Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Несие, ипотеканы жеңілдетіп, жемқорлыққа қарсы жұмыс істейді": Еліміздегі "Проблемалық кредиттер қоры" туралы не белгілі

"Проблемалық кредиттер қоры" АҚ (бұдан әрі – қор) Қазақстанның қаржы жүйесін тұрақтандыру мақсатында банктердің проблемалық активтерін сатып алу және басқару үшін құрылған мекеме. Қордың басты міндеті – екінші деңгейлі банктердің балансын "уытты" кредиттерден тазарту, оларды қайта құрылымдау, экономикалық айналымға тарту және сату. Бұл шаралар банк жүйесінің тұрақтылығын сақтауға, дефолт деңгейін төмендетуге және экономикалық тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді.

2012 жылы Ұлттық банк жанынан құрылған сәттен бастап қор қаржы саласындағы өзгерістерге бейімделе отырып, бірнеше даму кезеңінен өтті. 2017 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің басқаруына беріліп, мемлекеттік дағдарысқа қарсы құрал ретіндегі рөлін күшейтті. Бүгінде Қор активтерді электрондық сауда арқылы өткізу үшін цифрлық технологияларды белсенді пайдаланады, жеке инвесторларды тартады, сондай-ақ, қарыздарды қайта құрылымдау механизмдерін әзірлейді.

Айта кетерлігі, қор тек таратылуға жататын немесе таратылған екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) активтерімен жұмыс істейді. Яғни, қор жұмыс істеп тұрған банктердің активтерін сатып алу немесе басқарумен айналыспайтынын, керісінше, ЕДБ қызметі тоқтағаннан кейін қалған проблемалық активтерді реттеуге басымдық береді дегенді білдіреді. Мұндай стратегия қаржы жүйесін уытты активтерден тиімді тазартуға, дефолттардың экономикаға әсерін мейлінше азайтуға мүмкіндік береді.

Әлемдік тәжірибе: проблемалық активтермен жұмыс істейтін қорлар қалай жұмыс істейді?

Қазақстан өзінің ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, Ирландиядағы NAMA және Испаниядағы Sareb үлгілеріне ұқсас тәсілді қолданады. Мәселен, Оңтүстік Кореяның KAMCO компаниясы проблемалық активтерді басқаруға жеке инвесторларды белсенді түрде тартады. Қазақстан да стресстік активтер нарығына жеке капиталды тарту механизмдерін қарастырады.
Қордың негізгі міндеттерінің бірі – ашық және тиімді проблемалық активтер нарығын құру, бұл банктерге нашар активтерін жеке инвесторларға сатуға мүмкіндік береді және мемлекеттің жүктемесін азайтады.

Проблемалық қарыз алушыларды сауықтыру стратегиясы аясында қор келесі қолдау шараларын жүзеге асырады:

  • қарызды қайта құрылымдау, бұл кәсіпорын-қарыз алушыларға қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіруге мүмкіндік береді;
  • талап ету құқығын инвесторларға беру, бұл қарызды өтеуге қосымша ресурстар тартуға жағдай жасайды.

Аталған шаралардың нәтижесінде:

  • берешек компаниялардың қаржылық-шаруашылық қызметі тұрақталып, олардың бизнесін жалғастыруына және Қор алдындағы қарыздарын өтеуіне мүмкіндік берілді;
  • 7 мыңнан астам жұмыс орны сақталды, бұл жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтты;
  • берешек компаниялар мемлекеттік бюджетке 54 млрд теңгеден астам салық төлемдерін аударды, бұл қазынаның кірісін арттырып, экономикалық белсенділікті күшейтті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент және халықаралық сертификаттау

Қор қаржы жүйесін сауықтырумен қатар, қызметінің ашықтығын арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.  

2024 жылғы 28 қыркүйекте CERT INTERNATIONAL s.r.o. ұйымы қордың сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестігін растап, арнайы сертификат тапсырды. Сертификаттау деректері IAF (International Accreditation Forum) халықаралық дерекқорында тіркелген: Iafcertsearch.org.

