Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көп нүкте қай кезде қойылады?

Жазуда тыныс белгілердің рөлі ерекше. Бүгінгі материалымызда көп нүктенің сөйлемдегі қызметін, қай жағдайларда қойылатыны туралы айтатын боламыз.

Көп нүкте – белгілі бір себептермен ойдың аяқталмай қалғандығын немесе айтылмақшы пікірдің толық айтылмағандығын білдіру үшін қойылатын тыныс белгі.

Ол мынадай жағдайларда қойылады:

1. Ғалым Рәбиға Сыздық өзінің «Қазақ тілінің анықтағышы» атты еңбегінде: «Сөйлеуші асып-сасу, ентігу, тұтығу, әлсіреу, т.б. себептерінен сөздерін, ойын бөліп-бөліп айтқанда, сөйлем ішіндегі сөздердің арасына, ал ойы бітпей қалғанда, сөйлемнің соңына көп нүкте қойылады:

Құдайберді есікке көзімен нұсқап:
– Адам бола ма?!. Болар ма!.. Інілерің міне... Кім боларын... Не көрерін қайдан... білейін, – деді. (М.Әуезов.) Ж-ж-жоқ... мен... өзім барам... – А... с...с...қар, – деді Ботакөз талықсыған дауыспен (С.Мұқанов)» деп келтіреді.

2. Көп нүкте алынған цитатаның бас жағынан, ортасынан және соңынан сөйлем не сөздер қалдырылған жерге қойылады.

3. Кей жағдайда жазушы айтып келе жатқан оқиғаның жалғасын созбай, әрі қарай тоқтатады да, көп нүкте қояды.

Мысалы: Абайдың ілгері созып келе жаткан оң қолы жібек шымылдыққа тиген кезде, алдынан қарсы қозғалып келе жатқан Тоғжанның ыстық саусақтары мұның бетіне тиіп еді. Дірілдеген демдері қосылып, ыстық еріндері енді айрылмастай табысқанды...(М.Әуезов).

4. Сонымен қатар, академик Р.Сыздықова көп нүктенің қойылу себептерінің біріне мына жағдайды да жатқызады: «Айтылып келе жатқан ойға кенет, тосын, күтпеген немесе өте алшақ жатқан нәрсе (оқиға, зат, қимыл т. т.) қосылып кетсе, оның алдынан көп нүкте қойылады:

Мысалы:  XIX ғасырда қазақтың жалпы халықтық тілін негіз еткен үлгілерге Абай, Ыбырайдан бастап, қазақ әдебиеті уәкілдерінің мұралары, ауыз әдебиеті нұсқалары, шығыс классик әдебиетінің қазақша жырланған үлгілері, баспасөз, оқулықтар, сөздіктер, медицина, ветеринария тақырыптарына жазылған көпшілік кітапшалар және... христиан дінін уағыздайтын миссионерлік әдебиет жатады.

Мұнда және сөзінен кейін тұрған христиан дінін уағыздайтын әдебиет алдыңғы санамаланып айтылып келе жатқан әдебиеттерден мүлде алшақ әрі күтпеген әдебиет түрі, өйткені дінді уағыздайтын тіл (мысалы, ислам дінін) қазақтың жалпы халықтық тілін негіз етпейді, сондықтан христиан дінін уағыздайтын әдебиет те тілдік өзге бір нормаларға сүйенген болу керек деп отырғанда, бұл әдебиеттің де жоғарыда аталып келе жатқан топқа қосылғаны тосын, кенет нәрсе болып табылады.

5. Бір сөз бірнеше рет қайталанған жағдайда  немесе сөйлеуші сөйлеп келе жатып, сөзінің арасында айтарлықтай кідіріс жасаса, оның ар жағында бірдеңенің айтылмай қалғандығы аңғарылып жатса, бірнеше рет қайталанған сөздер арасына немесе кідірістен соң қойылады:

- He болды?

- Мені қара басты!... Құлаттым...

- Нені құлаттың?

- Баланы... (Б. М.).

Біз, Stan.kz редакциясы, қазақстандықтар қазақ тілінде сауатты жазып, сөйлегенін қалаймыз. Осы орайда, "Таза тіл" шығарылымдар сериясын жарияладық.

Қазақ тілінде сөйлеуде тағы қандай сәттерде қиындық туындайды? Адамдар қай кезде жиі қателеседі? Егер сауалдарыңыз болса, келесі форма арқылы бізге сұрақ жолдаңыз


 

Талқылау