Шерзат ісі бойынша үкім, Израиль-Иран қақтығысы, Үндістандағы ұшақ апаты: Маусым айы несімен есте қалды
Фото: Stan.kz коллажы
Маусым айы әлемдік қақтығыстарға толы болды. Израиль-Иран арасындағы кикілжің көпті алаңдатып қойған еді. Ал елімізде қоғамдық резонанс тудырған Шерзат өлімі бойынша сот үкімі шықты. Сонымен қатар министрліктердің басшылары ауысқан. Stan.kz тілшісі осы айдағы маңызды оқиғаларға шолу жасады.
АЭС-ті қай компания салатыны белгілі болды
Үкіметі елдегі алғашқы атом электр станциясын салуға қатысты шешім қабылдап, негізгі мердігер ретінде Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясын таңдады. Ал екінші АЭС жобасына Қытайдың CNNC (China National Nuclear Corporation) компаниясы тартылды.
"Росатом" компаниясы салатын АЭС Жетісу облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен ауылы маңында орналасқан.
Технология: VVER-1200 реакторы (III+ буын).
Құрылысы 2025 жылдың соңына қарай басталып, 2035 жылға дейін дайын болуы керек.
Алмасадам Сатқалиевтің айтуынша, оған14 миллиард доллар, яғни шамамен 6 триллион теңге кетеді. Дайын болғаннан кейін бұл сома өзгеруі мүмкін. Сарапшылардың есебі бойынша, инфрақұрылым мен қауіпсіздік жүйелері қосылғанда құны 20–21 триллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Екінші АЭС-ке CNNC жетекшілік етеді. Әзірге салынатын орны белгісіз.
Технология: Қытайлық HPR1000 реакторы немесе CNNC-тің өзге үлгілері.
Сәтқалиев әлі де Қытай тарапымен тиісті келіссөздер жүргізілетінін айтты.
Екі ведомоство министрі өзгерді
8 маусымда Марат Қарабаев көлік министрі қызметінен босатылды. Бұған дейін ол көлік-логистика саласындағы қателіктері үшін, оның ішінде шекаралық өткізу бекеттерінің ескіргені, транзит жүктердің көрсеткішіне байланысты Тоқаевтан сөгіс алған еді. Президент көлік саласындағы жағдайды сынға алып, саланы жаңғырту жүйелі мәселелер мен жоспарлардың орындалмауына байланысты тежеліп отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы шекарада жүк өткізуге қатысты қиындықтар, көптеген өткізу бекеттерінің қанағаттанарлықсыз жағдайы, ірі инфрақұрылымдық транзиттік жобалардың кестеден кешігіп жатқанына назар аударды.
Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі
Оның орнына ҚТЖ-ның бұрынғы басшысы Нұрлан Сауранбаев көлік министрі лауазымына келді.
Сол күні қорғаныс министрлігінен Руслан Жақсылықов та кетті. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде және кейбір БАҚ-та оның ұсталғаны туралы түрлі ақпарат тарай бастады. Кейбір басылымдарда бұл жағдайдың сыбайлас жемқорлық не қаржылық қылмыстармен байланысты болуы мүмкін екені айтылған.
Фото: Gov.kz
Михаил Козачков Жақсылықовтың расымен де бір қылмыстық іс аясында тексеріліп жатқанын жазды. Оның айтуынша, арнайы қызметтер "шұғыл тергеу әрекеттерін", яғни тінту жұмыстарын жүргізген. Бірақ әзірге Жақсылықов күдікті ретінде танылған жоқ. Қаржы мониторингі агенттігі, Бас әскери прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Руслан Жақсылықовқа қатысты қылмыстық іс тіркелмегенін хабарлады. Астана полициясы “Жалған ақпарат тарату” бойынша қылмыстық іс қозғады.
30 маусымда Руслан Жақсылықов Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының бірінші орынбасары қызметіне кірісті.
Ал қорғаныс министрі лауазымына мемлекет басшысының жарлығымен Дәурен Қосанов тағайындалды.