Сонымен қатар, 2024 жылғы 10 қазанда қор Қазақстанның мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің тізіліміне енгізіліп, сәйкестік сертификатын алды. Яғни, аталған сертификат Қордың сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесінің ұлттық стандартына сәйкестігін растайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесі – бір реттік қана шара емес, үздіксіз жетілдірілетін үдеріс. 2024 жылғы 15 шілдедегі келісімшартқа сәйкес, CERT International Қазақстан филиалымен бірлесіп, 2025–2026 жылдары аралық аудиттер өткізілетін болады. Сәйкесінше, бұл тексерістер қордың сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйесіне қажетті өзгерістерді енгізіп, осы бағыттағы жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді.

Қор қызметінің қорытындылары

2024 жылы қор проблемалық активтерді басқару және экономикалық айналымға қайтару бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді:

71 берешек компания бойынша 107 рет қарызды қайта құрылымдау жүргізілді;

  • 50 млрд теңгені құрайтын барлығы 1 555 жылжымалы мүлік объектісі (2024 жылы 1,075 млрд теңге) және жалпы сомасы 20,7 млрд теңге тұратын 163 жер учаскесі (2024 жылы 1,002 млрд теңге) мемлекеттік меншікке берілді;
  • электрондық сауда арқылы барлығы 1 668 актив (25 млрд теңге) сатылды;
  • Ұлттық қорға барлығы 121,3 млрд теңге аударылды.

Қорда халықаралық стандарттар негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйені енгізу, бизнес-процестерді цифрландыру және қарыздарды қайта құрылымдау механизмдерін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Алдағы жылдары қор әлемдік үрдістерге бейімделе отырып, жеке инвесторлар қатысатын стресстік активтер нарығын дамытуға басты назар аударатын болады.

Ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсету және әлеуметтік жауапкершілік

2024 жылы қордың маңызды бастамаларының бірі – күрделі қаржылық жағдайға тап болған ипотекалық қарыз алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету болды.

Жыл бойы қорға көптеген қарыз алушылар (ипотекалық несие иелері) өздерінің несиелік берешегін толық кешіруді сұрап өтініштер жолдаған болатын. Олардың өтініштерінің негізгі себептері:

  • әлеуметтік-материалдық жағдайының қиындығы;
  • ресми жұмыспен қамтылу мүмкіндігінің жоқтығы;
  • кәмелетке толмаған балалардың, мүгедек балалардың немесе қарт ата-аналардың асырауында болуы;
  • жалдамалы пәтерлерде немесе туыстарының үйінде тұру қажеттілігінің туындауы, т.б.

Әлеуметтік шиеленісті азайту және азаматтарға қолдау көрсету мақсатында, қор 2024 жылғы қаңтар және мамыр айларында 73 ипотекалық қарыз алушының берешегін толық кешіру шараларын жүзеге асырды. Бұл борышкерлердің несиелері БТА банкі мен АТФ банкінен қордың басқаруына өткен болатын. 

Аталған бастаманың маңызы:

  • азаматтардың қарыз жүктемесі азайды – борышкерлер несиелік міндеттемелерден босатылып, қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіруге мүмкіндік алды;
  • материалдық жағдай жақсарды – несие төлемдерінен босатылған азаматтар негізгі қажеттіліктеріне көбірек қаражат бөле алатын жағдайға жетті;
  • әлеуметтік тұрақтылық күшейді – Қордың шешімі қарызға батқан азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосты.

2025 жылға арналған жоспарлар

Қор проблемалық активтерді басқару, кредиттерді қайта құрылымдау, процестерді цифрландыру және жеке инвесторлармен өзара әрекеттестікті дамыту бойынша жұмысын жалғастырады.

Алдағы жылы қор проблемалық активтер нарығындағы ахуалды жақсартуға, активтерді сатудың жаңа механизмдерін енгізуге және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шараларын жетілдіруге бағытталған бастамаларды жүзеге асыратын болады.
Проблемалық кредиттер қоры – Қазақстанның қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды құрал, ол экономиканың дамуына және қаржы секторындағы ашықтықтың артуына үлес қосуда.

Талқылау