"Бағасы Еуропадан 10 есе төмен": Қазақстанға БАӘ, Ұлыбритания, Германиядан шетелдіктер медициналық көмек алуға келеді

Фото: freepik.com
2021 жылдан бері Қазақстанға келетін медициналық туристер саны бес есе өскен. Министрліктің мәліметінше, бұл еліміздегі ем мен диагностика бағасының АҚШ пен Батыс Еуропаға қарағанда 10 есеге дейін төмен болуымен байланысты. Көптеген шетелдіктер кардиохирургия, онкология, стоматология мен чек-аптан өту үшін Қазақстанға келеді. Министрлік өкілі Stan.kz редакциясына шетелдік пациенттердің қызығушылығы мен медициналық туризмнің дамуы жайлы айтып берді.
Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнәр Сарсенбаеваның айтуынша, елімізге туристер әртүрлі мемлекеттерден келіп жатыр.
“Медициналық туристердің ең көп ағыны Қытай, Үндістан, Түркия, сондай-ақ Еуропа, Америка, Шығыс және Орталық Азия елдерінен, Таяу және алыс шетелдерден, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінен, Ұлыбританиядан, Германиядан, Армениядан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан және басқа мемлекеттерден тіркелді. Олар медициналық қызметтер сапасының "алтын стандарты" – Joint Commission International (JCI) халықаралық аккредитациясы бар жетекші ұлттық клиникалар мен ірі өңірлік орталықтарға жүгінеді”, – деді ол.
Гүлнәр Сарсенбаева шетелдік азаматтарға ақылы болған қызмет өз азаматтарымыз үшін тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі аясында қолжетімді екенін алға тартты.
“Шетелдік науқастар көбіне кардиохирургия, онкология, радиология, репродуктивті технологиялар, нейрохирургия, офтальмология, ортопедия, стоматология және кешенді тексерулерге қызығушылық танытады. Қазақстан медицинасының басты жетістіктерінің бірі – протондық терапия, гамма-пышақ, робот көмегімен жасалатын операциялар және заманауи цифрлық диагностика сияқты озық технологиялардың енгізілуі. Осының арқасында еліміз Орталық Азияда медициналық инновациялар бойынша көшбасшы атанып отыр”, – деп қосты ол.
Маманның айтуынша, туристер үшін біздің елдегі медициналық қызметтер бірнеше есеге арзан.
“Қазақстанның денсаулық сақтау саласы медициналық туризмді дамытуға үлкен мүмкіндікке ие. Елге келетін пациенттер үшін қызмет көрсету аясы кеңейіп, бағалар шетелмен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді. Мысалы, КТ, МРТ немесе ангиография сияқты диагностика түрлері АҚШ пен Батыс Еуропаға қарағанда 5–10 есе арзан, ал тамырларды стенттеу Израиль, Оңтүстік Корея және Германия клиникаларындағы бағадан 2–3 есе төмен.
Қазақстан медицинаны туризммен ұштастыруға бағытталған халықаралық бастамаларға да белсенді қатысады. Ел бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Дүниежүзілік туризм ұйымы үйлестіретін Денсаулық сақтау және туризм серіктестері коалициясының мүшесі болып табылады”, – деді Гүлнәр Сәрсенбаева.
-
Қазақстанда әйелдерге жүктілікке қарсы тегін контрацептивтер беріле бастады
-
1 миллионнан астам сақтандырылмаған қазақстандық тегін емделеді
Маман бүгінде туристердің көпшіліг JCI стандарттары бойынша аккредиттелген еліміздегі мынадай жетекші ұлттық медициналық ұйымдарға жүгінетінін алға тартты:
- "University Medical Center (UMC)" КҚ;
- Ұлттық нейрохирургия орталығы;
- "Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты" АҚ;
- "Ұлттық балаларды оңалту орталығы" КЕАҚ;
- Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы;
- Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталы;
- Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының ауруханасы;
- "Үміт" халықаралық Томотерапия онкологиялық орталығы" ЖШС.
"Жастар практикасы" арқылы жұмыс таптым": Қазақстандық колледж түлегі кілем фабрикасында еңбек жолын қалай бастағанын айтып берді