Президент рақымшылық туралы заңға қол қойды
Қасым-Жомарт Тоқаев 23 маусымда "Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңға қол қойды. Амнистияға 15 000-нан астам адам ілінбек. Оның ішінде шамамен 2000 адам босатылады, қалғандарының жаза мерзімі қысқарады.
Алайда аса ауыр санаттағы қылмыс жасағандар, оның ішінде жемқорлық, терроризм, экстремизм, ұйымдасқан қылмыстық топ бойынша сотталғандарға, бірнеше рет қылмыс жасағандарға рақымшылық берілмейді. Баласы бар әйелдерге, қарттарға, кәмелетке толмағандарға және басқа да әлеуметтік осал топтарға кешірім беріледі.
“Түрмелер тек жазалау құралы емес, адамдардың қоғамға қайта оралуына көмектесетін мекеме болуы керек. Мұны жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет. Әл-Фарабидің сөзімен айтсақ, бұл – шын мәнінде қайырымды елге тән сипат”, – деді мемлекет басшысы.
Қазақстанда енді жігіттерді әскерге көшеден алып кетуге болмайды
Сенат депутаттары әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу туралы заңға енгізілген өзгерістерді мақұлдады. Енді қазақстандықтар әскерге борышын өтеуді білім алу үшін тек әрбір білім деңгейі бойынша бір рет қана кейінге қалдыра алады.
Сонымен қатар әскерге шақырту үшін 1414 нөмірінен SМS-хабарлама жіберіледі. Бұрынғыдай жігіттерді көшеден алып кетуге тыйым салынған. Егер хабарламаны алушы оны елемей тастаса, онда мәселе Әкімшілік кодекс аясында шешіледі.
Әскери борышын өтеген қазақстандықтар жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ, ақылы түрде түсе алады. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитындар грантты өтеуге міндеттелмейді.
Бұдан өзге де әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Мәселен, 15 жыл еңбек өтілі бар әскери қызметшілердің балалары әскери жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдікке ие болады.
Шерзат өлімі бойынша сот үкімі
2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ.
Осы жайттан соң Талғар ауданының әкімі, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы қызметінен кетті. Тергеу бөлімінің жетекшілері мен жекелеген тергеушілер де қызметтік тергеуге тартылды және кейбірі ішкі істер органынан шығарылған.
Шерзаттың өліміне қатысты сот 10 сәуірде басталып, 5 маусымда сот шешімі шықты.
Судья Ержан Жанұзақовтың басқарып отырған үкіміне сәйкес:
- Абзал Шынасыл – 23 жыл
- Равиль Сакиев – 20 жыл
- Азамат Тоқтаубаев – 15 жыл (бұрынғы соттылықты қосып есептелді)
- Нұрқияс Ілиясов – 9 жыл
- Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет – әрқайсысы 7 жылға сотталған
- Думан Ысқақ (17 жас) 1 жыл 6 айға сотталды.
Сот жәбірленуші тараптың өтемдерін ішінара қанағаттандырып:
-
Абзал Шынасыл – 60 млн теңге
-
Сакиев – 30 млн теңге,
-
Қалған сотталушылар (Д. Ысқақтан басқа) әрқайсысы 30 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуіне міндеттелді.
Прокурор Нұрбекова, Жақсыкелді, Қазакенов, Рузбакиев бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы облысы полициясына жолдама берді.
Алайда сотталушылар үкіммен келіспейді. Шыңғыс Белғожаев пен Думан Ысқақтан басқа сотталғандар мен олардың қорғаушылары апелляциялық шағым түсірген.
Астанадағы автобус апаты: Аяғынан айырылған 8 жасар қыздың жағдайы
2 маусымда Астанада кешкі уақытта автобустың жүргізушісі басқарманы басқара алмай қалып, Республика даңғылындағы бағанаға соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 15 адам зардап шекті. Оның ішінде 8 жасар Алуа Бекен қатты жарақаттанып, аяғынан айырылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші маневр жасау кезінде рөлге ие бола алмай, жарық бағанасына соғылған.
