Мақсат Мұхитденов қызын сынағандарға тағы да жауап берді
“Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” телехикаясы айналасындағы дау әлі де жалғасуда. Бұған дейін қызын қорғаштап, алғаш рет сынаушыларға жауап берген түрколог Мақсат Мұхитденов бұл жолы да үнсіз қала алмады. Ол жыр нұсқаларын жіпке тізіп, түсіндіріп бергеннен кейін де сын жазып жатқандарға тағы да хат жолдады. Мақсат Мұхитденов қызын жемқор деп айыптағандардың жазаланатынын айтты, деп хабарлады “Ұлт” порталы.
Назарларыңызға Мақсат Мұхитденовтің сынаушыларға берген жауабын сол қалпында ұсынамыз.
Көгілдір экран арқылы көпке ұсынылып, көпшілік назарын аударған “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” сериялына қатысты өткен жолы өз пікірімді айтқан болатынмын. Сын қашан да бір жақты болмаған. Жүйесіз, жеке басқа шапшыған сынды жауапсыз қалдыра алмайсың. Датталғандардың да ақталуға қақысы бар. Күйе жаға беру – әділдік емес. Алайда, менің мақаламнан кейін іле-шала тағы жауап жазылған екен. Үнсіз қала алмадым.
Біріншіден, автор “Баянның әкесінің мақаласында” не жазылды екен, түсінейінші” деп оқымаған секілді. Әлде саралау сауатының деңгейі осы болды ма екен? Тіпті, автор сөз басында өз-өзін ұстап бергендей болады. “Мен өзім де жорамал жасап және оның өкінішке қарай шындыққа айналғаны жөнінде екі кішкентай пост жазып, «киноны көрмей ауырайын» деп тыныш жатыр едім, Баянның әкесінің мақаласы еріксіз қолға қалам алғызды…”, – дейді ол.
Өмірзақ Ақжігіт, сіз киноны көрмей тұрып қалай “кішкентай екі пост” жазасыз? Киноны көрмей пост жазып, менің мақаламның байыбына бара алмай өзіңізше білгішсисіз. Өзіңіз айтқандай, сериалдың екі-ақ сериясын көресіз де, Баянның әкесінің мақаласын быт-шыт қылмақ болып мақала жазасыз. Өте тылсым, ”жорамал жасаушы”, таптырмас кейіпкер екенсіз. Әрине, мен үшін емес “сатира саласы” үшін. Тапсырысты да маңдай термен өтеу керек емес пе?! Осы сіздің алдыңызда “сатираның сардарымын” дейтін, атынан ат үркетін бір қайраткер (атын естігеннен ауыл арасының әңгімесі болатын болды-ау деп топшылағанмын) өнерді бір қап ұнмен өлшеуді уағыздаған болатын. Оған да мақала арнауға көңілім кетіп, кейін айнып қалған едім. “Қойшы осы, Қазыбек Иса да шаршаған болар, мүмкін қояр” деп арқам кеңіп отыр еді. “Мақсат ағам өзіне сын көзбен қарамаған”, “Мақсат ағам қырт”, “Мынадай сөз саптастан, мынадай сөйлем құрудан кейін мен «мәдениеттанушы Мұхитденов» бар деп есептемеймін…” деп қиқулатып, алдыма топ ете түстіңіз. Өзіңізден көріңіз. «Анар ханым дейін десем, “ханым” тек қана ханда болар-ды. Анар бике, Анар бикеш дейін десем, ауырып қалыпсыз, жастар ауырмайды (?) ғой, Анар бише дейін десем, жұбайыңыз – күмән, байда ғана бише болады (бәйбіше/байбише)».
Сіздің сөзіңіз: “Бұл сөз бе, жоқ, сөздің б… ма? Әйелін «бәйбіше» деп күмәнсіз атайтындардың маңдайында Алланың басқан «Бұл – бай!» деген мөрі, немесе қолында адамдар берген «Пәленше Түгеншеұлы «бай» аталатын адамдар санатына қосылды» деген сертификаты бола ма екен? «Бай» саналмаса да 2 әйелі бар жандар жеткілікті, олар сонда бірінші әйелін қалай атауы керек?..”
