"ҚазМұнайГаздың" акцияларын IPO кезінде сатып алу несімен тиімді?
Компания өз акцияларын қор нарығында сатар кезде IPO-ға қатысады. Соның нәтижесінде мекеменің мәртебесі өзгеріп, оның бағалы қағаздары ашық саудаға түседі. IPO – ұйымдар үшін қосымша қаражат тартудың бір жолы, ал оның жеке инвесторлар үшін пайдасы қандай? Материалымыздан оқи аласыздар.

Cурет: inbussines.kz сайтынан
Елімізде биыл өтейін деп жатқан IPO-ға дайындық қыркүйекте басталып кетті. Осымен төртінші рет ұйымдастырылатын IPO-ға бұл жолы “ҚазМұнайГаздың” (ҚМГ) акциялары шығарылмақ. Бағалы қағаздар отандық KASE және AIX биржаларында орналастырылады деп күтілуде. Жеке инвесторлар компания сауда нарығына шықпай тұрып, қатысуға өтініш бере алады.
IPO-ға шыққан компаниялардың акцияларын сатып алу несімен тиімді?
Карантин мен қашықтан оқу кезінде танымалдылығы арта түскен Zoom онлайн-сервисі IPO-ға 2019 жылы сәуірде шыққан болатын. Алғаш рет бір акциясы 36 долларға саудаланған компания IPO-ның бірінші күнін сәтті аяқтады: келесі күні оған тиесілі бағалы қағаздардың құны 72%-ға артып, 62 долларға жетті. Ал локап-мерзімі жабылған соң, акция бағалары тіпті 169%-ға шарықтады. Пандемия өршіп тұрған тұста да Zoom акциялары жоғары сұранысқа ие болып, ең жоғары көрсеткіш 475 долларға (2021 жылдың қарашасы) жетті.
Сол секілді IPO кезінде “ҚазМұнайГаз” акцияларынан жоғары табыс көруге болады. Оның үстіне “Самұрық-Қазына” өкілдері “ҚазМұнайГаз” алдағы үш жыл бойы тұрақты түрде акционерлерге дивидендтер төлейтінін мәлімдеген болатын.
“Ел азаматтарына көкейіне сенім ұялату үшін біз құжаттарымызда "Қазмұнайгаздан" алдағы уақытта төленетін дивидендтердің белгілі бір кепілдендірілген ең төменгі мөлшерін белгілегіміз келеді. Бұл дивидендтер алдағы үш бойы төленіп тұрады деген ойдамыз. Естеріңізде болса, "Қазатомөнеркәсіптің" IPO-сы кезінде біз осындай жүйені қолдандық, тек ол уақытта мерзім 2 жыл болған. Біз "ҚазМұнайГаз" бойынша мерзімді ұзартуды жөн көрдік. Дивидендтер сомасы да қомақты деп айтуға саяды”, – деді Астана "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ” АҚ-ның дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жанәділ.

Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығының сараптама орталығының мамандары 2021 жылы “ҚазМұнайГаз” компаниясы 1,2 трлн теңге табыс көргенін тілге тиек етті. ҚМГ-ның Қазақстан қор биржасындағы дивидендтік болашағы зор компаниялардың біріне айналу мүмкіндігі барын сарапшылар жоққа шығармайды.
“Қазір мұнай бағасы компания үшін тиімді деңгейде (1 баррель үшін 90 доллар) тұр. Тіпті 2021 жылы мұнай 1 баррель үшін 70,7 доллар болған күннің өзінде де ҚМГ кірісі жоғары болды. Қазақстандықтар компанияның акцияларын оның нарықтық құнынан төмен бағамен сатып алады деп күтілуде. Тиісінше, ҚМГ-ның түпкілікті орналастыру бағасы қаржылық талдаушылардың бастапқы есебіне, тапсырыстардың көптігіне, еркін айналым үлесіне және жеңілдік мөлшеріне байланысты болады”, – дейді Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығының сараптама орталығының сарапшылары.
Freedom Finance Global өкілдері де “ҚазМұнайГаз” акцияларын бастапқы орналастыру сәтті өтеді деген ойда екенін жеткізді. Ал IPO-да бағалы қағаз құны келісімді болса, бұл инвесторлардың пайда көруіне септігін тигізеді, дейді олар.
"ҚазМұнайГаздың" IPO-ға шығуы сәтті өтуі керек, өйткені компания – "Самұрық-Қазына" портфелінде ұлттық мәртебесі бар компаниялардың ішіндегі ең маңыздысы. Сонымен қатар бұл мекеме және оның қызметі көптеген адамдар арасында өте танымал, бұл өз кезегінде оң әсер етеді деп ойлаймын. Десек те бұл мәселеде көп нәрсе акцияның орналастыру бағасына тәуелді екенін ескеру қажет. Қазіргі уақытта компания акцияларының бағасы әділ әрі арзан болады деп күтілуде. Сондықтан инвесторлар оның ары қарай өсуіне үміт артуы орынды”, – дейді Freedom Finance Global сарапшысы Данияр Оразбаев.
IPO-ға кім қатыса алады?
Қазақстандықтар арасында инвестор тек қалталы азаматтар бола алады деген жаңсақ пікір қалыптасқаны жасырын емес. Алайда, шын мәнінде, инвестор деп өз қаражатын әртүрлі активтерге, атап айтсақ, жылжымайтын мүлік, алтын, акцияға салып, оның үстінен пайда көретін адамды айтады. Тіпті банкте депозит ашып, кіріс көріп отырған сіз де инвесторсыз.
Бір айта кетерлігі, депозитке қарағанда бағалы қағаздарға инвестиция жасау әлдеқайда ұтымды және ол үшін арнайы білім қажет емес. Мұнымен қоса биржада сауда жасауды небәрі 1000 теңгемен бастауға да болады.

