Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрі-дәрмек арзандап, газ бен тариф қымбаттайды, әскерилер үйді жекешелендіріп ала алады: Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді

Қазақстанда газ бағасы өсіп, дәрі-дәрмек қымбаттайдыФото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанда 1 шілдеден бастап дәрі-дәрмек арзандайды, үй алудың жаңа мүмкіндіктері пайда болады, балабақшаға бару тәртібі жеңілдейді. Енді емханаға тіркелу де басқаша, сотқа шағым беру оңай, ал Ресейге бару қиындай түседі. Stan.kz ақпарат агенттігі осы айда тағы қандай маңызды өзгерістер болатынын толығырақ қамтыды.

Дәрі-дәрмек арзандайды

Жақсы жаңалық! 1 шілдеден бастап дәріханалардағы дәрілердің бағасы 30%-ға дейін төмендейді.  Баға 6 мыңнан аса дәрі түріне қатысты қайта есептелмек. Сондықтан процесс біртіндеп жүреді, нәтиже жақсы болмақ. Маркетингке, тасымалдауға, кеденге кететін қосымша шығындар енді есепке алынбайды.

Сонымен қатар дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге қосылатын салық та алып тасталады. Сөйтіп дәрілер бұрынғыдан арзан болады. 

дәрі-дәрмек pixabay.comФото: pixabay.com

Газ бен коммуналдық тарифтер өзгереді

1 шілдеден бастап кей өңірлерде, әсіресе Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстарында ірі кәсіпорындар мен майнинг компанияларға газ бағасы айтарлықтай көтеріледі. Тауарлық газдың бағасы 1000 текше метрге 76 686 теңгеге дейін өседі. Шығыс Қазақстан облысында бұл баға – 13 069 теңге болады.

Ал қарапайым халық үшін баға біршама төмен болады. Мысалы, Алматыда бөлшек тұтынушылар үшін газдың бағасы 1000 текше метрге 39 979 теңгеге дейін өседі. Қарапайым тұрғындарға бірден әсер етпейді, бірақ коммуналдық қызметтерді көрсететін мекемелердің шығыны көбейсе, бұл түптеп келгенде тарифке әсер етуі мүмкін.

Енді үйдегі қарапайым халық үшін жылу 20%-ға артады, бір гигакалориясы 7 007 теңге болады. Бизнес өкілдері 30%-ға артық төлейді – 16 731 теңге 57 тиын. Ал мектеп, аурухана сияқты бюджеттік мекемелер үшін жылу 36%-ға өседі. Мұндай шешім қабылдаған себебі жылу жүйелерінің 60%-ы ескірген, жиі бұзылады. Сол себепті тарифті көтеріп, сол ақшаны жөндеуге жұмсамақ. Су мен кәріз қызметі де қымбаттайды. Енді бір текше метр су үшін 55 теңге 2 тиын, ал кәріз үшін 32 теңге 74 тиын төлеу керек болады.

Газ pixabay.comФото: pixabay.com

Емханада тіркелу жүйесі өзгереді

Енді әр азамат өзі тұратын мекенжайға жақын емханаға тіркеліп, сол жерде тұрақты түрде бақылауда болады. Яғни сенің "жеке" терапевтің болады. Енді сенің денсаулығыңды бір дәрігер басынан бастап қарайды. Сонымен қатар емделу барысы ашық, есеп-қисап электронды түрде жүргізіледі. Қосымша төлемдер азаяды.

емханадағы тіркелуФото: medmebel.ru

Ипотека беру тәртібі өзгереді

1 шілдеден кейін жұмысқа кіретін күштік құрылымдарындағы қызметкерлерге үй мәселесі бойынша жаңа тәртіп енгізілмек. Егер адам 20 жылдан аса қызмет етсе, оған мемлекеттен берілген пәтерді тегін жеке атына аударуға рұқсат беріледі. Үйді тегін жекешелендіріп ала алады. Сондай-ақ мемлекет төлейтін тұрғын үй төлемі енді тек 90 шаршы метрге дейінгі пәтерлерге ғана есептеледі.

Бұл төлемді:

•    үй сатып алуға,
•    пәтер жалдауға немесе арнайы жинақ шотына салып, кейін тек ипотеканы төлеуге жұмсауға болады.

Бірақ бұл жаңа ереже тек 2025 жылдың шілдесінен кейін қызметке кіретіндерге қатысты. Бұрыннан жұмыс істеп жүргендер үшін бәрі бұрынғыша қала береді.

Арнайы төлем прокуратура қызметкерлеріне де тағайындалмақ

Қазір үй жалдауға немесе сатып алуға арналған төлемді әскерилер, полиция, арнайы қызмет пен сыбайлас жемқорлық қызметіндегі тергеушілер ғана алып жүр. Енді сол төлемді басқа мамандық иелеріне де беру ұсынылып жатыр. Атап айтқанда, прокуратурада, төтенше жағдайлар қызметінде (өрт сөндіруші, құтқарушы тағы басқа) істейтіндерге, экономикалық тергеу саласындағы қызметкерлерге де сол мүмкіндік берілуі мүмкін. Яғни бұл өзгеріс қабылданса, олар да мемлекеттен үй үшін төлем алып, жалдап тұра алады немесе ипотекаға жинай алады.

