқықты тікелей тіркеу туралы практикалық дәріс.
11) "Креативті кәсіпкерлердің табыстары мен сәтсіздіктері" курсы – профессор Анджан Гоштың Қазақстан кәсіпкерлерінің тәжірибелік кейстері туралы курсы. Кейстер арасында "Жансая Әбдімәлік Шахмат академиясы", "Мимиорики", "АРТиШОК" және басқа да танымал компаниялардың тәжірибесі ұсынылады.
Маманның айтуынша, аталған курстардың барлығын қатысушылар қамтып жатыр. Оларға видео дәрістер, тесттер, жұмыс дәптерлері және қосымша материалдар кіреді, қосымша сертификаттар беріледі.
Алматы қаласы Креативті индустриялар басқармасының бас маманы Мөлдір Оңдасынова платформада көбіне Креативті экономикаға арналған тендерлер курсын тыңдайтындар саны басым екенін алға тартады.
"Себебі кәсіпкерлер үшін бұл – үлкен нұсқау. Түрлі іс-шараларға қатысып оны жеңіп алу мақсатында кеңеске жүгінгендер қосымша осы курсты тыңдайды", – дейді ол.
Платформадағы барық 11 курстан өткен маман ретінде ол тәжірибелі мамандардың нұсқаулары мен кеңестері тиімді екенін айтады.
"Креативті индустрия саласы қаламызда енді ғана даму процесінде болғандықтан бұл сала бойынша кеңестер мен белгілі бір сабақтар аз. Әрі өзіңе де курстан өткеннен кейін тың идеялар келіп шабыттана түсесің. Бұл саланы игеруге деген құлшыныс пайда болады", – дейді маман.