"Мемлекетті де әйел басқаруы мүмкін": Болат Әбділманов отандық киноны сынап тастады
Танымал актер Болат Әбділманов отандық “Жезтырнақ” атты кинотуындыны сынап, өз ойын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/bolat.abdilmanov/
Киножұлдыз аталған фильмнің сюжетін сынап, ер адамдарды әйелдің айтқанынан шыға алмайтын жан ретінде көрсеткеніне ашуланды.
“Жақында кинотеатрдан "Жезтырнақ" деген фильм көрдім. Киноның жетістіктері, жалпы тартымдылығы кәсіби деңгейде. Оған дау жоқ. Актерлардың ойыны, кадрдан кадрға ауысуы, бүкіл бет-пішін, көзқарасы – бәрі өз орнында. Актерлық ансамбль бар. Актерлар да өз рөлдеріне сай келіп тұр. Халықты сендіріп ойнады. Бірақ менің айтайын дегенім бұл емес еді. Жалпы фильмнің мазмұны, идеясында ойланатын дүние бар. Бұл кинода әйелдер бәрін қырып салады, еркектер бір жүрген сорлы. Еркек емес, телпек, жігіт емес, мілік. Әйелдердің айтқанынан шыға алмайды, әйелдің өзінің барлық физикалық күшін көрсетіп, сол жерде жеңімпаз болады", – деп бастады әңгімесін өнер иесі.
-
Дінтанушы Ардақ Байғабыл: Әйелдер білімсіздігі мен тәрбиесіздігінің салдарынан ажырасады
-
Нұрлан имам: "Әйелінің мәселесін шеше алмайтын еркектер көбейді"
Әбділманов бүгінде әйелдер мен ер адамдардың орны ауысып бара жатқанын айтты.
"Әйелдің қаруы оның күші ме? Әйелдің қаруы – жүрегінің жұмсақтығы, нәзіктігі, сабырлығы, ақылында емес пе?! Әйел затының көз жасының алдында ерімейтін қара тас жоқ. Кез келген еркек әйелдің алдында оның әлсіздігін көргендіктен оны құрметтейді, қадірлейді. Ал енді қазір әйел мен еркектің орны ауысып бара жатқан секілді. Отбасында әйелдің басшы болуы, ертең мемлекетті де әйел басқарады дегенге әкеліп тұр. Енді өздеріңіз ойлаңыздар. Осы жерді қорғайтын баланы рухты, намысты, мінезді ұрпақ қылып қалай тәрбиелейміз?!”, – деп ойын бөлісті актер.