Қазыбек Иса сіздің кім екеніңізді таныстырғанда, басы ауырса да, мақала жазды деген болатын. Көкем-ай, аяп кеттім ғой. Бұл жерде мынау бай, анау кедей деген ұғымдарды талқылап отырған ешкім жоқ. Сондықтан да “Бұл сөз бе, жоқ, сөздің б… ма? “ деген сұрағыңызды мен қоя тұрайын. Бұл жерде “бәйібше “ деген сөздің этимологиясы туралы бірер сөз.
Хош. Тағы басынан бастап түсіндіру қажет болып тұр. Бұл жерде Анар Төлеуханқызы дегенше, қысқартып, Анар бике дейін бе, әлде Анар бише дейін бе деген сұрағым еді. Сіз оны әспеттеп, өзіңіз байыбына бара алмай, мәдениетті түрде “Бұл сөз бе, жоқ, сөздің б… ма? “ деп келте қайырыпсыз. Байқасам, сөздің байыбына бара алмаған сияқтысыз. “Ханым” демеді дегендей кінәлай күстаналайсыз. “Анар ханым дейін десем, “ханым” тек қана ханда болар-ды”. Ханым тек қана ханда болмай ма? Қазақтың бәрі хан да, қатындарының бәрі ханым ба? Қандай жалпақ шешейлік. Анар бике, Анар бикеш дейін десем ауырып қалыпсыз, жастар ауырмайды (?) ғой. Қазақ қыздарға, жас әйелдерге бике, бикеш дейді. Яғни, бұл Анар Төлеуханқызының қандай жастағы адам екенін білмегеннен кейін айтқаным еді. “Анар бише дейін десем, жұбайыңыз – күмән, байда ғана бише болады (бәйбіше/байбише)”. “Жұбайыңыз күмән” дегенім Анар Төлеуханқызының жұбайының бар жоғын білмегендіктен еді. Сондықтан да бише дей алмадым, байда ғана бише болады (бәйбіше/байбише). Бұны үлкен мәселеге айналдырудың қажеті жоқ.
Қазақ әйелін, ондаған жыл отасып, кемеліне келе бастаған кезде байбіше деп құрметпен атай бастайды. Этимологиясы “байдың бишесі” яғни, өзінің (байының, күйеуінің) бишесі (әйелі) деген ұғымда. Ал енді тағы да түсініңкіремей тұрсаңыз, әрмен қарай құнтым жоқ.
Хош. Енді өзін журналшы санайтын Өмірзақ ініміз, Мақсат ағасына ҚЫРТ атағын сыйлап, оны тұрақтандыру үшін Абай атамыздан аталы сөз келтіріп «Қатын, боран басталмай тұрып т…п алғаным ақыл болған екен» деген екен. Қырт адам осылай сөйлеуінен белгілі болады екен. Ол аз болғандай бірде боксшы Попенченкодан, бірде Черномырдин ағасынан “аталы сөздер” келтіріпті, құдайға шүкір. Киевтің мэрі, боксшы Кличконың да “аталы сөздерінен” мысал келтіргенде тіпті қатып кетер еді де, “о, пірім-ай, ҚЫРТТЫҒЫМ дәлелденді” деп, шалқамнан түсер едім.
Журналист Өмірзақ мақаладан мына тұсты таңдапты: «Немесе мына бір тұсқа назар аударыңыз: «Құшағына өзі келіп құлаған қыздан бас тартатын қандай жігітсің?». Сериалдағы жігітке өзі асылған қыздың сөзі…» Сериалдағы жігітке өзі асылған қыздың сөзі дегенде, тағы да түсіндіруге тура келіп тұр. Сериалдағы жігітке өзі асылған қыздың сөзін “ұлттық салт-дәстүр жайлы білімі тайыз, дүбәра” (ардагер журналист апасының сценаристке берген мінездемесі) сценарист ауадан, иә, болмаса өмірзақшаласақ “ешуақытта қазақтың жанын ұғына алмайтынын” Баяннан да алған жоқ. Бұл эпостың Дәндібай Айтбаев нұсқасындағы Баянның Қозыға айтқан сөзі:
Ұйықтап жатқан Қозының жанына келіп Баянның айтқан сөзі:
“Жалғызым, мен қасыңа келіп тұрмын,
Көңлімді шыныменен беріп тұрмын.
Жапанға жалғыз біткен сен бір шынар,
Құлын-тайдай айқаспай болдым құмар”. Бабалар сөзі. 55 том.“Қозы Көрпеш – Баян сұлу” Дәндібай Айтбаев нұсқасы. 58 бет».