Астана ПД бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі "Жол қозғалысы ережелерін бұзу, салдарынан адам өліміне немесе ауыр зиян келтіруге әкелу" бойынша қылмыстық іс қозғады. Жүргізушінің мас болмағаны расталды.
Осы оқиғадан кейін желіде резонанс туып, отбасыға көмек көрсету керек екені айтылды. Астана автопаркі зардап шеккен баланың отбасына өмір бойы көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Сақтандыру есебінен 20 миллион теңге, ал елорда әкімдігінен 30 миллион теңгедей берілді. Астана қаласының әкімдігі жеке демеушімен бірлесіп, отбасыға елордадағы жаңа тұрғын үй кешенінен төрт бөлмелі пәтердің сертификатын табыстады. Үй қазанда дайын болады дейді.
Одан бөлек протез бен емнің шығынын мемлекет көтеретін болды.
Әлемде не болды?
Үндістанда 242 адамы бар ұшақ апатқа ұшырады
12 маусымда Үндістанда Ахмедабад қаласында Air India әуекомпаниясына тиесілі Boeing 787 Dreamliner ұшағы Лондонға бет алған еді. Ол әуежайдан ұшып шыққаннан кейін бірнеше секунд ішінде апатқа ұшырады. Ұшақ BJ Medical College студенттік жатақханасына соқтығысқан.
Ұшақ бортында 242 адам болған – 230 жолаушы және 12 экипаж мүшесі. Бортта Үндістан азаматтарынан бөлек, Ұлыбританияның 53 азаматы, Португалияның жеті азаматы және Канаданың бір азаматы болған еді. Борттағы тек бір адам тірі қалды, ол 40 жастағы Вишвас Кумар Рамеш Ұлыбритания азаматы екен. Рамеш Үндістандағы отбасына қонаққа келіп, Ұлыбританияға бауырымен бірге қайтып бара жатқан.
Рамеш 11A орнында отырғаны белгілі. Ол жедел түрде ауруханаға жеткізілді.
Кейін мерт болғандар саны 279-дан асты. Ұшақ құлаған медициналық колледж жатақханасында болған он студент, жатақхана ғимараты маңында болған жаяу жүргіншілер мен көше саудагерлері де бар.
АҚШ, Ұлыбритания және басқа халықаралық қауіпсіздік агенттіктерімен бірлескен тергеу жүргізіліп жатыр.
Бортта аман қалған жалғыз адам есін жиған соң, жағдайды баяндап берді. Одан бөлек тағы бір студент ұшаққа 10 минутқа кешігіп, рейске мінбей қалған екен. Ол кептелістің арқасында аман қалғанын айтты.
Израиль-Иран қақтығысы
Израильдің стратегиялық әрекеті 13 маусымда басталды. Израиль 200-ден астам соққысымен Иранның ядролық зертханалары мен әскери базаларын, соның ішінде Тегеран, Исфахан, Натанз және Парчин аймақтарын бомбалады. Бұл шабуылдардан жоғары лауазымды құрылған офицерлер мен ядролық ғалымдар, сонымен бірге бейбіт тұрғындар да жаппай қаза тапты. "Хатам аль-Анбия" штаб-пәтерінің қолбасшысы, генерал-майор Голамали Рашид мерт болды.
Израиль билігі операция еврей мемлекетіне төнген қауіп-қатердің алдын алу мақсатында жасалғанын айтты, өйткені Израиль әскери және барлау қызметкерлерінің мәліметінше, Иранның қысқа уақыт ішінде ядролық қару жасауда "оралу нүктесі жоқ сәтке" жақындаған.
Израиль алдын алу соққысына ұзақ уақыт бойы дайындалғаны белгілі болы. Израиль қорғаныс армиясы (IDF) мен "Моссад" барлау қызметі кең ауқымды барлау базасын құрған, оның ішінде Иранның ядролық бағдарламасы мен әскери инфрақұрылымына жауапты лауазымды өкілдері туралы деректер қамтылған.
