Қызылордада әйгілі басшының әйелі “жұмысқа тұрғызамын” деп жұрттың ақшасын жымқырған (фото)
Республикалық Stan.kz сайтының редакциясына «алаяқ» кісіге алданып, ақшамыздан айырылып қалдық деп ашынған қызылордалықтар хабарласқан болатын. Жалағаш ауданының тұрғыны Айман Мыханова есімді келіншектің сөзіне сенген олар, ендігі кезекте берген қаражатымызды қайтарып ала алмай жүрміз дейді.
Қызылорда қаласының тұрғыны Миуагүл Салиева көп балалы ана.
«Кіші балам жұмыс таба алмай қиналып жүрді. Содан жылдың басында Айман Мыханова есімді келіншекпен таныстым. Сол ұлымды ауруханалардың біріне жұмысқа орналастырып бере алатынын жеткізді. Алғашында қолына 300 мың теңге ұстаттым. Кейіннен тағы 70 мың беруімді өтінді. Қолхаттарының бәрі бар. Күйеуі Жалағаш аудандық Әділет басқармасының басшысы болып жұмыс істейтінін айтты. Сендік. Бірақ сол уақыттан бері уәде де орындалмады, ақшаны да қайтармады. Бірнеше мәрте үйіне де бардық. Сөйтсек ол кісіден ақшасын қайтара алмай жүрген жалғыз біз емес екенбіз», – деп ашынады Миуагүл апай.
Алданып қалған кісілердің сөзіне сенсек, Айман Мыханова біріне жұмысқа тұрғызып беремін десе, енді біріне аттестациядан өткен сертификатты жасатып беремін деген екен.
“Мен өз басым 350 мың теңге бердім. Араға бірнеше күн салғаннан кейін таныстарымнан ол кісі туралы ақпарат білдім. Ақшамды 2-3 ай қайтармай жүрді. Шыдамай, күйеуінің жұмысына бардым. Ол басшылық қызмет жасайтынын білемін. Құқық қорғау органдарына шағымданамын, облыстағы басшыларына барамын деген соң ақшамды қайтарды. Енді туысқан інімнің ақшасын қайтармай жүр. Бұл кісі сотқа бергендер де бар. Бірақ, әлі нәтиже болмай жатыр», – дейді тағы бір жәбірленуші.
Айман Мыханованың өзімен сөйлесу үшін телефон нөмеріне хабарласқан болатынбыз. Бірақ телефон тұтқасын алмады. Амалсыздан облыстық Әілет басқармасының басшылығына хабарласуымызға тура келді.
«Қазіргі таңда Жалағаш аудандық Әділет басқармасының басшысы еңбек демалысында. Біздің жұмысымызға да ақшасын сұрап келгендер болды. Алайда, қазіргі күні Қанат Булембаев Айман Мыхановамен заңды түрде ажырасқан. Бұл әйелге ешқандай қатысы жоқ», – деген жауапты кадр бөлімінен алдық.
Басшылыққа шыққанан кейін бе, әйтеуір Айман Мыханованың өзі бізге хабарласты.
«Мен облыстағы бірнеше ауруханалардың бас дәрігері болып жұмыс жасадым. Кейін биліктегілердің қыспағынан кейін орнымды босатуыма тура келді. Қазір еш жақта жұмыс істеп жатқан жоқпын. Үш балам бар. Жұмысқа орналасқаннан кейін шағымданушылардың ақшасын қайтарып беремін», – дейді ол.
Алайда, шағымданушылар Айманның бұл сөзіне сенбейді. Құзырлы органдар көмектесіп, айырылып қалған ақшаларын қайтаруларына септігін тигізсе дейді.
Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.
Жіберіп алмаңыз:
Отандық жұлдыздар латын әліпбиіне қатысты пікір білдірді (фото)
Қазақ тілді көрерменге ренжіген Азамат Сатыбалды бұдан былай орысша фильм түсіретінін айтты
Ақбота Сейітмағамбет алғаш рет ата-анасының өлімі жайлы айтты (фото)
Алматылық отбасы 8 бала өсіріп, тағы бес баланы жетімдер үйінен асырып алды
Алматыда тоңазытқыштан табылған балаларды өгей әкесі өлтірген болуы мүмкін