Осы жері түсінікті ме, Өмірзақ мырза?! Әлде тағы ежіктейін бе? Хош. Өмірзақтың өз сөзіне тағы жүгінейік. “Эпоста Баян ұйықтап жатқан Қозыға екеуінің өмірі аяқталардың алдында ғана келеді”. Осы жерде не айтайын деп тұрғаныңызды, сіз сияқты мен де түсіне алмадым. Жазғаннан кейін нақты дәлелді түрде айту қажет қой. Ол қай эпоста, кімнің вариантында, қай дереккөзде, дереккөздің қай бетінде деген сұрақтар маған да қызық болып тұр. «Қозын Эркеч» те ме, «Қозы курпес – Маян һылуда» ма, «Нарттардан» ба, «Калеваладан» ба, «Джангардан» ба, «Маадай харадан» ба, әлде «Олонхолардан» ба? Мына айтқан тізімдегілерді ысырып қойып, сіз қайдағы бір Попенченко, Черномырдиндерге сілтеме жасайсыз. Міне, деңгей – ШЫҢ, шымкетшілесек – “ЗЫҢ”.
Қазыбек Иса айтпақшы, «Сондықтан да ол «Қозы Көрпештің» барлық нұсқасын, 700 беттей томдарды оқып шықты көз майын тауысып, өзі ауырып отырса да” деуменен баға беріп, үкім шығаруға болмайды.
Айтақтаушыңыздың “Міне, нағыз сарабдал, салмақты сараптама, нақты дәлел!”. Баянның әкесінің келтірген дәлелдерінің тас-талқанын шығарды… Алла жар болсын Сізге, Өмеке!” деген сөздерін арандату деп түсініңіз. Және сіз жаңағы мен келтірген жауһарлармен де таныс болуыңыз керек. Ал мен үшін олар бер жағы ғана. Бұл мақтану үшін айтылған сөздер емес екеніне сеніңіз.
Айтақтаушыңыз сізді таныстырғанда: «Белгілі журналист, зерттеуші Өмірзақ Ақжігіт осы киноны Баян Есентаева түсіреді дегеннен-ақ, Қап, біз білетін Баян болса, енді бәрін бүлдіретін болды» – деп, аттандап еді. Қауіп еткеннен айтқаны айдай келіп, Баянның өзіне тартқан «Баян сұлуы» Мәңгілік махаббатың ұлы жырына парадия болып шықты. Сондықтан да ол «Қозы Көрпештің» барлық нұсқасын, 700 беттей томдарды оқып шықты көз майын тауысып, өзі ауырып отырса да. Ең бастысы, бұнда «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры мен киноның үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны, дәстүрімізге жат қылықтардың толып жүргені нақты ғылыми сараптамалықпен дәлелденді. Міне, нағыз сарабдал, салмақты сараптама, нақты дәлел! Баянның әкесінің келтірген дәлелдерінің тас-талқанын шығарды… Алла жар болсын Сізге, Өмеке!», – дейді. Ай, Қазыбек мырза, сіз де қатырасыз. Алдағы үш қадамның ар жағын көрмейтін адамға Алла қалай жар болады? Ұмытып барады екенмін, сіз безбендегендей “нақты ғылыми сараптамашының” мәссағаны: “Эпоста Баян ұйықтап жатқан Қозыға екеуінің өмірі аяқталардың алдында ғана келеді”. Не айтуға болады? Платоникалық махаббаттың теңдесіз көрінісі. Қозыекең марқұм Баянның маңдайынан бір искемей де кеткен екен-ау, бұны да біле жүрейік.
Айтбаев нұсқасындағы сценарист алған жерлерді (жаңағы ежіктеп түсіндірген) Өмірзақтың шалқымасы былай тәпсірлейді: “Айтбаев нұсқасын оқымасақ та, бойын ғашықтықтың ғаламат от-жалыны шарпыған Баянның жан-дүниесіндегі арпалысты, сол сәттегі, драманың шырқау шыңындағы көңіл-күйін әрбір ересек адам пайымдай алады деп ойлаймын. Енді осы екі жағдайдың арасындағы айырмашылық жер мен көктей екені көрініп тұрған жоқ па?”