әскерилерге ипотека рәсімдеу шарты өзгередіФото: voenadvokat.ru

Сот жүйесі жаңарады

Бұрын сот шешімімен келіспесең, бірден арызыңды кассациялық сотқа жібере алмайтын едің. Алдымен қаралуға рұқсат керек еді. Енді мұндай кедергі жоқ, себебі арызыңды бірден жібересің, олар тікелей қарайды. 

Сонымен қатар судья қателесіп, заңды бұзса, енді жай ескерту алып қана қоймайды, нақты тәртіптік жауапқа тартылады. Осылайша әділетті шешімдердің артуына көмектеседі.

Әкімшілік іс жүргізудегі өзгерістер

Енді кей әкімшілік істерді тек тұрғылықты мекенжайға байланысты емес, қай жерде қарау ыңғайлы болса, сол жердегі сот қарай береді. Сонымен қатар апелляциялық сот шешімдері бұрынғыдай 15-30 күн күтіп жатпай, сол күні күшіне енеді. Бұл уақытты үнемдейді және процесті жеделдетеді.

сот жүйесіндегі өзгерістерФото: pixabay.com

Балабақшаға ваучер жүйесі енгізіледі

Бұрын мемлекет ақшаны балабақшаларға беретін. Енді әр бала үшін жеке ваучер беріледі. Ата-ана өзі қалаған, яғни жекеменшік немесе мемлекеттік балабақшаға сол ваучермен апарады. Бұдан кейін балабақшалар арасында бәсеке тудырып, қызмет сапасын арттыруға көмектеседі.

Баланың заңды өкілі ретінде тағы кімдер бола алады?

Бұрын баланың заңды өкілі дегенде тек ата-анасы ғана саналатын. Енді бұл қатарға қамқоршы, асырап алушы, патронат тәрбиелеуші де кіреді. Мысалы, ата-анасы жоқ балаға қамқор болған туысы да енді толық заңды өкілі болады. Бұл баланың құқықтарын толық қорғауға мүмкіндік береді.

ата-аналар балабақшаны өздері таңдай алады pixabay.comФото: pixabay.com

Beeline-ның тарифтері өседі

21 шілдеден бастап Beeline-ның кейбір тарифтерінің ай сайынғы төлемі өседі. Бұл, әсіресе, бұрынғы (мұрағаттағы) тарифтерге қатысты болады.

Мысалы:

"Супер за 3990", "Супер за 4990", "Супер за 5990",
"Всё за 1390 архив", "Всё за 3990 архив",
"Всё за 4290 архивный", "Всё за 4990 архив",
"Всё за 5990 архивный", "Всё за 6990 архивный"
және "АНЛИМ FHD за 6990 архив" тарифтері.

Beeline мұны байланыс сапасын сақтап қалу үшін жасалып жатқанын айтады. Өйткені сұраныс артып, инфляция мен жабдықтарды күтіп-баптауға кететін шығын да көбейген. Компания өз желісін дамытуға, жаңа базалық станциялар орнатып, интернет пен байланыс сапасын жақсартуға көп қаржы құйып жатқанын да атап өтті.

Beeline тарифтерінің ай сайынғы бағасы өседіФото: yandex.kz / Дамир Аликулов

Ресейге кіру тәртібі өзгереді

2025 жылдың 30 маусымынан бастап Ресейге бару біраз қиындайды. Енді шекарадан өту үшін алдын ала электронды өтініш толтыру керек болады. Ең бастысы, бұл өтінішті жоспарланған сапардан кем дегенде 72 сағат бұрын жіберу қажет.

Ал егер шұғыл жағдай болса, мысалы, жақын туысы қайтыс болды немесе шұғыл емделу керек болса, ол кезде 4 сағат бұрын ескертуге рұқсат беріледі. Қазақ паспортымен баратындар үшін де өзгеріс бар. Бүгіннен бастап Ресейге кіретін барлық адам шекарада:
•    саусақ ізін тапсырып,
•    суретке түсіп кетуі керек болады.
Бұрын бұл талап тек Мәскеу әуежайлары мен Маштаково шекара бекетінде ғана болатын. Енді барлық жерде қолданылады.

Ұшатын бағыттар көбейеді

2 шілдеден бастап Петропавлдан тікелей Шарм-эль-Шейхке (Египет) ұшуға болады. Енді шетелге демалысқа бару бұрынғыдан да ыңғайлырақ болмақ.
Ал Шымкенттен ұшатындар үшін де жақсы жаңалық бар. 2 шілдеден бастап Шымкенттен Қытайдың Сиань қаласына апта сайын сәрсенбі мен сенбіде ұшақ қатынайды. Ал 4 шілдеден бастап Үрімшіге сейсенбі және жұма күндері рейстер ашылады.

әуе рейстері тікелей қатынайды pixabay.comФото: pixabay.com

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 01 Шілде, 2025 09:00
Талқылау