Жорық аясында Израиль Иранның зымыран әлеуетіне нұқсан келтіруге бағытталған жасырын диверсиялық операциялар жүргізген. Негізгі мақсат стратегиялық зымырандар мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің инфрақұрылымын бейтараптандыру болған.
Israel Hayom басылымы дереккөздерінің хабарлауынша, операциялардың бірінші кезеңінде "Моссад" арнайы бөлімшелері Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері маңында жоғары дәлдіктегі қару жүйелерін орналастырған. Израиль әуе шабуылдары басталғанда бұл жүйелер белсендіру сигналдарын алып, нысаналарға синхронды түрде соққы берген.
Екінші кезеңде Израиль жағы Иранда аумағына ала орналастырылған мобильді соққы платформаларын пайдаланған. Олардың міндеті Израиль авиациясына қауіп төндіретін Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін басып-жаншу болған. Операцияны бастау туралы сигнал берілгенде бұл жүйелер нысаналарды жойып, көктегі басымдықты қамтамасыз еткен.
Үшінші кезеңде шабуылдан бірнеше ай бұрын ұшыруға дайындалған жарылғыш дрондар пайдаланылған. Израиль агенттері ұшқышсыз ұшақтарды Иран аумағына орналастырған. Операцияның белсенді кезеңінде дрондар іске қосылып, Иранның баллистикалық зымыран тасығыштарына соққы жасаған.
2 күннен кейін Иран бұл шабуылдарға жауап берді. Тегеранға 200 баллистикалық зымыран атылды.
Кейін екі ел арасындағы кикілжің де Трамп араласып, келісімге келуге шақырды. 24 маусымда Иран соғысты тоқтату режимін қабылдады. Келісім АҚШ пен Катардың бірлескен делдалдығының нәтижесі болды. Дональд Трамп бітімгершілік келісімі АҚШ-тың шабуылының арқасында болғанын мәлімдеді.
Алайда бірнеше сағаттан кейін келісім бұзылып, Израиль Иран тарапынан шабуыл жасалғанын айтты. Трамп қайтадан араласып, екі елді келісімді бұзды деп айыптады.
12 күндік жанжал салдарынан Иранда 600-ден астам, Израильде ондаған адам қаза тапты.
Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Қазақстандық әуекомпанияларына 6 елдің әуе кеңістігінің үстінен, ішінде және маңайында ұшуына тыйым салынды. Салдарынан көптеген қазақстандық БАӘ, т.б. елдерден қайта алмай қалды. Кейін олар кезекпен-кезек эвакуациялана бастады.
АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасады
АҚШ 22 маусымда Иранның үш негізгі ядролық нысаны – Фордо, Натанзу мен Исфаханға соққы жасады. Трамптың сөзінше, америкалық ұшақтар Иранның әуе кеңістігінен шығып кеткен. Сондай-ақ ол "бейбітшілік орнататын кез келді" деп жазды. Келесі күні B-2 Spirit ұшақтары Иранның стратегиялық радарларын, зымыран сақтау қоймаларын, тіпті ядролық зерттеушілердің резиденцияларын көздеді. CIA директорының айтуынша, Исфахандағы металл-конверсия объектісі айтарлықтай зақымдалды. Бұл соққылар Иранның ядролық бағдарламасының дамуын 1,5–2 жылға артқа шегерді.
Осыдан кейін Иран Құрама Штаттардың Таяу Шығыстағы негізгі әскери базаларына зымырандармен соққы жасады. Катардағы Al Udeid әуе базасын баллистикалық зымырандармен шабуылдады.
Ал Бахрейндегі Naval Support Activity Bahrain теңіз базасына дронмен шабуыл жасады. Америкалық әскерилер дронның басым бөлігін атып түсіргенімен, бір әскери техника қоймасы зақымдалды.

Азық-түлік, газ, темекі қымбаттайды, әскерилер үйді жекешелендіріп ала алады: Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді
