Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Медицинаға, дәрі-дәрмектер мен кітапханаларға салықты өсіруге болмайды – Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Айтмағамбетов журналист Әйгерім Есенәліге берген сұхбатында депутат ретінде медицинаға, дәрі-дәрмектер мен кітаптарға салықты өсіруге болмайтынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Депутат қазір медициналық көмекке жүгінетіндердің дені қариялар, аз қамтылған  отбасылар мен балалар екенін айтады.

“Қазірдің өзінде дәрі-дәрмектің бағасы удай қымбат. Оларға қосымша 10 пайыз салық қосылса, оның бағасы 10 пайызға өседі. Тіпті одан да көп болуы мүмкін. МӘМС-тің жағдайын бәріміз жақсы білеміз. Көп азаматтар өздері барып ақылы қызмет алуға мәжбүр. Салық қосылса, одан сайын қымбаттайды. Әрине, бұған жол бермеу керек. Әсіресе, бізде онкология, орфандық аурулар бар. Менің қабылдауыма келетін кейбір адамдар баласы үшін айына 1 миллион теңгеге, 25 миллион теңгеге дәрі алады. Сондықтар дәрілердің, ем-шараның бағасын көтермеуіміз керек”, – дейді депутат.



Баспа мәселесінде де өзге мемлекеттердің тәжірибесін мысалға келтірді.

“Анимация, қазақша мультфильмдер аз дейміз. Бірақ оларға салық салсақ, онда тіпті ешқандай мультфильм болмайды. Біздің көршілес мемлекеттер кітапқа салық салмақ түгілі, оларға субсидия беріп жатыр. Бұл – идеологиялық мәселе. Сондықтан біз мемлекеттік тілдегі қазақстандық баспаларды, кітаптарды қолдауымыз керек. Кітаптарға нөл пайыз қосымша құн салығын салуға түзету беріп жатырмыз. Қолөнер, креативті индустрия мәдениетке кіреді. Менің берген тағы бір түзетуім – қолөнер шеберлеріне, креативті индустрия қызметкерлеріне де жеңілдік жасап, көмектесу. Оны шығын ретінде қарастыруға болмайды. Керісінше, бұл кәсіптер біздің экономикамызға одан да көп ақша әкеледі”, – дейді Айтмағамбетов.

Бұған дейін мәжілісте жаңа Салық кодексі талқыланып, қосылған құн салығы бойынша шегі 40 миллион теңге мөлшерінде белгіленген еді. 

Талқылау