"Кредит шопинг" қазақстандықтардың дертіне айналып барады – Ұлттық кеңес мүшесі
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Шибұтов несие рәсімдеумен байланысты алаяқтықтардың жолын кесетін заңнамалық өзгеріс енгізуді ұсынып жүр.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев рәсімделген несие деректерін Кредиттік бюроға хабарлау мерзімін 15 күннен 1 күнге дейін қысқарту туралы ұсынысты зерделеуді тапсырған болатын.
"Тек биылғы 9 айдың өзінде елімізде алаяқтық әрекеттің 32 мың дерегі тіркелді. Олардың жартысы интернет арқылы жасалған. Несие алу туралы мәліметке қатысты өзгерістер 15 жұмыс күні ішінде жаңартылатындықтан осындай жағдайға жол беріліп отыр. Ұлттық кеңес мүшесі Марат Шибұтов несие бюросына ақпарат беру мерзімін заң тәртібімен бір жұмыс күніне дейін қысқартуды ұсынған еді. Бұл ұсынысты зерттеп-зерделеген жөн", - деді Тоқаев.
Осы бастаманың авторы Марат Шибұтовтан ұсыныстың қаржы нарығын реттеуші органдар тарапынан қаншалықты қолдау тапқанын сұрадық.
"Қазір "кредит шопинг" деген ұғым пайда болды.. Осы тенденцияны қазір алаяқтар ушықтырып жатыр. Қарапайым тілмен айтсақ, алаяқтар өз "құрбандарына" телефон шалып немесе кездесуге шақырып алады да, "бірнеше банктен несие алып бер" деп үгіттейді. Өкініштісі, соған илігетіндер аз емес. Бір адамның атына бірнеше банк пен микроқаржы ұйымынан 25-30 несие рәсімделген жайттар бар", – дейді сарапшы.
Заңдағы олқылықтың кесірі осылайша қаржылық сауаты төмен, адамға сенгіш қарапайым азаматтарға тиіп жатыр.
"Қандай да бір адам несие алса, ол туралы мәлімет міндетті түрде Кредиттік бюроға хабарланады. Екінші рет кез келген ұйымнан несие сұрап барса, Кредиттік бюродағы мәліметке қарап, оның атында неше кредит бар екені, ендігі алатын несиені төлеуге мүмкіндігі бар ма, жоқ па деген сұраққа жауап алуға болады. Егер мүмкіндігі жоқ екенін көрсе, "ақшаңыз жетпейді" деп несие беруден бас тартылуы керек. Бірақ қазіргі заңнама бойынша рәсімделген жаңа несие туралы ақпаратты Кредиттік бюроға хабарлау мерзімі 15 күн деп бекітілген. Ал екі аптаның ішінде алаяқтар "құрбанын" ертіп алып бірнеше ұйымнан несие алып үлгеріп жүр", - дейді Марат Шибұтов.
Оның сөзіне қарағанда, көптеген елдер цифрлық технологияның мүмкіндіктерін пайдаланып, заңнамаларын әлдеқашан өзгерткен.
"Көптеген елдерде 1 күндік мерзім белгіленген. Несие туралы өтініш мақұлданады, шарт жасалады, ал келесі күні ол деректер Кредиттік бюроға өтеді. Бізде де осындай талап енгізілсе, қазіргідей бір адам бір мезетте бірнеше банктен несие рәсімдей алмас еді", - деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.
Сондай-ақ, ол несие нарығындағы қазіргі ахуал кімдерге тиімді болып тұрғаны туралы пайымын айтты.
"Бұл жердегі басты мәселе алаяқтарға алданған несие алушыларда. Алған несие атында болғандықтан, соның бәрін төлеуге мәжбүр. Біртіндеп болса да, төлеп жатыр. Алаяқтарға алданды екен деп ешбір банк кешіре салмайды. Сонда банктер мен микроқаржы ұйымдарына да халықтың осындай алаяқтық схемаға түсіп, несие төлегені тиімді болып тұр. Бізде жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң жоқ қой. Сондықтан несие алушы қайтсе де төлейді. Сол себепті банктер бұл мерзімді бір күнге қысқартқысы келмей отыр. Әйтпесе техникалық жағынан ешқандай кедергі жоқ", - дейді сарапшы.
Бастама авторы аталған мерзімді ары кетсе 2 күнге созуға болатынын айтады. Бірақ одан көп емес.
"Шын мәнінде несие деректерін сол сәтте-ақ Кредиттік бюроға жіберіп отыруға мүмкіндіктері жетіп тұр. Біз енді Президент Әкімшілігіне, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хат жазып, 10 күн деген өте ұзақ мерзім екенін жеткіземіз", - деді Ұлттық кеңес мүшесі.
Сарапшы елде тіркелген алаяқтық фактілердің саны жыл соңына дейін 40 мыңнан асатын түрі бар деп отыр.
"Былтыр алаяқтық бабы бойынша 32 мың факт тіркелсе, қараша айындағы мәліметтерге қарап, жыл аяғына дейін 40-42 мыңға дейін барады деуге болады. Осындай жолмен алынған несиелердің көлемі ондаған миллиард теңгеге жетіп отыр. Бұл жерде азаматтардың сақтығы, қаржылық сауаты туралы да айтуға болады. Бірақ заңнамалық тұрғыда соған жеткізбейтін жол бар ғой. Соны неге қолданбасқа?", - деді Ұлттық кеңес сарапшысы.
Бір қарағанда бұл таза әлеуметтік түйткіл болып көрінгенімен, макроэономикалық зардабы да болуы мүмкін. Марат Шибұтов бұл болжамын мынадай факторлармен байланыстырады.
"Мұндай проблемалы берешектердің көп болуы, атышулы алаяқтық фактілердің жиі тіркелуі елдегі негізгі кредиторларының рейтингіне кері әсер етеді. Бірақ банктер қысқа мерзімде халыққа барынша көп несие беріп, төлетуді ойлап отыр. Ал ұзақ мерзімде бұлай жалғаса берсе, халық бірнеше несие түгіл бір кредитті де төлей алмайтын жағдайға жетеді. Сонда банктердің өзіне де тықыр таянады", - деді экономист.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі бұл істі жол ортада қалдырмай, соңына дейін жеткізуге бекініп отыр. Өйткені әрбір алаяқтықпен алынған несиенің артында бір азаматтың әлеуметтік мәселесі, кейде тіпті бүкіл бір отбасының мұң-мұқтажы жатыр. Ал қоғамның мұң-мұқтажын мелекетке жеткізіп, оны шешудің жолдарын ұсыну – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің маңызды міндеті.