Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қоғам белсенділері: Туризмді дамыту үшін шетелдіктерді қазақтың тойына шақыру керек

Еліміздегі жылдар бойы тұралап қалған туризм саласын дамытамыз десек, шетелдіктерді тойға апарып, құтты қонақ қылайық. Әдет- ғұрып, салт-дәстүрімізді көріпқызықсын. Бұл қоғам белсенділерінің тастаған ұсынысы.

Қоғам белсенділері: Туризмді дамыту үшін шетелдіктерді қазақтың тойына шақыру керек

Әйтпесе олар миллиардтаған қаржы бөлінетін туризм саласынан пайда таппақ түгілі, белшесінен қарызға ғана батып жүрміз деп налиды. Ал биыл осы салаға  тағы 1 трлн 300 млн теңге қарастырылған екен. Сонымен миллиондар қайда кетіп жатыр? Шетелдік туристі былай қойғанда,  қазақстандықтардың ішкі туризмге көңілдері тола ма? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Мұндай тұмса табиғаты мен мөлдір сулары бар елдің туризм саласы ақсап тұрғанына сену қиын. Бірақ амал нешік. Инфрақұрылым нөл. Еш жағдай жасалмаған, тіпті демалғанның орнына, керісінше шаршап кетесің дейді жұрт. Ішкі туризмнен көңілі әбден қалған тұрғындардың қатарында  елордалық Ұлан Әбішев те бар.

«Демалысымызды отбасымызбен бірге  қала маңдағы бір жағажайда өткізуді қаладық. Кейін, сол шешіміміз үшін өкініп қалдық. Біріншіден баға деген аспандап тұр, кірудің өзі адам басына 5-7 мың. Ішінде ешқандай жағдай жасалмаған. Қарапайым әжетхананың өзі жоқ. Жататын орын, қолшатыр дегендерді мүлдем айтпай ақ қояйын. Ал сервис деген атымен жоқ», - деді ол.

Қазақстандықтардың өзі ішкі туризмге реніштерін білдіріп жатқанда, сырттан турист тарту керек деп айтудың өзі ұят. Жыл сайын небір ұсыныстар айтылады, миллиардтаған қаржы жұмсалады. «Қазақстан аруын» өткізейік, экотуризмді дамытайық, түрлісін естідік. Тіпті туризм полициясын жасақтадық. Бірақ нәтиже көрмедік. Енді тағы бір топ қоғам белсендісі «шетелдіктерді тойымыздың құтты қонағы қылып, елімізге оларды осындай жолмен тартайық» дейді. Кезекті бастамаға қатысты елордалықтардың да ойын біліп көрдік. Пікірлері қақ жарылды. 

«Қонақ келген ол өте бізге қазаққа тән нәрсе ғой. Оны қонақ, қыдыр деп қабылдай береміз» 

«Туризмді дамыту керек қой. Тойға апару емес қой бастысы» 

«Ол да бір той керемет жер ғой. Бірақ одан басқа халқымыздың байлығын көрсетсек, өзіміздің табиғатымызды көрсетсек», дейді жұрт.

Әлемнің 140 елінде болып, мәдениетімен танысқан саяхатшы Сапар Ысқақов мәселе  туристерді тойға апарғаннан шешілмейді дейді. Дегенмен ойға түйіп, түртіп  аларлықтай өз  ұсынысын тастады.  

«Оларға гостиница емес, оларға киіз үй керек. Қазақтың нағыз киіз үйі. Қазақтың тамағы, қымызы, оларды қызықтыратын сондай. Ал сіздің құр жай ғана істеп қойған гостиницаңыз, ішіндегі еуростандарт немесе еурокухня  оларды қызықтырмайды, ол өздерінде де бар», - деді саяхатшы Сапар Ысқақов. 

Мәселен, 3 млн халқы бар Моңғолияны мысалға келтірсек. Олар ұлттық құндылықтарын әлемдік брендке айналдыра білген. Шетелдіктерді конақ үйге емес, киіз үйге жайғастырды, еуропалық емес, тек  ұлттық тағамдарды ұсынды. Соның нәтижесінде туризмдері де бүгінде айтарлықтай алға басты.  

«Бізге мынау туризмнен бюджетке түсетін ақшаны ең болмаса бір 5-10 пайызға дейін көтеру үшін өзі жеке министрлік болу керек. Оған қаражаттар бөліну керек. Оның басында отырған мамандар кәдімгі туризмнен хабардар болу керек», - дейді саяхатшы. 

Қалай десек те, биыл  мемлекеттік бюджеттен туризм саласына тағы 1 трлн 300 млн теңге қаржы қарастырылып, мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр екен. Ал ішкі туризмнен  көңілдері әбден қалған қазақстандықтар бұл бастама да кейін басқалары сияқты сиырқұйымшықтанып кетпесе екен деп алаңдайды. Оны енді уақыт көрсетер.  
 

Талқылау