Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай облысында лицензиясыз пластикалық ота жасаған дәрігерге үкім шықты

Қостанай облысындағы қалалық №2 сотында тұтынушының денсаулығына абайсызда зиян келтірген пластикалық ота жасаған дәрігердің ісі қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pexels.com

Қостанай сотының мәліметіне сенсек, сотта 37 жастағы дипломы бар дәрігер Ерлан Умаров пен 50 жастағы күмәнді дипломдары бар Ирина Громова қылмыстық жауапқа тартылды. Громова дәл осы Умаровтың "Ерлан-Мед" клиникасында пластикалық операциялар жасап, науқастардың бет-әлпетін және денелерін өзгертіп отырған.

Үш адам бұл іс бойынша жәбірленуші ретінде танылды. Екі әйел мен бір жасөспірімнің денсаулығына орташа дәрежеде зиян келтірілген. Ал үшінші жәбірленушіге қатысты сараптама кезінде оның күрделі жағдайы жөнінде нақты шешім қабылдау мүмкін болмаған. Себебі ол операциядан кейін өз бетінше еріндеріндегі тігістерді алып тастаған. Сондықтан оның жағдайының ауырлығы анықталмағандықтан айыпталушының пайдасына шешілді.

Айта кетейік, Ерлан Умаров пен Ирина Громова Қылмыстық кодекстің 306-бабы (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) бойынша яғни қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін қызмет көрсеткені үшін айыпталды. Бірақ сот оларды осы бап бойынша ақтап шығарды. Алайда 322-бап бойынша – заңсыз медициналық қызмет көрсету және адамның денсаулығына орташа зиян келтіру – Ирина Громова кінәлі деп танылды. Ол екі жәбірленушіге моральдық шығын ретінде әрқайсысына 3 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Алайда бұл іс бойынша мерзім аяқталып кеткендіктен, Громова қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Дегенмен ақша төлеуге міндетті.

Ерлан Умаров сотта ақталғандықтан ол өзіне қатысты заңсыз әрекеттерден келтірілген шығынды өтеу құқығына ие. Бұл үшін оған алты ай уақыт берілген.

Сотта судья Анара Шаймурунова Громова ұсынған медициналық дипломдардың заңдылығын тексеруді міндеттейтін екі қосымша қаулы шығарды. Прокуратураның сұрау салулары бойынша оның Мәскеудегі медициналық университетті оқып бітіргені туралы мәлімет шындыққа жанаспайды. Себебі оның мемлекеттік шекараны тек екі рет кесіп өткені анықталды. Айыпталушы Громованың дипломының жалған екенін анықталғаннан кейін ғана оның медициналық қызмет көрсету құқығы тоқтатылуы мүмкін.

Қостанай қаласының №2 сотында абайсызда денсаулыққа зиян келтіруге әкеп соққан тұтынушылардың денсаулық қауіпсіздігі талаптарына жауап бермейтін қызметтер көрсеткені үшін У және Г-ға қатысты қылмыстық іс қаралды .

"Жәбірленуші М-ның денсаулығына зиян келтіру түріндегі У және Г әрекеттерінен қоғамдық қауіпті зардаптардың басталуына міндетті объективті белгінің болмауы – жалпы ҚК-нің 306-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына әкеп соғады, соның салдарынан У және Г ақтауға жатады. Сонымен қатар сотталушы Г-ның ҚК-нің 322-бабы 1-бөлігінің эпизодтары бойынша кінәсі толық көлемде дәлелденді. Сот У және Г-ны ҚК-нің 306-бабы 1-бөлігі бойынша кінәсіз деп танылды және олардың іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмағаны үшін ақтады. Ал ҚК-нің 322-бабы 1-бөлігі бойынша сотталушы Г кінәлі деп танылды", – делінген сот хабарламасында.

Соттың дерегіне сенсек, оның қылмыстық теріс қылығы 2022 жылдың желтоқсанында жасалды, яғни үкім шығарылған күні 1 жылдан астам уақыт өтті.

"Қылмыстық кодекстің 71-бабы 1-бөлігі 1-тармағына сәйкес қаралған. Егер қылмыстық теріс қылық жасалған күннен бастап 1 жыл өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Заң талаптарын ескере отырып, сотталушы ескіру мерзімі өткені үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады. Сот сотталушыдан әрбір жәбірленушінің пайдасына 3 000 000 теңге сомасында моральдық зиянның ақшалай өтемақысын, сондай-ақ ол келтірген материалдық залалды өндіріп алды. Үкім заңды күшіне енген жоқ”, – деді Қостанай соты.



Еске салайық, бұған дейін ақтөбелік әйел сәтсіз блефаропластиканың құрбаны болғанын және отаны фельдшер жасағанын жазған едік. Ақтөбе қалалық сотына үйде блефаропластика жасатқан соң қабағы жарылған азаматша материалдық және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюмен жүгінгенін жаздық.  Instagram әлеуметтік желісінде блефаропластика қызметі туралы жарнаманы көрген талап қоюшы 2023 жылдың 4 тамызында жауапкердің жалдамалы пәтерінде ота жасатқан. Жоғарғы соттың дерегінше, операциядан кейін бір апта өткен соң талап қоюшы көздің ассиметриясын байқап, жауапкерге қайта хабарласып, 15 тамызда екінші рет ота жасатады. Екінші ота кезінде жауапкер оң көзі қабағаның терісін тым терең кескен және терісімен бірге төменгі кірпіктерді кесіп тастағандықтан, талап қоюшыдан қан кетуі тоқтамаған. 

Талқылау