Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бағаның өсуі - уақытша фактор": Қазақстанға ресейліктердің көптеп келуі ел экономикасына қалай әсер етеді?

Ресей президенті Владимир Путин 21 қыркүйекте жартылай мобилизация жариялағаннан кейін ресейліктердің көпшілігі елден кетуге асықты. Әскерге шақыру басталған күннің ертесіне-ақ, көршілес елдердің шекарасында ұзын-сонар кезек пайда болып, адам ағыны артты. Оның ішінде Қазақстан да бар. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, мобилизация туралы жарлықтан бері елімізге 98 мыңға жуық ресейлік келген. Әлі де келіп жатыр. Көш дүрбелеңінен кейін ел аумағында жалдамалы пәтер мен жылжымайтын мүліктің бағасы шарықтап, қарапайым халық зардап шегіп қалды. Stan.kz тілшісі ресейлік эмиграцияның жаңа толқыны мен қосымша жұмыс күшінің экономикамызға қалай әсер ететінін сарапшылардан сұрап білді.

Казахстан Рос шекара 2022

Дереккөз РИА Новости

Эмиграцияның жаңа толқыны

Экономика шолушысы Айбар Олжаев елімізге ресейліктердің көш толқыны 24 ақпанда басталғанын еске алады. Ал қазіргі екінші толқын стихиялы түрде жүзеге асып жатыр, дейді ол.

"Бұл екінші толқын, ал бірінші толқын 24 ақпанда басталған еді. Ол кезде қашықтан жұмыс істейтін, ІТ мамандар бізге келген. Біз олармен бірге жұмыс істедік. Енді екінші толқын үлкен стихиялы түрде жүзеге асып жатыр және ең басты қауіп – біз жағдайды бақылаудан шығарып алмаймыз ба деген сұраққа келіп тіреледі. Біздің ішкі істер органдары, миграция, Ұлттық қауіпсіздік органдары барлығының қуаты жете ме? Себебі екінші толқынның көлемі үлкен болып тұр. Халық арасында дүрбелең басталды", –  дейді сарапшы.

Олжаев қазір елімізге ресейліктердің көптеп келуінен экономикаға қысым түсетінін айтады. Экономисттің пікірінше, еліміздегі экономикалық белсенді халық саны 9 млн, сол себепті көшіп келіп жатқан адамдар қай жаққа қоныстанады, сол орынның экономикасына үлкен қысым береді. 

"Қазіргі бірінші қысым – тұрғын үй нарығына түсіп тұр. Ол түсінікті. Осы күннен-ақ жалдамалы пәтер болсын, қонақ үйлер болсын ол жақтағы қысымды көріп отырмыз. Екінші қысым, халыққа көмек көрсету орталықтарының құрылымына келеді. Үшіншіден, бізде валюталық қысым болады. Өйткені бізге осы күнде шамамен 6 млрд рубль қолма-қол ақша келді. Ол ақша біздің қаржы жүйемізге қаншалықты қажет? Қаржыгерлердің есебінше, Қазақстанда 50 млрд рубль бар. Ол ақшаға тағы 6 млрд қосылса, біздің қаржы жүйемізге қауіп төндіреді. Қандай қауіп болуы мүмкін? Егер рубль алда-жалда санкция әсерінен қатты құнсызданып кететін болса, онда біздегі 56 млрд рубль құнсызданады да, біздің банктер шығынға отырады. Бұл банктердің капиталдағы тұрақтылығын азайтуы мүмкін", –  деп түсіндіреді маман.

Сарапшы қысымның тағы бір ұшы біздегі инфляция көрсеткішіне тиетінін айтады. Қазір ресейліктер өз ақшаларымен келіп жатыр және осы сәттен бастап тұрғын үй бағасында, сауда-саттықта инфляция байқалып жатыр. Осы жағдайлардың барлығын бақылауда ұстау қажет, деп жалғады ол.

Пәтер бағасының өсуі жалғаса бере ме?

Айбар Олжаев биліктің ылғи баға мәселесін жіті бақылауда ұстап тұратынына сенім білдіреді. Сарапшы бұл сенімін Ұлттық қауіпсіздік комитеті кімнің қай жаққа өткендігінен, ішкі миграция кімнің қай жақта жүргендігінен, ал ішкі істер органдары ішкі тәртіпті сақталуын қадағалап отырғандығымен байланыстырады.

"Елімізде келген адамдарға тұрғылықты мекенжайын тіркегеннен кейін 90 күн жүруге рұқсат етіледі. Одан кейін тиісті құжаттарын көрсетпеген азаматтар елден шығуы керек. Жауапты мекемелер шығуы қажет азаматтардың барлығын шығара алады ма? Бұл да бір сұрақ. Дегенмен қазіргі уақытта жағдайдың толық бақылауда екенін көріп отырмыз", – дейді ол.

