Бір жастағы сәби пойызда күйіп қалған: Анасы жолсеріктер жалған құжат жасағанын айтты
Әлеуметтік желіде Альбина Ташмұхамедова есімді келіншек кішкентай баласы пойызда күйіп қалғанын және бұл іске қатысты тергеу амалдарының тоқтатылуын негізсіз деп санайтынын жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Ораза кезінде менің емшектегі сәбиім пойызда күйіп, өліп қала жаздады. Пойызда күйіктен бөлек жолсеріктер ашық жарақатқа тіс пастасын жағып, үстіне сұйық май құйды. Бейнеу станциясында тиісті мамандандырылған көмек көрсетілмеді. Қылмыстық кодекстің 344-бабы 1-тармағы "Қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін немесе теміржол, әуе, теңіз немесе өзен көлігін пайдалану ережелерін бұзу" бойынша іс қозғалған", - деп жағдайдың мән-жайын түсіндірді.
Альбина Ташмұхамедованың сөзінше жолсеріктер өздерінен кінәні алып тастау үшін жалған құжат жасаған.
"Тергеу нәтижесінде жолсеріктер бірінші тіс пастасын, сосын су май жаққаны дәлелденген. Жолсеріктер менің жедел медициналық көмектен бас тартқаным туралы жалған құжат жасаған. Қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына, дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты тоқтатылды. Тіпті олардың жалған құжат жасағаны да есепке алынбады", - дейді келіншек.
ҚР көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі іс қылмыстық әрекеттің болмауына, айыптаудың негізсіздігіне байланысты тоқтатылғанын айтты.
"2019 жылдың 15 қыркүйегінде Маңғыстау көліктік полицияның тергеу бөліміне азаматша А.Р. Ташмухамедованың атынан 2019 жылғы 03 маусымда Алматы-Маңғышлақ бағытындағы жолаушылар пойызында кәмелетке толмаған қызы, 2017 жылы туылған А.Ж. Ақжолтаеваның күйіп қалғаны туралы, шағым түсті. Іс Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 344-бабы 1-тармағы "Қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін немесе теміржол, әуе, теңіз немесе өзен көлігін пайдалану ережелерін бұзу" бойынша тіркелген. Сотқа дейінгі тергеу шеңберінде арызданушы А.Р. Ташмухамедованың дәлелдері толығымен тексерілді. Тергеу барысында теміржолшылардың кінәсі анықталмады", - дейді көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
2020 жылы 14 ақпанда қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл шешіммен өтініш беруші А.Р. Ташмухамедова және қадағалау органы толығымен келіскен.
Еске салсақ, Алматы-Бейнеу пойызы күрт тоқтау салдарынан үстелдегі бір стакан қайнаған су аударылып, қыздың үстіне құлады. Оның мойны, иығы, қолтығы күйіп қалды.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
