Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күйеуі 4 баламен жалғыз қалды: БҚО-да ана мен баланың өліміне кінәлі дәрігер 3 жылға сотталуы мүмкін

БҚО Жаңақала ауданында босану үстінде көз жұмған әйел мен оның сәбиіне қатысты сот отырысы өтті. Қайғылы жағдай 2018 жылдың 24 сәуірінде болған. Жүктіліктің 29-аптасында Бибінұр Нығметовадан қан кетіп, ол ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай әйел операция үстелінде қайтыс болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Мой город" порталына сілтеме жасап. 

Үш жылға созылған тергеу жұмыстарынан кейін іс сотқа жолданды. Бүгінгі отырыста прокурор Ермеков айыптау қорытындысын оқыды. Күдікті дәрігер Жарқын Тілешовтің кінәсі дәлелденді. Прокурор күдіктіні үш жылға бас бостандығынан айырып, екі жыл медицина саласында қызмет етуіне тыйым салуды сұрады.

Ал зардап шегушінің адвокаты Назгүл Кенжебаеваның айтуынша, дәрігерлер о баста әйелге дұрыс диагноз қоймаған. Марқұмның туыстары 2018 жылдан бері аталған істің шешімін күтуде. 

"Нығметованың медициналық картасындағы деректерге сәйкес, ақпан айының үшінен тоғызына дейін ол аудандық ауруханада стационарлық ем қабылдаған (әйелдің артериалды қан қысымы көтерілген, анемиясы болған). 19 сәуір күні ол дәрігердің қабылдауында болған. Сол кезде де оның артериалды қан қысымы жоғарылаған. Әйелді сол кезде үйіне емес, облыстық перинаталдық орталыққа жіберулері керек еді. Дәрігерлердің селқостығы осы жерден басталады", - дейді адвокат. 

Оның сөзінше, жедел жәрдем 24 сәуір күні сағат 12:30-да шақырылған, ал әйел ауруханаға 13:55-те жеткен. 14:10-да премедикация (науқасты жалпы анестезиямен хирургиялық отаға алдын ала дайындау) жүргізіліп, 14:15-те операция үстеліне жатқан. Ал 14:30-да УДЗ жасалған. Адвокаттың нұсқасы бойынша, УДЗ аппаратын әйелге әкелмеген, керісінше әйелді аппарат кабинетіне алып барған. Ал сағат 15:35-те Бибінұр Нығметованың клиникалық өлімі тіркелген. 



Одан бөлек, баланың шетінеген уақыты да белгісіз болып қалған. Сондай-ақ, операцияға келісім қағазында Нығметованың қолы қолдан жасалған. 

Адвокат марқұмның дені сау төрт баланы дүниеге әкелгенін, денсаулығына шағымы болмағанын атап өтті. Мамандар да әйелге дер кезінде көмек көрсетілгенде, оны да, сәбиді де құтқарып қалу мүмкіндігі 100%-ға тең деген байламға келіпті. 

"Төрт жыл бойы бұл іс негізсіз созылып келді. Біздің ойымызша, бұл кінәлілер жазадан сытылып кетуі үшін жасалған. Төрт жыл өтті, балалар аналарының жоқ екеніне әлі сене алмайды. Ал денсаулық сақтау басқармасынан бірде бір адам отбасына келіп, кешірім сұрамады. Біз әділетті шешім шығаруды және өзге де медқызметкерлерді жазалауды сұраймыз", - деп түйіндеді адвокат.

Ал күдікті Жарқын Тілешов кінәсін мойындамады. Ол Бибінұр Нығметоваға дер кезінде көмек көрсеткенін, қолдан келгенше өмірін сақтап қалуға тырысқанын айтты. 

"Мен өзімді кінәлімін деп есептемеймін. 15 минуттан кейін біз операция бөлмесіне кірдік, бірден санавиация шақырттық. Әйелді кабинеттен кабинетке УДЗ түсіру үшін тасыған жоқпыз. Процедура перзентханада жасалды, одан кейін бірден операция бөлмесіне жөнелтілді. Ал жасанды қолға келсек, менің қатысым жоқ. Оған мен жауап бермеймін, ал құжаттарды уақытында толтырдық. Өлімнен кейін, арнайы комиссия әйелдің отбасына барып, кешірім сұрады. Өзім де Нығметованың жолдасынан кешірім сұрадым, қазір де сұраймын. Бірақ екінші жағынан, егер де күйеуі расымен де әйелін ойлайтын болса, оған 40 жасында күн сайын ауылдан ауданға барып, сүт пен қаймақ тасып сатуға жол бермес еді. Оған күтім керек еді", - дейді Жарқын Тілешов.  

Ал сотталушының адвокаты Гүлдерай Ғазизова ауруханаға түскен кезде Нығметованың іштей қан кеткенін айтты. Сондай-ақ, марқұмның артериалды қан қысымы жиі көтерілгенін еске салды. 

"Трагедияға дейін бір апта бұрын Нығметова стационарда ем алды, қан қысымына шағымданды. Өзі 40-тан асқан, 4 бала туған. Сарапшы бала босанушы әйелдің өмірін құтқару мүмкін болмағанын айқын аңғартты. Басқа мамандар өз байламдарында "мүмкін", "әсер етер ме еді" деген сөздерді қолданған.Оған сенбеуге шақырамын. Сондай-ақ, прокурор Тілешовтің медициналық қызметпен айналысуына тыйым салуды сұрады. 

Бірақ біздің аймақта онсыз да дәрігерлер жетіспейді. Ал менің қорғалушым бұрын сотталмаған, өз міндеттерін үнемі адал атқарған. Қорғалушымды ақтауды сұраймын, ал материалдық және моралдық шығынды біз мойындамаймыз", - деді адвокат. 

Айта кететін жайт, зардап шеккен тарап материалдық шығын ретінде 5 млн теңге, ал моралдық шығын ретінде 150 млн теңге талап етіп отыр. 
Марқұмның жары Ғалымжан Сағынғалиев төрт баламен жалғыз қалды. Аналары қайтыс болғанда, үйдің кенжесі небәрі 4 жаста болған. 

Талқылау