Сыртқы істер министрі Назарбаев пен Путиннің не туралы сөйлескенінен бейхабар екенін айтты
Премьер-министрдің орынбасары, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге сапарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Тілеуберді сыртқы істер министрлігі бұл сапарға дайындық жасамағанын атап өтті.
"Алдағы сапар жайлы сыртқы істер министрлігіне ескертудің қажеті жоқ. Бұл тікелей тұңғыш президенттің кеңсесі мен Ресей президенті әкімшілігімен келісіледі", – деді министр үкімет кулуарында.
Оның айтуынша, министрлік кездесуде қандай мәселелер талқыланғанынан бейхабар.
"Ол халықаралық қоғамдастыққа танымал, беделді саясаткер. Ресей президентімен кездесуге тыйым салынған жоқ қой. Оның үстіне, екеуі бұрыннан келе жатқан достар", – деді Тілеуберді.
Осы ретте Этноұлттық стратегиялар агенттігінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Кобринский Ng.ru порталына берген сұхбатында Назарбаевтың Путинге не үшін келгенін болжауға болатынын айтты.
Оның пікірінше, үш түрлі сюжет бар. Біріншісі – жеке басына байланысты кездесу.
“Ол өзіне және отбасына қолдау сұрауға келді. Оның кейбір туысқандары қаңтар оқиғаларына қатысқан деген нұсқа бар. Мүмкін, осы сюжет аясында ол Қазақстаннан Ресейге көшуді талқылаған шығар. Екіншісі - қоғамдық мәселе бойынша. Назарбаев іс жүзінде Қазақстанда император мәртебесіне ие болды. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін ол өзінің лауазымдары мен ықпалынан айырылды. Сонымен қатар, ол – жігерлі, ақылды, билікке бейім адам ретінде шешім қабылдау мәселелеріне қатысқысы келеді. Оған осы жетпей жүрген болуы мүмкін. Путинмен аймақтық ұйымдарда кейбір лауазымдарды талқылау мүмкіндігі бар”, – дейді ол.
Сөзінше, үшінші сюжет – әлемдік мәселе. Назарбаевтың делдалдық қызметте үлкен тәжірибесі бар.
“Ол Түркиямен, араб елдерімен жақсы қарым-қатынаста және англо-саксон әлемімен де жақсы тіл табысады. Бүгінгі күнге дейін ресми лауазымдарды атқармай және елеулі халықаралық беделге ие бола отырып, Путинмен де жақсы қарым-қатынаста бола отырып, ол Ресей мен мүдделі елдер немесе түрлі мәселелерді қарайтын елдер одағы арасындағы тамаша делдал. Мүмкін, бұл жерде Украинадағы қақтығыс талқылануы мүмкін. Сонымен қатар, Еуропалық одақ бұл қақтығыстан қалай шығу керектігін білмей отыр. Ал Назарбаев өткен жылы РФ мен Украина президенттеріне келіссөздер жүргізу үшін Қазақстан аумағын ұсынған болатын”, – дейді Кобринский.
Айта кетсек, 13 маусымда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Назарбаев Путинді Ресей күнімен құттықтады.
Сондай-ақ олар екі ел арасында қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толуына орай бір-біріне жылы лебіздерін жеткізді.