Айбар Олжаев соңғы урбанизациялық процестердің күшеюі мен сырттан адамдардың келуі пәтер бағасының өсуіне ықпал еткенін жасырмайды. Сондай-ақ ол үлкен қалалардағы пәтер бағалары әзірге түседі деп айтуға әлі ерте екенін жеткізді. 



"Пәтер бағасына да екі жақты қысым келіп тұр. Сондықтан кішкене ғана сұраныс бағаны өсіріп жібереді. Баға өзінің шарықтау шегіне жеткенін көруіміз мүмкін, бірақ жағдай тұрақталғаннан кейін ол өз орнына түседі. Бағаның өсімін де көреміз, баға динамикасының төмендейтініне де куә боламыз. Жалпы елімізде пәтер бағасының өсуіне себеп болатын фактор жоқ, қазір маусымдық фактор тұр. Ол – шетел азаматтарының келуі. Өздеріңіз жақсы білетіндей, ресейліктер бізден пәтер сатып ала алмайды. Олар тек жалдап ғана тұрады, оның үстіне олардың барлығының бізге көшіп келіп, тұрақтаймыз деген ойларының болуы да екіталай", – деп қосты экономикалық шолушы.

Ресейліктердің көптеп келуі елдегі жұмыс күшіне қалай әсер етеді?

Айбар Олжаев ресейліктердің Қазақстанда тұрақтап қалуы жұмыс мәселесіне қатысты екенін айтады. Ал біздегі пәтер бағасының қымбат шағында ресейліктер өз шығындарын толық жаба алмайды деп түсіндірген маман сол себепті олардың жалақысы жақсы, баға тұрақтылығы орнаған елдерге баруға тура келетінін жеткізді.

"Белгілі бір елде тұрақтап қалып, барлық шығындарды жабу үшін ол елде тұрғылықты жұмыс табуың қажет. Ал біздегі пәтер бағасының қымбат шағында ресейліктер өз шығындарын толық жаба алмайды. Сол себепті оларға жалақысы жақсы, баға тұрақтылығы орнаған елдерге баруға тура келеді. Ол, мысалы, Таиланд болуы мүмкін. Өз басым ресейліктер Қазақстанда тұрақтап қалады дегенге сенбеймін. Өйткені бізде өмір сүру мен адамдардың алатын табысының коэффициенті қымбаттау. Бізде тек осында туыстары бар, тұрақты жұмысқа орналаса алатын, бір сөзбен айтқанда қолдауы бар азаматтар ғана қалады деп ойлаймын", – деп түсіндіреді ол.



Сарапшы сондай-ақ елге келген ресейліктердің жұмыс күшіне қалай әсер ететініне тоқталды. Айбар Олжаев Қазақстанда мамандар тапшылығы ашық сезілетін жұмыс орнын ресейлік мамандармен орнын толтыруды тиімді шешімге балайды.

"Бізде екі мәселе бар, біріншісі жұмыссыздық, екіншісі белгілі бір мамандыққа қатысты кадр тапшылығы бар. Мысалы, жұрттың барлығы кардиохирург емес. Бізде атаулы мамандықтар бар, меңгерілуі қиын. Әсіресе медицина саласында. Осы медицина саласында бізде өте үлкен жетіспеушіліктер бар. Сондықтан менің ойымша, ресейліктердің арасында бізде жетіспейтін мамандар болса, солардың көмегімен орнын толтыру – тиімді шешім. Себебі бізге медицина мектебінің қалыптасуы қажет", – дейді ол.

Экономист жалпы жұмыс күшіне байланысты басымдық қазақстандықтарда болатынын ашып айтты. Маман бұл ойын ресейліктерді жұмысқа алу процедурасы және оларға айлық төлеу процедурасы кішкене қиындау болатындығымен түсіндірді. Дегенмен ол осы жағдайды пайданалып бізге қажетті мамандықтар келіп жатса, соның орнын жапқан дұрыс деп есептейтінін тағы бір баса айтты.

"Олар турист те, босқын да емес"

Саясаттанушы Досым Сәтпаев елімізге ресейліктердің көптеп келуінен қоғам арасында күдік пен дүрбелеңнің туындағанын айтады.

"Ресейдегі мобилизацияға байланысты басталған орыстардың жаппай Қазақстанға қоныс аударуымен болып жатқан жайттар әлеуметтік-экономикалық және этносаралықтан бастап саяси деңгейге дейінгі әртүрлі деңгейдегі ықтимал оқиғалардан тұрады. Билік тағы да барлық жағдай бақылауда дегендей кейіп танытып отыр. Пандемия кезінде де жағдай толық бақылаудан шығып қалғанға дейін осылай айтып келген еді", – дейді Сәтпаев.

