Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазандағы оқиғаның куәгерлері мектеп ұстаздарының ерлігі жайлы айтып берді

Қазандағы 175 мектеп-гимназиясында болған сұмдық оқиға кезінде ерлік көрсеткен ұстаздар жайлы оқушылар мен куәгерлер айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Риа Новости порталына сілтеме жасап. 

Қазан қаласындағы мешіттің имамы Рустам Хайруллин сөзінше, оның екі ұлы да осы мектепте оқиды екен. Кіші баласы жарылыстан кейін ұшқан темірдің сынықтары жарақаттаса, үлкен ұлын татар тілінің ұстазы аман алып қалыпты. Оқиғаның қалай болғанын аман қалған оқушының өзі айтып берді. 

"Татар тілі сабағы өтіп жатқан еді. Бір кезде жарылыстың дауысын естідік. Сол уақытта директор дауыс ұлғайтқыш арқылы "кабинеттен шықпаңдар, есікті жауып алыңдар" деп айтты. Бірақ біз түсінбей, сыртқа қарай жүгіре жөнелдік. Терезеден оқушылардың қашып жатқанын көрдік. Дәлізге шыға салсақ, әлгі адам тұр. Ұстазымды атып тастады, сосын бізге оқ жаудырды", - дейді Ахмад есімді сегізінші сынып оқушысы. 

Әкесінің айтуынша, ұстаздары жарақат алса да, соңғы күші қалғанша балаларды қорғауға тырысқан. 

"Мұғаліммен бірге сыртқа шығып кеткендер, өкінішке орай, аман қалмады. Сынып жетекшілері қылмыскерді тоқтатпақшы болып, қолына түскен затқа жармаса жөнелген. Ол балаларды қорғау үшін, өзін оққа тосқандардың бірі болды", - дейді оқушының әкесі. 

Қазір мектеп ұстазы ауруханада жансақтау бөлімінде екен. Сөзінше, оның ұлы оқытушыны тыңдап, партаның астына жасырынып үлгеріпті. Баласының сыныптасы бас сауғалап, үшінші қабаттан секіріп кеткен көрінеді. Қазір жарақат алған оқушы қыз Мәскеуде ауруханада жатыр. 



Имамның екінші ұлы Амин болған жарылыстың кесірінен жарақат алған. 

"Амин сыныптастарымен бірге дене шынықтыру пәніне бара жатқан. Сол кезде жарылыс болып, темір сынықтары оның кеудесін жарақаттаған. Тағы бірнеше бала зардап шекті. Қазір олар Мәскеудегі ауруханада. Балам жансақтау бөлімінде. Есін жиды, жатып тамақ ішіп, сөйлейді. Қазір анасының жанында", - деп қосты имам. 

Бесінші сынып оқушысы сіңілісін дене шынықтыру сабағынын ұстазы құтқарғанын айтады. 

"Сіңілімді жарылыстан кейін шкаф басып қалған. Қайта сол шкаф оны ұшқан сынықтардан құтқарып қалған. Ешкім сіңілімді байқамай қалған. Бәрі сыртқа шығып кеткен. Сол кезде ол әрең дегенде босап шығып, терезеге шығып айқайлай бастаған. Осы уақытта оны дене шынықтыру ағайы көріп, мектептің шығаберісіне дейін көтеріп алып барған", -  дейді оқушы қыз. 

Айта кетсек, 19 жастағы Ильназ Галявиев Қазандағы мектеп-гимназиясына қарумен келіп, шабуыл жасаған. Нәтижесінде жеті оқушы мен екі ұстаз көз жұмды. Қазір қаскөй түрмеде, ол өмір бойына бас бостандығына айырылуы мүмкін. Дәрігерлер оның шизофренияға бейім екенін айтқан. 

Дидар Халық
Жұма, 14 Мамыр, 2021 11:09
Талқылау