"Өздеріңізге ғана сеніңіздер": Қызметінен босатылған Павлодар қаласының әкімі мәлімдеме жасады
Қызметінен босатылған Павлодар әкімі облыс басшысының шешіміне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Павлодар қаласының экс-әкімі Ержан Иманзайыпов өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жазба жариялады.
"Құрметті Павлодар қаласының тұрғындары! Мен Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың шешімін келісіммен қабылдадым, өйткені соңғы оқиғаларға байланысты өз жұмысымды одан әрі жалғастыруға моральдық құқығым жоқ деп есептеймін. Мен аймақ басшысына сенім білдіргені үшін алғыс айтқым келеді, сонымен бірге барлық тұрғындардан әріптестерім үшін кешірім сұраймын.
Өкінішке орай, қысқа мерзімде жоспарлаған жобаларымызды соңына дейін жеткізе алмадым. Қызмет барысында қолдау берген әріптестеріме үлкен рахмет. Тек қана өздеріңізге сеніңіздер!", – делінген жазбада.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзайыпов облыс әкімінің шешімімен қызметінен босатылғаны туралы жазған болатынбыз.