Қираған мүлік пен кәсіпкерлікке келген шығынды қаңтардағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар өтейді - ІІМ
Қаңтар оқиғалары кезінде қираған ғимараттардың, өртенген көліктердің және кәсіпке келген залалдардың шығынын тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғандар төлейді, деп мәлімдеді ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дүйсенбі күні өткен брифингте департамент бастығының орынбасары қаңтар оқиғасы кезінде азаматтар зардап шеккенін, олардың көпшілігі ұйымдастырушылар мен арандатушылардың сөзіне еріп, қылмысқа барғанын атап өтті.
Тәртіпсіздік салдарынан 71 мемлекеттік ғимарат қирап, зақымданған, сондай-ақ жедел жәрдем, полиция және өрт сөндіру қызметтерін қосқанда 700-ден астам көлік бүлінген.
"1500-ден астам кәсіпкерлік нысаны зардап шегіп, миллиардтаған теңге шығын келтірді, азаматтар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қаза тапты. Біз бұл келтірілген зардаптардың шығынын өтеуді лаңкестік әрекеттер мен тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларға жүктеу керек деп есептейміз, өйткені олар осындай төңкерістердің басталуын, сондай-ақ елдегі қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақсыздануын анық болжаған және қалаған", – деді Мұхтар Қожаев.
Айта кетейік, бұған дейін ІІМ осы брифингте қаңтар оқиғасына қатысқан 717 адамның нақты түрме жазасына кесілгенін айтқан еді.
Қасіретті қаңтар оқиғасы
Еліміздегі қайғылы оқиғалар 2022 жылдың қаңтар айында орын алды. Барлығы сұйытылған газ бағасының екі есе қымбаттауына қарсы жаппай наразылықтан кейін басталды. 2 қаңтарда еліміздің батысындағы Жаңаөзен қаласында басталған митингктер кейін Ақтау, Атырау және Қазақстанның басқа да қалаларында жалғасын тапты.
Алайда бейбіт шерулер кейін жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып кетті. Қақтығыстан әсіресе Алматы қаласы қатты зиян көрді. Қаңтардың 5-і күні қарулы қарақшылар тобы қала орталығын қиратып, қала әкімшілігінің ғимараттары мен жақын маңдағы президент резиденциясын өртеп жіберді.
- Қаңтар оқиғасын ұйымдастырғандар елдегі қоғамдық-саяси жағдайдың шиеленіскенін қалаған - Ішкі істер министрлігі
- “Қызымның, Айкөркемнің қаны сатылмайды!”: Қаңтарда 4 жасар қызы қайтыс болған Айдос Меделхан президентке, халықаралық ұйымдарға үндеу жасады
- "Үшке дейін санаймыз, қашып үлгермесең, атып тастаймыз деді": Қаңтар кезінде қатты азап көрген талдықорғандық жетім жігіт жәрдемге зәру
Полиция ғимараттарына, ҰҚК және басқа да әскери нысандарға шабуыл жасалды.
Сондай-ақ Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалалары да зардап шекті.
Осы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі бүкіл елде төтенше жағдай енгізіп, лаңкестікке қарсы операция басталғанын хабарлады.
5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарды. Ол лаңкестермен күресу үшін ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға шешім қабылдады.
ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін Қазақстанға ұжымдық бітімгершілік күштерін жіберу туралы шешімге келді. Барлығы 2300-дей бітімгер әскерилер келді. 13 қаңтарда ҰҚШҰ миссиясының сәтті аяқталғаны туралы хабарланды. Қазіргі таңда бітімгерлердің барлығы Қазақстаннан шығып кетті.
Кәрім Мәсімов қаңтар айының басында мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталған. Қаңтар айының соңында ҰҚК баспасөз қызметі Мәсімов пен оның орынбасарларының ісі құпия болып, сот оларды қамауға алуға санкция бергенін хабарлады. 10 наурызда департамент Мәсімовтен тәркіленген миллиондар, зәулім үйлер мен қымбат көліктер туралы айтты. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Шілденің 13-і күні Кәрім Мәсімовтің ағасы, Павлодар облысы бойынша ДП-ның бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімов Ресеймен шекаралас аймақта ұсталды.