Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ЖОО-ларда онлайн оқыту қашан енгізіледі? Білім және ғылым министрлігі түсіндірді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жақында университеттерде онлайн оқу форматы енгізілетінін мәлімдеген болатын. Бұл жүйе қалай жүзеге асады? Stan.kz тілшісі білім және ғылым министрлігінен сұрады. 

Бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР парламент мәжілісінің жалпы отырысында алдағы уақытта онлайн оқыту ресми түрде бекітілетіні жайлы мәлімдеген болатын. 

“Енді ЖОО-лар оқытудың онлайн түрінде белгілі бір оқыту бағыты бойынша кадрлар дайындай алады. Бұл – заман талабы. Бұл ретте біліктілік талаптарына сәйкес оқытудың белгілі бір бағыты бойынша (прокторинг, ақпараттық жүйе, цифрлық контент, кадрлар және т. б.) жеке лицензия алу міндетті болады", – деген еді министр. 

Қазіргі таңда ведомство мәліметінше, жоғары оқу орындарында білім алу үшін онлайн оқыту жүйесі кезең-кезеңмен енгізілуде. Ал онлайн түрде білім беру үшін университеттер дайындықтарын растап, лицензия алуы керек. 

“Онлайн-оқыту тек цифрлық (сандық) инфрақұрылымы бар, ІТ-біліктілігі расталған педагогикалық кадрлары бар, студенттің оқу бағдарламасын онлайн игеруге қажетті оқу ресурстары мен ақпараттық жүйесі жасақталған жоғары оқу орындарына рұқсат етіледі. Яғни, онлайн оқыту үшін оқу орны арнайы лицензия алады. Онлайн жүйе бойынша оқуға қабылданған студенттердің барлық білім алу кезеңіндегі цифрлық ізі, сабақ процесі және жетістерін бағалауда прокторинг жүйесі қолданылады. Осындай талаптарға сәйкес келетін жоғары оқу орындары дайындау бағыттары бойынша лицензия алуға мүмкіндігі бар. Лицензиялау процедурасы "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Заңға сәйкес жүзеге асырылады”, – деді ведомство өкілдері. 



Министрлік өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, алдағы уақытта жаңа жүйе бойынша оқытылатын мамандықтар тізімі құрастырылмақ. 

“Мысалы, дәрігер немесе құрылысшыны қашықтықтан оқытып даярлай алмаймыз. Қазіргі күні онлайн-оқыту нысаны бойынша оқытуды жүргізуге рұқсат етілмейтін дайындау бағыттарының тізімі жасақталуда, заң қабылданғаннан кейін бекітуге ұсынылатын болады”, – делінген министрлік жауабында. 

Айта кетсек, бұған дейін білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев осыған байланысты онлайн университеттер пайда болуы мүмкін екенін айтқан. Алайда білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда бұл туралы айту әлі ерте. 

“Жоғары білімді дәстүрлі күндізгі бөлімде оқыту міндетті түрде жалғасады. Онлайн-оқыту нысаны жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттары бойынша лицензияланатын болады. Лицензия алғаннан кейін университеттер осы бағыттар бойынша дәстүрлі күндізгі оқытумен қатар, онлайн оқытуға мүмкіндік алады”, – дейді министрліктен. 

Қазіргі таңда онлайн оқу жүйесін енгізуді қамтитын заң жобасы ҚР Парламентінің Сенатында қарастырылуда. Заң жобасы қабылданғаннан кейін оны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін нормативті-құқықтық актілер енгізіледі. Осыдан кейін жоғары оқу орындары лицензия алуға өз өтініштерін бере алады.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 31 Наурыз, 2022 13:13
Талқылау