Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Кейде жануарлардың өліктері түсіп кетеді”: Түркістан облысының тұрғындары қоқыс полигоны жанындағы арықтан су ішуге мәжбүр

Түркістан облысының тұрғындары қоқыс полигоны жанындағы арықтан су ішуге мәжбүр. Су таситын көліктен сатып алуға қалтамыз көтермейді дейді олар. Бұған қарамастан шенеуніктер тұрғындар мәселесін шешуге асықпайтын көрінеді. Қоқыстағы қалдық арыққа тсүпейді деп сендірген олар тексеріс жүргізуге уәде берген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz басылымына сілтеме жасап. 

арық

Сарыағаш ауданының 7 ауылы қоқыс жанындағы арықтан су ішіп отыр. Су лас болса да тұрғындар басқа амалымыз жоқ дейді.

"Ауылда су құбыры жүргізілмеген. Туғалы бері осы ауылда тұрамын және арықтан су ішеміз. Дегенмен қоқысты көрмегенмін. Ауылдан қоқыс тиелген жүк көліктері мен тракторлар өтетін. Бірақ мұнда әкеліп төгеді деп ойламаған едім. Өзім таңданып тұрмын", - дейді Жібек-Жолы ауылының тұрғыны Еркінай Насирова.

Шенеуніктер қоқыс полигонының арық суына әсер етпейтінін және ешқандай зияны жоқ деп сендіреді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары суды тасып ішіп отырғанын айтқан. Әрі тоннасы 2,5 мың теңге екеніне де ешкім шағымданбады дейді олар. 

"Жоқ, тұрғындар арықтан су ішіп отырған жоқ. Дегенмен арық ауыл арқылы өтеді. Ал халық гидранттан су тасып ішеді. Жер 2010 жылы берілген. Экология департаментінен берілген барлық құжаттар бар. Яғни бұл – заңдастырылған қоқыс полигоны", - дейді Сарыағаш ауданы тұрғын-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Құдайберген Пулатов. 

Шенеуніктер су қорғау аймағында тәртіп бұзушылықтар болуы мүмкін екенін және тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді. Ал адамдар арықтан су алуды жалғастыра бермек. Алдымен лас суды тұнытып, содан кейін қайнатады екен. 

"Тасымалданатын суды сатып ала алмаймыз. Тоннасын 2,5 мың теңгеге сатады. Сондықтан арықтан ішіп отырмыз. Кейде қыста арықта су жоқ болады, кейде лайланып, сарғыш түсті болып кетеді. Тіпті дәмі нашарлайтын кездер де болған. Судың кесірінен көпшілігінде денсаулығымен мәселе болды. Себебі суға жануарлар өлігі түсіп кетеді. Оларды алып тастап, бірнеше сағат судың тазарғанын күтеміз. Сосын шелекпен алып, қайнатамыз", - деді Жібек-Жолы ауылының тұрғыны Умида Жүсіпбаева. 

Арнайы жер болмағандықтан полигонды ауыстыру мүмкін болмай отыр. Ал су мәселесін құбыр жүргізу арқылы шешуге болады екен. Әзірге бұл да мүмкін емес. Дегенмен жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. 

Талқылау