Кемероводағы қайғылы оқиғадан кейін Кузбасста үшкүндік аза тұту жарияланды
Ресейдің Кемерово облысындағы «Зимняя вишня» сауда үйінде болған қайғылы оқиғадан кейін Кузбасста аза тұту күндері басталды.
Бұл туралы ТАСС хабарлады, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
«Кемерово облысында аза тұту күндері 27 наурыздан 29 наурызға дейін созылады. Бұл үкімге жергілікті губернатор Аман Төлеев қол қойды. Аза тұту күндері Кемерово облысы мен Ресей Федерациясының барлық мемлекеттік тулары түсіріледі. Сондай-ақ, елдегі барлық телерадиокомпанияларға ойын-сауық бағдарламаларын тоқтату ұсынылды. Олар ерікті түрде жарнамаларды, қаралы күн сипатына сай келмейтін әуендерді эфирден алып тастады»,-деп хабарлады жергілікті әкімшіліктің баспасөз қызметінен.
Үш күнге белгіленген аза тұту күндері облыстағы муниципалды кинотеатрлар да жұмыс істемейді. Кузбасстан басқа Рязань облысы да қайғылы оқиғаға байланысты аза тұту күндерін жарияған.
Естеріңізге сала кетейік, 25 наурыз күні Ресейдің Кемерово қаласында «Зимняя вишня» сауда үйінде өрт шығып, соңғы деректерге сәйкес 64 адам қаза тапты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын. ҚР СІМ-нің мәліметінше, өрттен қаза болғандардың арасында қазақстандықтар жоқ. Бүгін 13 баланың туыстары олардың мүрделерін танығандығы хабарланды.
Жіберіп алмаңыз:
Кемеровода терезеден секіріп өрттен аман қалған баланың жақындары түгел көз жұмған
Кемероводағы өрт: Орталық қызметкерлері балаларды құтқармақ болған еріктілерге кедергі болған