Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кеңсе тауарларын алған": Алматы облысында ата-аналар мектепте ақша жинады деп шағымданды

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазыбек Шорманов атындағы орта мектеп оқушыларының ата-аналары білім ошағында ақша жинау фактілеріне шағымданды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бір күн бұрын әлеуметтік желілерде ата-ананың әңгімесі кең тарап кетті. Белгісіз әйел сыныпқа қағаз және басқа да кеңсе тауарларын алу үшін ақша жинауды ұсынған.

Алматы облысының білім басқармасы тексеріс жүргізіп, факті шынымен де Еңбекшіқазақ ауданындағы мектептердің бірінде орын алғанын анықтады. Басқарманың мәліметінше ақшаны мұғалімдер емес, ата-аналардың өздері жинаған. 

"5 "Б" сыныбының сынып жетекшісі бұл оқиғадан хабарсыз болыпты. Ата-аналар комитетінің төрағасы кеңсе тауарларына ақша жинап алған. Қазір ата-аналармен әңгіме жүргізіліп, түсіндірме хат алынды", - деп хабарлады ведомстводан.

Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел мектептерде ақша жинауға қатаң тыйым салынғанын айтты.

"Білім басқармасы, мектеп директорлары мен мұғалімдер ата-аналармен үнемі түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Қанша көлемде болса да, облыстағы барлық мектептерде ақша жинауға қатаң тыйым салынған. Білім беру ұйымдарында ақша жиналу дерегін байқаған болсағыз, бірден хабарлауыңызды сұраймыз", - деді Ғалымұрат Жүкел.

Талқылау