Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақтар тәрбиелісіңдер деді": Леонид Агутин Әміреге не үшін ұрысты?

Қазақстандық Ернар Садырбаев (Әміре) Ресейдің "Голос" жобасын сәтті аяқтады. Финалға дейін жетіп, үшінші орын алғанымен, көпшілік оны жеңімпаз болуға лайық деп санады. Ал Ернардың өзі жеңіске жетпегеніне өкінбейді. Себебі бірінші орын алған жағдайда, келісім-шартқа қол қойып, белгілі бір шектеулерге тап болар едім, дейді. Осы және жобадағы өзге де қызықтар жайлы Әміре Тимур Балымбетовке сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Садырбаев "Голос" жобасында Дима Биланды өзіне тәлімгер ретінде таңдады. Алайда көпшілік оны стилі мен ән айту мәнері бойынша Леонид Агутинге ұқсайтынын айтып, сол кісінің командасына баруға кеңес берген көрінеді. Бұл жайлы Ернардың өзі: 

"Леонид Агутин өзінің командасына өткенімді өте қатты қалады. Кейін менеджерлер жаныма келіп: "Неге Агутинді таңдамадың? Ол сені өз командасынан көргісі келді. Бір-бірлеріңізге келесіздер", –  деді. 

Пелагея да жақсы пікір білдірді. Соңында Дима Биланды таңдадым. Әрдайым ішкі түйсігімді тыңдайтын адаммын. Ең аз сөйлеген Дима болды. Қатты мақтаған жоқ, жай ғана айта салды. Сол кезде өзі блокнотқа: "Ернара ко мне", – деп жазыпты. Өзі айтты. 



Соңына дейін кімге өтетінімді білмедім. Градский немесе Билан деп ойладым. Агутиннің музыкасынан қорықтым, шыны керек. Оны қаншалықты алып шыға аламын деп жауапкершіліктен қорықтым. Ал Билан жан-жақты, классикаға да, эстрадаға да жақын. Сол жағынан маған да жақын. Эстрада, шоу-бизнестен бөлек, классика, ретро бағытында айтқан әндері маған ұнайтын еді.

Іштей Биланға баратынымды түсіндім. Бірақ Градский екеуінің арасында таңдау болды. Оған екі әріптесім Әлішер Кәрімов пен Әділхан Макин өтті", - деген Ернар сол себепті де Диманы таңдағанын атап өтті. 

Әнші бұған өкінбейтінін, керісінше "өте дұрыс шешім" болғанын атап өтті. 

"Көбісі маған: "Ол өте қатал адам. Сенің сөзің болмай қалады, ол тыңдамайды. Мысы басады. Ал Градский немесе Агутин сені ашатын еді", - деді. Бірақ Димамен сөйлескенде барлығын дұрыс жасағанымды түсіндім. Ол: "Мен сенің шығармашылығыңа, осы жобада таңдаған әндеріңе кіріспеймін", – деді. – Осы күнге дейін мен кірісетін едім, өзім таңдайтын едім. Бірақ бұл жолы екеуміз бірге таңдаймыз, сенің ойың міндетті түрде бағаланады. Сен өз жұмысыңды керемет білесің, мен тек бағыт беріп отырамын", - деп Дима Биланның сөзін еске алды Ернар.

Садырбаев жоба барысында жұмыс кестесінің тығыз болғанын жеткізді. Айтуынша, Дима Биланның тіптен уақыты болмаған. Алайда соған қарамастан, екеуі үнемі онлайн байланыста болып, өзара келісіп отырған. Сырттай Дима туралы көптеген алып-қашпа әңгімелер айтылғанымен, Ернар тәлімгерінің "өмірге терең бойлайтын" адам екенін атап өтті. Сондай-ақ "Билан сияқты Қазақстанда бірде-бір әділ-қазы мүшесі маған сенген емес" деп мәлімдеді.

"Әжетханаларда, душта дайындалған кездерім болды. Себебі уақыт болмады. Барлық уақытым тығыз кестеге құрылған еді. Алматыда, Астанада, тойларда жүрдім. Диманың берген тапсырмаларын орындап, өзіне жіберіп отырдым",-  дейді Ернар Садырбаев.

Әнші жоба кезінде өзге тәлімгерлермен де достасып кеткенін жасырмады. Шоу аяқталған соң, әділқазылармен дастархандас болып, таңға дейін емен-жарқын әңгімелескенін де ашып айтты. Леонид Агутиннің ұрысқанын еске алды. 



"Агутин аға маған ұрысты. "Мен түсінемін, сендер қазақтар тәрбиелісіңдер, түзусіңдер деді. Бірақ неге сен сахнада эмоцияңды көрсетпейсің? Менде сенің даусың болғанда, бүкіл әлемді шарлайтын едім. Ешкімді тыңдамайтын едім. Неге сен сондай ұялшақсың? Ұстамдысың? Жансай, жарқырасай!” –  деп ұрысты.

Ол біреуден қорыққанымнан немесе ұялғанымнан емес, өзімнің болмысым сондай. Қазақы тәрбие деп айтамыз ба, отбасымның берген тәрбиесі сол.

Ол маған “а-ха-ха деп күліп жүрсей” деп айтады, мен олай жүре алмаймын, дедім. Ондай қазақтың жігіттері де бар, бәлкім, бірақ мен ондай бола алмаймын. Нөмірін беріп, кез-келген уақытта хабарласуыма болатынын айтты. Батырды (авт. Шүкенов) көп еске алды. "Мен сенен Батырды көремін. Сенің жай отыруға құқығың жоқ. Даусыңды көрсету керексің" деді", – дейді Садырбаев.

 

Талқылау