Қарағым-ау, әлгінде ғана кинодағы Баянның сөзі мен жырдағы Баянның сөзі бір сөз екендігін ежіктеп түсіндіріп едік қой. Бұл жерде дана Абайдан мысал келтіру – сәтті теңеу емес. Өз сөзіңізге қайта орлайық:
«Бұл жерде дана Абайдың сөзі еске түседі. «Абай жолында» шәкірттерімен отырған Абайға: «Осы жұрт мені «қырт» деп қоймайды. Көп сөйлейтін адам қырт атанар болса, онда кеше Құнекем, бүгін Абай атануы тиіс еді, неге менің қыр соңымнан қалмайтынын…» деп Жұман қырттың шағымданатыны, оған Абайдың: «Ақсақал, қырт атану үшін көп сөйлеп әуреленудің қажеті жоқ. «Қатын, боран басталмай тұрып т…п алғаным ақыл болған екен» деген сөз жетеді» деп жауап беретіні бар емес пе? Бізде де соның кері келіп отыр ғой дейміз.
Олай деуімізге тағы бір себеп, тарихшы, түрколог, мәдениеттанушы ағамыз мақаласының «бісмілләсін» былай бастайды: «Байлығым 5 мыңға таман кітәп, фонотекамда бір мыңнан аса күй, бір мыңнан аса ән, термелер, бүкіл дерлік европа классикасы бар. Баян осы атмосферада өсті, сондықтан кейде ешкі апа бола алады, ал жездең теке деген түсінік жоқ. ”Әке – балаға сыншы”, сондықтан да “Алаш” сыйлығының иегерінен (Қазыбек Исаны меңзегені) өресі әлдеқайда жоғары». Бокстан 1964 жылғы Токио олимпиадасының чемпионы, Вал Баркер кубогын иеленген жалғыз кеңес спортшысы, МВТУ түлегі, техника ғылымының кандидаты Валерий Попенченконың «…И вечный бой» деген тамаша кітабы бар. Автор өзін осындай биікке жетуінің бір себебін жас бозбала кезінде өзінен бір-екі жас үлкен, «стиляга» жігіттің жаздыкүні болса да, тері костюм-шалбар киіп – елде ешкімде жоқ қой! – жүргенін, соншалықты ерсі екенін байқамағаны үлкен ой салғанын, сол күннен бастап өзіне сыртқы сыншы көзбен қарауды, өзін үнемі қадағалап отыруды үйренгенін жазады. Мақсат ағамыз да өзіне сын көзбен қарап үйренбегендіктен, соншама кітаптың Баянға қазақ тілін үйренуге септігін тигізе алмағанын, ал, ұлтының тілін білмеген, оның, әсіресе, қазақтың теңдессіз жырларын, өлеңдерін, ертегі-аңызарын оқып-түсіне алмайтын адам ешуақытта қазақтың жанын ұғына алмайтынын (бұл сөз тек Баянға ғана емес, барлық орыстілді қазақ ұл-қызға қатысты), ұғына алмағандықтан ол жүз жерден Тайбурылдай дара тұлпар болып тусын, Көбіктінің Көкаласына қанша тырысса да «12 күннің кемдігінің» кесірінен жете алмайтынын, сол себепті ұлтыма қызмет еттім дегендердің кейбір игі ойлы ісінің өзі «хотел как лучше, получилось как всегда» болып шығатынын түсіне алмай отыр. Сондықтан да, қызын “Алаш” сыйлығының иегерінен өресі әлдеқайда жоғары» деп, бос армандап та қояды. Қазақтың дарынды ақыны, ұлт мүддесін қорғаушы күрескер, қоғам қайраткері Қазыбек Иса мен Баян Алагозованың өрелерінің арасы жер мен көктей екенін елдің бәрі біліп, әке қиялына іштей күліп те отыр. Белгілі журналист Гүлмәрия Барманбекованы сотпен қорқытып қояды да, өзінің жас балаша «Иса ғ.с» деп, қазақ ақынының бабасының атын келекеге айналдырып отырғаны нағыз заң алдында жауап беретін әрекет екенін жетпістен асқанша жетесіне жетпегеніне таңым бар. Өкінішті-ақ. Кинодағы Баян өзін-өзі қорғай алмайды, өмірдегі Баян болса өзін, қазақша түсірген «Баян Сұлуын» орысша қорғап әлек. Оның үстіне сериалды қаржыландырудан коррупция иісі мүңки бастағаны да жазылуда желілерде. Кино, да и только…”
Енді Өмірзақ, өзің «қыртқа» теңеген ағаңның сөзіне құлақ сал. Бірінші абыз боксшыңызға киізген костюм-шалбарыңыздан, шалбарды алып тастаңыз. Білсеңіз, костюмге сіз сөз етіп отырған шалбар да кіреді. Егер Баянды қолдасам өз қызым, сіз сияқты басқа біреудің сойылын соғып жүргенім жоқ.
