Қорғаныс министрлігі Қазақстан аумағына құлаған ұшатын апараттарға қатысты пікір білдірді
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Батыс Қазақстан облысында құлаған үш ұшқышсыз аппаратқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
Министр орынбасарының айтуынша, аталған фактілерге қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
“Тергеу қорытындысына сәйкес, қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылдаймыз”, – деді Шайх-Хасан Жазықбаев.
Оның айтуынша, Бөкейордасы ауданында Ресей Федерациясы жалға алған полигон бар.
“Тек соғыс алаңы емес, әуе кеңістігі де бар екенін ұмытпайық. Мүмкін бұл техникалық ақау шығар, сондықтан белгіленген аймақтан шығып кеткен болар. Халықты алаңдамауға шақырамын. Тергеу аяқталмайынша, нақты ештеңе айтуға болмайды. Нәтижесіне қарай шаралар қабылдап, қосымша хабарлаймыз”, – деді Жазықбаев қазақстандықтарды сабырға шақырып.
Сондай-ақ сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің сөзінше, өздерінде әзірге ұшқышсыз ұшақтардың кімге тиесілі екені туралы ақпарат жоқ.
Алғашқы ұшқышсыз аппарат 18 ақпанда Бөкейордасы ауданындағы Ұялы ауылынан табылды. Екінші дрон араға тура бір ай салып, Тасқала ауданында құлады. 24 наурыз күні Жәнібек ауданында үшінші ұшатын аппараттың құлағаны туралы ақпарат пайда болды.