Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Коронавирусқа қарсы жаңа қазақстандық вакцинаның атауы белгілі болды

Коронавирусқа қарсы жаңа қазақстандық вакцина өз атауын алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.

вакцина

NARUVAX C-19  препараты Қазақ аграрлық университеті жанындағы халықаралық вакцинология орталығында әзірленген.

Қазіргі уақытта вакцина аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы базасында клиникаға дейінгі сынақтан өтуде. Қазірдің өзінде нәтижелер бар. Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы отандық вакциналарды екі ұйым әзірлеп жатқаны белгілі: Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты және Қазақ аграрлық университет жанындағы халықаралық вакцинология орталығы.

Қазіргі уақытта ДДСҰ қазақстандық 4 вакцинаны тіркеді. Олардың екеуі жануарларға клиникаға дейінгі сынақтардан өтуде. Эксперименттер Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығының базасында жүргізіледі.

Бірінші препарат NARUVAX C-19 деп аталды.

"Бұл вакцина субуниттік болып табылады. Ол синтетикалық алынған рекомбинантты ақуыздар ( S-ақуыз) негізінде дайындалады. Сонымен қатар, бұл вакцинаның маңызды компоненттерінің бірі – бұл сүт түсті болуы. Түс арнайы нано-эмульсиялық май адъювантын береді. Оны біздің француз серіктестеріміз ұсынды. Бұл препарат 20-дан астам елде әртүрлі вакциналардың құрамында қолданылады. Демек, егер біз зертханалық жануарларда емес, адамдарда оң нәтижеге жететін болсақ, бұл осы препараттың тіркелу процедураларын жеңілдетеді. Тіпті, әлемнің кез келген жерінде", - деп атап өтті халықаралық вакцинология орталығының жетекшісі Қайсар Табынов.

Жобаға қазақстандық жас ғалым Қайсар Табынов жетекшілік етеді. Маманның айтуынша, қазірдің өзінде үміт күттіретін нәтижелер бар. Олар препараттың иммуногенділігіне, яғни оның инфекциядан ұзақ мерзімді қорғауды қалыптастыру қабілетіне қатысты. Вакцина T-жасушалық иммундық жауап береді. Ол коронавирусқа қарсы антиденелер жасап қана қоймайды, сонымен қатар дене тіндерін жасушалық деңгейде оған қарсы тұруға мәжбүр етеді.

Екінші препарат NARUVAX C-19/nano деп аталды.

"Огайо Мемлекеттік университетінің серіктестерімен бірге біз нановакцинаны дайындадық. Ол әртүрлі полимерлердің нанобөлшектері негізінде дайындалады. Бұл табиғи, биологиялық ыдырайтын және био үйлесімді полимерлер. Яғни, олар ағзаға түсіп, оңай сіңеді және денеде қалмайды", - деді Табынов.

Нановакцинаның басты ерекшелігі - оны денеге бұлшықет ішіне енгізбейді, жай мұрынға себеді. Осылайша, препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігі артады, өйткені ол назофаринстегі коронавирусты жояды, шырышты қабығын қорғайды және оның қанға енуіне жол бермейді. Екі вакцинаның клиникаға дейінгі сынақтарын жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.  Егер нәтижелер оң болса, приматтарда зерттеудің тағы бір соңғы кезеңі өткізіледі.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2020 08:29
Талқылау