Халық елде жұмыс жоқ, үкімет 500 мыңға жұмыс істейтін адам жоқ дейді: Елде жоғары айлықты кімдер алады?
Қазақстандықтар 500 мың теңгеге жұмыс істегісі келмейді. Кейбірі арнайы білімі мен тәжірибесі болса да, ұсынылған жұмыстардың жалақысы мардымсыз деп бас тартатын көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Enbek.kz сайтында 980 мың теңгеге дейін жалақы ұсынатын 36 мың, 350 мың теңгеден жоғары ақысы бар 3700 жұмыс бар. Біз 500 мың теңге жалақы ұсынатын жұмыстар расымен бар-жоғын тексеріп көрдік. Сайтты ақтарсақ, көп вакансия "150 мыңнан басталады" кейбірінде нақты жалақы жазылмаған. 500 мың теңгеден жоғары жалақы ұсынатын жұмыстар расымен көп. Мысалы автобус жүргізушісі үшін айына 600 мың теңге ұсынған, бірақ 3 жыл тәжірибең болуы керек.

Ал егер инженер болып 700 мыңнан жоғары жалақы алғың келсе, жоғары білімің, 3 жыл тәжірибең және біліктілігің болуы шарт. Ал электравоз машинисі болып 500 мыңнан жоғары алғың келсе, жоғары білімің болуға тиіс. Ал электрик, дәнекерлеуші, сантехник, жүк тиеуші, т.б маман иелерінің жалақысы 350 мыңнан аспайды.
Неліктен жұмыс берушілер жоғары жалақы ұсынып, жұмысшы таба алмай отыр? Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, қазір 500 мыңнан да көп жалақы бар. Мысалы агроном, IT мамандары үшін кәсіпкерлер 1 миллион 800 мың теңге ұсынатын көрінеді. Ал жұмыс іздеушілердің ішінде аталған саланың маманы болмағандықтан вакансиялар ұзақ уақыт бос тұрады дейді.

“Жоғары біліктілікті талап ететін инженер, агроном, жасанды интеллект бойынша мамандықтарға мемлекет пен кәсіпкерлердің маман таппай жатқаны рас. Ірі агрохолдингтер жоғары жалақы ұсынса да вакансиялар бос тұр. Жергілікті халық жұмыс таппай жүргені олардың біліктілігі Enbek.kz сайтындағы қажет адамдардың біліктілігіне сәйкес келмейді. 500-800 мыңнан бөлек, 1 800 000 мың теңгеге адам ізделуде. Сондай вакансиялар көп жағдайда жабылмай жатады. Сондықтан қарапайым азаматтар мемлекет ұсынатын әртүрлі тегін оқуларды оқып, біліктілігін көтеріп, жоғары жалақы алуға тырысуы керек. Қазір 500 мың теңге жалақы ұсынатын дәнекерлеуші, электрикті көп іздейді. Бірақ келісетін адам жоқ. Жастар кеңседе отырғысы келеді, қол жұмысынан қашады”, – дейді Айбар Олжаев.
Жас кәсіпкер Ақжол Жеңісхан жеке кәсіппен айналысады. Ол жақсы табыс ұсынатын бос вакансия ашқанына біраз болған. Бірақ қарапайым донер жасаушы болып ешкім істегісі келмейді дейді.
“Қазір елімізде бос жұмыс орындары аз емес. Бірақ өкінішке қарай, көп жастар қарапайым еңбекке араласқысы келмейді. Таныстарымды жұмысқа шақырсам, қара жұмыс істегісі келмейді, ал кейбірі дөнер жасау сияқты адал кәсіптен ұялады. Өзіммен жасты жігіттердің көбі бірден 200 мың теңгеден жоғары айлық сұрайды, бірақ іс жүзінде жұмыс істеуге құлшынысы жоқ. Бүгінгі заманда мемлекетке қарап отыратын уақыт өтті. Әркім өз еңбегімен нәпақасын тауып, кәсіп жасап, тәжірибе жинауы керек. Ең бастысы адал еңбек пен табандылық. Кішкентай істен ұялмай, еңбектен бастау үлкен жетістікке апарар жол”, – дейді Ақжол.
Еңбек нарығындағы табыс деңгейін білу мақсатында көшеге шығып, тұрғындармен тілдесіп көрдік.

“Жұмыс жоқ емес, бар. Мысалы мен көше сыпырып жинағаным үшін айына 200 мың теңге аламын. Пәтерақы бар, азық-түлік бар. Қолға мал ұстаймын, ақша жетпегенде соны сатып күн көріп жатырмыз. Жоғары жалақы алу үшін білім мен біліктілік керек. Мысалы автобус жүргізушісі үшін тәжірибе болуы керек. Электрик те бола алмаймын, оның да оқуын бітіруім керек”, – дейді тұрғын.
Ал көше жөндеушілер айына шамамен 500 мың теңге табады екен. Төрт баласы бар, отбасылы жігіт жалақысы күнкөріске жетпейтінін айтса, бойдақ жұмысшылар табыстарына қанағаттанатынын жеткізді.

“Сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейміз. Айына 500 мың теңге табыс табамын. Менің төрт балам бар. Дүкенге бір кіргенде 30-40 мың теңге жұмсаймын. Бұл жігіттер бойдақ болған соң артық шығыны жоқ. Табысымызды арттырып, басқа жұмысқа тұру үшін білім керек. Enbek.kz сайтында жұмыстар бар. Бірақ жоғары жалақыға талап көп. Тәжірибе сұрайды”, – дейді тұрғын.
"Құрылығының құны 1-3 млн теңге аралығында": Қазақстандықтар қант диабетінің әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарынан алынғанына наразы