IPO-ға қалай қатысуға болады?
IPO-ға шыққан “ҚазМұнайГаздың” акциясын сатып алу брокердің көмегімен жүзеге асады. Брокерлер тиісті лицензияға ие және олар инвестор мен компания арасында делдал қызметін атқарады. Сол себепті брокерсіз қор нарығында сауда жүргізу мүмкін емес.
Брокер таңдағанда бірінші кезекте оның операциялар жүргізуге деген лицензиясына мән берген жөн. Мұндай құжатты отандық брокерлер үшін елімізде ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағайындайды. Агенттіктің сайтында лицензиясы бар брокерлердің тізімі мен олардың қаржылық есептілігін көруге болады. Одан бөлек, KASE және AIX биржаларының сайттарында да нарықтың толыққанды қатысушыларын білу мүмкіндігі бар.
Бұл тұрғыда шот ашар кезде брокердің нарықтағы тәжірибесіне, комиссия мөлшеріне және клиенттер үшін қарастырылған қосымша қызметтерге мән берген жөн. Брокермен брокерлік шот ашу туралы келісімшарт жасалады, содан кейін бұл шотқа бағалы қағаздарды сатып алу үшін қаражат салынады. Осы орайда ақша аудару процесі ресми төлем арқылы чекпен жүргізілетіне назар аударыңыз.
Қор нарығында инвестиция жасау: Шынайы брокерді алаяқтардан қалай ажыратуға болады
Инвестордың шығындары
Қазақстандықтар елімізде брокерлік қызмет ұсынатын компанияларда тегін брокерлік шот аша алады. Бұл брокерлік шот Қазақстанның орталық депозитарийінде ашылып, сатып алынған бағалы қағаздар осында сақталады. Мұнымен қоса депозитарий акциялардың қауіпсіздігіне кепілдік береді.
Дегенмен IPO бағдарламасы бойынша акцияларды сатып алу кезінде брокер бағалы қағаздардың жалпы сомасынан комиссия ұстайды. Бұл комиссияның мөлшері брокерлік ұйымдарда әртүрлі болуы мүмкін.

Мәселен, IPO кезінде 200 000 теңгеге акция сатып алуды ұйғардыңыз делік. Ол үшін сіз тиісті қаражатты брокерлік шотыңызға аударуыңыз қажет. Бұл тұрғыда банк аударым үшін комиссия ұстайды (шамамен 200 теңге немесе одан жоғары). Орта есеппен брокер ұстайтын комиссия мөлшерін 0,05% деп алайық. Биржа комиссиясы 0,013%-ға жетеді. Орталық депозитарийде бағалы қағаздарды сақтау үшін комиссия 0,002%-ға тең (шотта қалған активтердің орташа көлемі).
Сондағы сіздің шығыныңыз: 200 + 100 + 26 + 4 (бір ай үшін) = 330 теңге.
Айта кетсек, KASE-нің ресми тізіміне енгізіліп, осында сауда-саттық алаңында ашық түрде бағалы қағаздармен жүзеге асырылған операциялардан түскен кірістер салықтан толығымен босатылған. Сонымен қатар AIX-те жүзеге асқан мәмілелерге де салық салынбайды.
Тәуекелдерді бағалау
IPO-да табыс жоғары болғанымен, тәуекелдер де арта түсетінін естен шығармаған абзал. Мысалы, танымал қытайлық Didi такси сервисінің IPO-ға шығуын алып қарайық. Ең алғашқы бағасы 14 доллар болған компания акцияларының қазіргі құны 1,63 долларға құлдырап кеткен.
Сол секілді “ҚазМұнайГаз” сынды мұнай өндіруші компаниялардың акцияларын сатып алудың өзіндік тәуекелдері барын естен шығармау қажет. Мәселен, мұнай бағамына геосаяси жағдайлар, әлемдік дағдарыс, ОПЕК немесе мемлекеттің нарықтағы саясаты сынды дүниелер айтарлықтай әсер етеді. Ал мұнай өндіруші компаниялардың қаржылық көрсеткіштері тікелей қара алтынның бағамына тәуелді.
Бұдан бөлек өндірістегі процестердің істен шығуы мен тасымалдау жүйесіндегі кедергілер де компанияның табысына ықпал етуі мүмкін. Бұл тұрғыда экологиялық тәуекелдер барын да атап өткен жөн. Мұнай өндірушілердің қызметі экологиялық жағдайларға тәуелді болғандықтан, ол үнемі өзгеріп отыратын экологиялық заңдар мен ережелерді сақтауға міндетті.
Тіпті сарапшылардың өзі тәуекелдерді болжап біле алмайды. Осындай тәуекелдерге байланысты компания жыл аяғында кіріс көрмесе, сәйкесінше дивидендтер де төленбейді.
Тәуекел факторларының толық тізімі IPO-ға шыққанда “ҚазМұнайГаздың” акциялар проспектісінде жарияланады.
Сонымен, IPO кезінде азаматтар компания акцияларын сатып алып, жоғарғы табысқа ие бола алады. Дегенмен ол үшін брокерлік шот ашу қажеттілігі туындайды. Осы орайда брокер таңдағанда оның лицензиясына мән беруді ұмытпаңыз және қосымша шығындарды ескеріңіз.
Бұған қоса қор нарығында жоғары табыс бірқатар тәуекелдермен қатар жүретінін есте сақтаған жөн. Сол үшін “екі рет өлшеп, бір рет кесіп”, IPO-ға қатыспас бұрын тәуекелдердің толық тізімімен танысуға ерінбеңіз.
"Адамдар келсе айт, жылауға дайындалайық": Қазақстандықтар жаназа кезінде бастан кешірген жағымсыз жайттары туралы баяндады