Менің түсінбейтінім, Баян сіздерге, әсіресе Қазыбек Исаға сонша не істеді?!
Сіздің сөзіңіз: “Белгілі журналист Гүлмәрия Барманбекованы сотпен қорқытып қояды да, өзінің жас балаша «Иса ғ.с» деп, қазақ ақынының бабасының атын келекеге айналдырып отырғаны нағыз заң алдында жауап беретін әрекет екенін жетпістен асқанша жетесіне жетпегеніне таңым бар”.
Тағы да тыңдаңыз, ардагер журналистіңізді сотпен қорқытсам оған себебім бар, ал “Алаш” сыйлығы иегерінің бабасында шаруам жоқ. Бұл жерде астарлы ойдың мәніне бойламай отырсыз. Нақтырақ айтсам, Иса пайғамбардың 12 апостолы болған. Ал сіздің досыңыз Қазыбек Исаның да сол шамалы шоқпарын соғушылары бар болуы керек, соның ішінде сіз де жүрсіз. Қазыбек Иса маған өкпелеудің орнына қуанбай ма, Иса пайғамбардың деңгейін теңестіргеніме. Әңгіме кімнің жетесі жайлы? Ал тайбурылға келсек, сіз айтқан ұғымда ол Көбіктінің көкаласы емес, Көбіктінің тарланына жете алмаған және де сіз айтқан Тайбурылдың 12 күндік кемдігі де қате болып шықты. Қашан қоямыз осы тисе терекке, тимесе бұқтаққа деп төпелей беруді?
Қашып барып Тарлан ат,
Шаһарға барып еніпті.
Жетпедім деп Тарланға,
Астындағы Бурыл ат,
Басын жерге салады.
Қырық үш күндік кемдігі ,
Бурыл атты қамады.
Құртқаның сөзі келді деп,
Батыр Қоблан санады.
Батырлар жыры. І том. Алматы 1986ж. 77 бет.
Өмірзақтың сөзі: “Қазақтың дарынды ақыны, ұлт мүддесін қорғаушы күрескер, қоғам қайраткері Қазыбек Иса мен Баян Алагөзованың өрелерінің арасы жер мен көктей екенін елдің бәрі біліп, әке қиялына іштей күліп те отыр”.
Осындай сөздерді оқығанда сіздің “ашса алақаныңызда, жұмса жұдырығыңызда” отырған қазақ елін елестетіп, мені де күлкі қыса бастады. Хош, ал енді Қазыбек Иса, мына сойыл соғарыңыздың “дүниесінің” либай жерінен ұстап алып, басын тұқыртуға болатынына көзіңіз жеткен болар, ерігіп те ерініп кеттім. Неге десеңіз, “еден деңгейіндегі” дәлелдерінің күлкі келтіретінін жеткізуге рұқсат етіңіз! Осы да жетер. Тағы бір қуанышты хабар, келесіде “сатира сардары” туралы мақалам да шығып қалар. Ал одан әрі көкірек көкжиегі кеңдеу (әлемге толса көкірек – ашылар көзі сананың Т. І.) біреуді “бәйгіге” қосқаныңыз дұрыс болар еді. Дұғай да дұғай сәлеммен: жәй ғана Мақсат Мұхитденов (мәдениеттанушы, түрколог, тарихшы да емес, бәрінен ада қылған Өмірзақ Ақжігіт деп білгейсіз).
P. S. Өмірзақ: “Оның үстіне сериалды қаржыландырудан коррупция иісі мүңки бастағаны да жазылуда желілерде. Кино, да и только…” Өмірзақ, осы иісті мүңкітіп жүргендердің де істі болатынына сізді сендіргім келеді.
Мақсат Мұхитденов
Жіберіп алмаңыз:
Әуезов театры директорының міндетін атқарушы тағайындалды
Данэлия Төлешоваға “Халық сүйіктісі” Ұлттық жүлдесі табысталады
Журналист Баянның фильмі жайында: Киемен ойнауға болмайтынын, киенің ұратынын ойлау керек еді
Ерлан Біләлді қорғаштаған актриса ел алдында жылап тұрып өлең оқыды