Қызылордада 1,5 жасар бұлдіршін батарейка жұтып қойып, көз жұмды: Қыздың ата-анасы өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр
Қызылордада ауруханада бір жарым жастағы қыз бала көз жұмды. Ата-анасының айтуынша, дәрігерлер рентгеннен бөгде затты байқамаған және баланы бронхитпен емдеген. Кейін бүлдіршіннің жағдайы күннен күнге нашарлай берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Tengrinews.kz
Мәліметтерге сенсек, бала екі аптадан астам уақыт облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында болған. Бірақ дәрігерлер оның жағдайының нашарлау себебін анықтай алмаған.
Анасының айтуынша, алғашқы рентгенде маман бөтен затты байқамаған. Сондықтан осы уақыт ішінде баланы бронхитке қарсы емдеген. Қыз бала ішіп-жей алмай, қатты қиналып қайтыс болған. Амина есімді сәбидің анасы Оксана Шильеваның айтуынша, 18 қаңтар күні таңғы асқа ботқа жегеннен кейін қызы құса бастаған. Оксана қызы жаңғаққа тұншығып қалды деп ойлап, оған аса мән бермеген.
"Көп ұзамай тағы да 5-7 рет құсты. Біз жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер ауруханаға жатқызуды ұсынды. БІрақ біз бас тарттық, өйткені жағдайды өзіміз реттей аламыз деп ойладық. Бізге дәрі-дәрмектер жазып берді, содан кейін Аминаның жағдайы жақсарып, тіпті ойнай бастады. Бірақ түнде қызу көтерілді, мен оған "Эфералган" шамын қойдым. Келесі күні температура анда-санда көтеріліп тұрды, кешке қарай қызым мүлде әлсіреп кетті. Біз тағы да жедел жәрдем шақырдық", – деп еске алады Аминаның анасы.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында балаға антибиотиктер беріліп, тамырға дәрілер енгізілген. 23 қаңтарда анасы қызымен бірге қанағаттанарлық жағдайда үйіне жіберілген. Бірақ келесі күні Амина қайта ауруханаға түскен. Оның тыныс алуы қиындап, сырыл пайда болған. Ал температурасы 38 градусқа көтерілген. Демалыс күндері жағдайы күрт нашарлаған.
"Ол қатты жөтеле бастады, сырылы тоқтамады. Амина тамақ ішпей, тіпті су да ішкісі келмеді, аздап беруге тырысқанымда қатты жылады. Дәрігерлер рентген жасады, бірақ сурет жоғалып кетті. Оның нәтижесі бойынша бізге бронхитке қарсы ем тағайындалды. 28 қаңтарда сатурация 82-ге дейін түсті. Рентгенолог бізге балаларда пневмония тез дамитынын айтты. Бірақ мен реанимациядан бас тарттым. Келесі күні қызымды сонда өткізуге тура келді", – деді Оксана.
Оның айтуынша, түстен кейін қызын көруге барғанда, оны толығымен аппараттарға қосып қойғанын көрген. Дәрігерлер асқазанды тазалап, тамақтандыру үшін зонд қойғандарын түсіндірген. 31 қаңтарда Амина көзін ашпаған. Сол күні кешке ғана дәрігерлер жағдайының себебін анықтаған – қайталанған рентген көмейде бөгде зат барын көрсеткен. Қызды шұғыл түрде облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізіп, балалар хирургі шақырылған.
"Операция әдетте 10-15 минутта жасалады, алайда бұл жолы ұзаққа созылды. Сөйтсек, бұл жай ғана тиын емес, түйме тәріздес батарейка екен. Дәрігер маған екі апта бойы көмейде тұрған батарейканың тіндерді күйдіріп, өңеш пен кеңірдектің арасында тесік пайда болғанын түсіндірді. Қызым жегеннің бәрі тікелей өкпесіне түсіп отырған. Жедел ота қажет болды. Кейінірек маған операцияны телемедицина арқылы Алматыда жасайтынын айтты", – деп күрсінді анасы.
Келесі күні Оксананы реанимацияға шақырған. Дәрігерлер қыздың жағдайы тым ауыр болғандықтан, оны Алматыға жіберу мүмкін емес екенін айтқан. Ота жергілікті жерде жасалуы керек болғанымен, ешқандай кепілдік берілмеген. Дәрігерлер қызды аман алып қала алмаған.
"Рентгеннен оның сол жақ өкпесі жоқ, ал оң жағында тек контуры ғана қалғанын көрсетті. Сатурациясы 70-ке дейін түсті. Ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосулы болды. Қызымның өмірін тек жүрегі сақтап тұрды, ол бүкіл ағза үшін жұмыс істеді. Бізге онымен қоштасуға рұқсат берді, өйткені кешке дейін шыдай алмауы мүмкін деді. Екі сағаттан кейін бізге қызымның қайтыс болғанын хабарлады", – дейді Оксана.
Аминасының анасы әділдікке қол жеткізіп, қызының өліміне кім кінәлі екенін анықтағысы келеді. Ол дәрігерлер неге уақытында қауіпті бөгде затты байқамай, қызын құтқара алмағанын білгісі келеді. Әйел Қызылорда облыстық полиция басқармасына шағым түсірген. Жақын арада құжаттар денсаулық сақтау министрлігі мен бас прокуратураға жіберіледі.
"Біз кінәлілерді жауапқа тартуды және олардың лайықты жазасын алуын талап етеміз", – деді зардап шеккен тараптың өкілі, заңгер Айгүл Шегірова.
Облыстық полиция департаменті баланың өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
"Қазір барлық мән-жайды анықтау үшін кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс департамент басшылығының бақылауында", – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Павлодар облысына қарасты Екібастұз ауруханасындағы акушер-гинекологтардың салғырттығынан 2001 жылғы Валерия Эйхвальд сәбиінен айырылып қалды. Ол халықтан көмек сұрап, құзырлы органдарға тергеуді сұрады. Әйелдің айтуынша, дәрігерлердің немқұрайлығынан ол босануына бірнеше сағат қалғанда қызы тұншығып қалған.