Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Киіз үйде тұрып жатырмыз": Абай облысында мемлекеттік бағдарламамен салынған су жаңа үйлер тұруға жарамсыз болып шықты

Абай облысында мемлекеттік бағдарламамен берілген жаңа жалдамалы үйлердегі гипсокартон қабырғалары қисайып, едендері босап, сырғып жатыр. Тұрғындар өз өмірі үшін алаңдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

 Фото: видеодан скриншот

Телеарна мәліметінше, Көкпекті ауданы орталығының шет жағында салынған жалдамалы үйлер үш жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама аясында көп балалы және аз қамтылған азаматтар үшін салынған. Үйлерге тұрғындар бірте-бірте қоныстана бастаған.

Алайда баспанаға қол жеткізген көп балалы аналар өздерінің және балаларының қауіпсіздігі үшін қорқатынын айтады.

"Үйде әрең қыстадық. Үш рет пеш жарылып, үш рет оны ауыстырдық. Күйенің, судың бәрі осы пешпен ақты... Интернет деген мүлдем жоқ. Бізде электр жарығы жоқ, – дейді тұрғын Анна Семилетова.

Мемлекеттік бағдарламамен  баспанаға қол жеткізген тағы бір көп балалы отбасы қазір қонақүйде немесе ауладағы киіз үйде түнеп жүргенін жеткізді. Тұрғын сапасыз ғимаратта тұрудан қорқатынын ашып айтты.

 "Былтыр еденнің бәрі істен шықты. Олар қыс бойы тербеліп өмір сүрдік. Бұл жолы бәрін ауыстырып, әрең дегенде жасап қойды. Екі апта болды, қонақ үйде тұрамын. Үйге жөндеу жұмыстарын жасап, жаңа жиһаз алған едім", - деді Динара Калкенова.

Тұрғындардың сөзінше, бұл үй сыртынан әдемі көрінеді. Бірақ ішінде құрылыс нормаларын бұзған  қаншама факті бар.

Шенеуніктер тұрғындардан сабыр сақтауды сұрап, кемшіліктер түзетілетініне уәде берді.

"Қазір 11 үйде мәселе бар. Үй салған мердігердің кепілдік мерзімі үш жыл. Біз оларды шақырдық. Қазіргі уақытта бес үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір алтыншы үйді жөндеп жатыр", – деп мәлімдеді Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин.

Телеарна дерегінше, шенеуніктер мердігер жөндеу жұмыстарын қыркүйекке дейін аяқтауы керек деп сендірді.
 

Талқылау