Ол алдағы уақытта да Ресейдің шекараны жауып тастауынан қауіптенген ресейліктердің Қазақстанға ағыны арта түсетінін болжайды. Алайда "Қазақстан жеріне келіп қойған мыңдаған ресейліктермен не істейміз?" деген сұрақ күн тәртібінде тұр. Өйткені көп ұзамай олардың кейбірінің ақшасы да, күнкөріс үшін барлық құралдары да таусылады, дейді Сәтпаев.

Досым Сәтпаев ел шекарасынан асып жатқан ресейліктердің турист те, босқын да емес екенін түсіндірді. Сөзінше, Ресей тұрғысынан бұл азаматтар – ел қорғаудан қашқан қылмыскерлер. Сол себепті олардың біразы елде заңсыз қалуға тырысады, екінші бөлігі егер Ресей Қазақстаннан қайтаруды талап еткен жағдайда басқа елге қашады, ал үшіншілері тұруға рұқсат қағаз алуға тырысады.



"Бұл болжамдардың әрқайсысы үшін үкіметтің нақты дағдарысқа қарсы жоспары болуы тиіс. Әлбетте билік ел аумағында тұру үшін рұқсат қағазын алу оңай еместігіне сендіргісі келеді. Алайда жемқорлық жолымызды бөгей береді. Мұның барлығы Қазақстан тарапынан көші-қонды бақылауды күшейту қажеттігін, тұруға рұқсат қағазы мен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу ережелерін қатаңдату керектігін көрсетеді", – дейді Досым Сәтпаев.

Қазіргі жағдайда шекараны жапқан дұрыс па?

Экономикалық шолушы Айбар Олжаев қазір жағдай тұрақты екенін алайда үкімет барлығына дайын болуы керек екенін айтады. 

"Менің ойымша, жағдайдың қызыл шегі болады. Егер жағдай қызыл сызықтан асып бара жатса, президент шұғыл шекараны жаба алады. Бірақ қазір қабылданып жатқан шешімдерге қарап, құзырлы органдардың жағдайды бақылауда ұстайтынына сенемін. Сондықтан Қазақстан мен Ресейдің арасындағы келісімшарттарға сәйкес, барлық процедуралар өз қалпында жүріп жатыр. Алдағы уақытта да жағдайды бақылауда ұстаса шекара жабылмайды. Бұл мәселе қазір баршамыз "аттандайтындай" жағдай емес. Дегенмен мемлекет әркез қолын қызыл тетікке жақын ұстауы керек, кез келген уақытта шекараны жабуы үшін. Менің ойымша, 500-600 мың адам өтіп, жағдай критикалық межеден асқаннан кейін тосқауылдар қойыла бастады", – деді сарапшы.

Ал журналист Мұхтар Түменбай шекараны жауып тастау керек деген үндеудің орынды екенін, алайда реалист болғанды артық деп санамайтынын жеткізді. 

"Біріншіден, Қазақстан бүкіл әлемдік қауымдастықтың ажырамас бір бөлігі және сол қауымдастық алдында алған міндеттемелері бар. Соның ішінде әлем ұстанатын құндылықтарды бұзбауы тиіс. Мысалы жер бетіндегі барша адам баласы, ұлтына, нәсіліне, діні мен жынысына және басқасына қарамастан, барар елдің талаптарын орындаса, заңдарын бұзбаса немесе қылмыс жасап іздестіруде болмаса, кез келген мемлекетке емін-еркін баруына шектеу болмауы тиіс. Сол себепті Қазақстан да ондай шектеу қоя алмайды. Ол халықаралық нормаларға қайшы келеді", –  деп түсіндірді ол.

Түменбай Ресеймен арадағы 7500 шақырымдық ортақ шекараны жабу үшін кемінде 100-110 мың шекарашының қажет болатынын айтады.  

"Бар ма бізде ондай әскер? Қазақстан мұндай адам нөпірімен бұрын-соңды кезіккен емес. Мемлекет мұнымен қалай жұмыс істеу керектігін де білмейді. Тәжірибе жоқ. Сондықтан дәл қазіргі кезде еліміздің әрбір азаматы, мейлі ол жеке тұлға болсын, не мемлекеттік қызметкер болсын, бұл процесті қадағалауға атсалысуы қажет болып тұр. Бәріміз таңдай қағып тамсанатын Біріккен Араб Әмірліктерінде жергілікті халық 12% ғана. Соған қарамастан 88% шетелдікті тырп еткізбей уысында ұстап отыр. Бәріміз таңдай қағып тамсанатын Біріккен Араб Әмірліктерінде жергілікті халық 12% ғана. Соған қарамастан 88% шетелдікті тырп еткізбей уысында ұстап отыр", – деп түйіндеді Мұхтар Түменбай.

Талқылау