Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ пен неміс – Абайдың шегірткесі мен құмырсқасы секілді": Германиядағы жерлесіміз Еуропадағы өмірі мен шетелдік медицина жайлы айтты

Серік Тұрсын 30 жылдан астам Еуропада тұрып келеді. Қазақстанда жас мамандарға жағдай жасалмағандықтан елден кетуге мәжбүр болғанын айтқан ол қазір Швейцарияда жеке емхананы басқарады. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында шетелдегі жерлесіміз Еуропадағы өмірі, мұндағы қазақтардың тұрмысы, отандық медицина жайлы айтып берді. 

– Серік аға, өзіңіз, отбасыңыз жайлы айтып бересіз бе? Еуропаға қашан аяқ бастыңыздар?

– Жалпы өзім Павлодар облысының тумасымын. Екібастұз ауданындағы Төртүй ауылындағы қазақ мектебін тәмамдадым. Әскер қатарында да болдым. Қазіргі елордамыз – бұрынғы Целиноград қаласында медицина мамандығын оқып шықтым. Институтты бітірген соң, мамандық бойынша жұмыс істедім. Германияға 1995 жылы көшіп кеттім. Бұл жақта біздің дипломдарды дәлелдеу үшін емтихан тапсырдық. 2000 жылдардан бері Германияда экономикалық дағдарыс болып, ойлана келе Швейцарияға көшіп кеттік. 2010 жылдан бастап Швейцарияда тұрамыз. Берн отбасылық дәрігерлер институтында жұмыс істеймін, бұған қоса өз клиникамыз да бар. Ішінде дәріхана, лаборатория, медициналық тексерістен өткізетін аппараттарымыз да бар. Жалпы Қазақстанда мүмкіндіктер аз болғандықтан Еуропаға көшуді ұйғардық. Себебі бұл жақта мүмкіндік өте көп, дәрігерлерге жол ашық. Болашақта мамандарға жағдай жасалады деген ниеттемін. 

Келіншегім Сәуле өзіммен бірге жұмыс істейді, клиникамыздың қаржы жағын басқарады. Өзі Алматы қаласының тумасы, Алматының ауыл шаруашылық институтын бітірген. Төрт перзентіміз бар, үлкендері ержетіп қойды. Біреуі Германияда, екіншісі Америка жерінде тұрады. Кейінгі екеуі қасымызда. Кенжеміз 15 жаста.

– Балаларыңыз ана тілдерін біледі ме?

– Балаларым бес тілде – қазақ, орыс, француз, неміс, ағылшын тілдерінде сөйлейді. Қай тілді естісе, сол тілде жауап береді. Ол жағынан ешқандай қыспақ жоқ. Өйткені бір-бірімізді түсіне береміз.

– Неліктен бастапқыда таңдауыңыз Германияға түсті?

– Ол кезде жас едік. Мақсатымыз Қазақстанға қайтып келіп жұмыс істеу болатын. Бәріміз осындай оймен шықтық. Шетелге қоныс аудару оңай емес. Бірінші тілді білу керек, содан кейін дипломды дәлелдейміз. Германияда терапевт болу үшін алты жыл, хирург болу үшін тағы да оқиды. Барлық мамандар алты жыл жұмыс істеп, оқуын оқып  емтихан тапсырады. Өзім Қазақстаннан келгеннен кейін алты жыл оқуым керек болды. Елдегі жұмыс істеген орындардан қағаздарымды алып келдім. Олар жұмысқа алды. Кейінірек жеке клиника ашу үшін жұмыстан шықтым. Өздері де сол жағынан бағыт берген болатын. Банктен несие алып, өз клиникамда жұмыс істеуді бастап кеттім. Осылай Германияда қалып қойдық. Қазақстанда еңбек ету қиындау, көптеген кедергілер бары жасырын емес. Мәселен, тарифті алайық, дәрігердің күніне қанша адамның қабылдағаны есептеледі. Осыдан кейін науқастардың жағдайына мән беру деген болмайды. Медицинаның дамуына осындай тежеулер бар. Бұл жағына үлкен реформаны қажет етеді. Ал Германияда бас ауыртып, жүйкені тоздырып, уайымға салыну деген атымен жоқ.

– Еуропалықтар қазақтардан несімен ерекшеленеді?

Қазақтар мен немістерді салыстырып көрейін. Екі ұлт – Абай Құнанбайұлының құмырсқасы мен шегірткесі секілді деп айтуға саяды. Біреуі секіріп ән салып, әлі күнге дейін той тойлап жүр. Ал біреуі таң атысынан кешке дейін тыңбай еңбек етіп, болашағына қамданып жүр. Неміс халқы күнделікті жұмысын ертеңге тастамайды. Міне, осындай үлкен айырмашылық бар деп айтар едім. Адам баласы туғанда бәріміз бірдейміз. Оның басы мен дене құрылысы да бірдей. Бірақ бәрі алған білім мен тәрбиеге байланысты.  Сондықтан әке-шешесі той тойлап жүрсе, ертең балалары мен немерелері де соны жасайды. Жастайынан еңбекке баулып өсірсе, балапан да ұшқанда соны іледі. 

Қазақтар немістерді еңбекқор халыққа балайды. Біз де олардан кем түспейміз, алайда Қазақстанда қолбайлау болатын дүниелер көп. Мысалы, салықты алайық. Қай қазақ үйін тап-тұйнақтай етіп жинап отырғысы келмейді? Бірақ олай істейін десе, салық қыспаққа алады. Үйіне жөндеу жұмыстарын жасамақ түгілі бір есігін ауыстыруға шамалары келмейді. Өйткені төлейтін салық көп, табыс аз. Міне, осы дүние өзгермейінше, қоғам да өзгермейді. 

– Еуропалықтардың дәрігерлерге деген құрметі қандай?

– Шыны керек, соңғы рет елде 90-жылдары жұмыс істедім. Ол кезде халықтың дәрігерлерге көзқарасы жақсы болатын. Енді бүгінмен салыстырғанда дәрігерлер халық арасында ол кезде сыйлы болды. Германияда халық бір-бірін бөлмейді. Бірақ бір ортада отырып, дәрігер екендігімізді айтсақ, дәрежеміз көтеріліп қалады. Еуропа халқы дәрігерлердің жұмысын жоғары бағалайды. Бұл жақтың мамандары біліктілік жағынан да жоғары. Өз ойым – Қазақстанда ақ халаттылар жалақыларының үстінен тағы да пайда көргісі келеді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Жалақы төленгендіктен жұмысыңды жақсылап атқару керек, халықтың қалтасына қол сұғу да дұрыс емес. Медицина дамуы үшін әр дәрігер өз жауапкершілігін сезіну керек. Кез келген ғылыми жаңалықтар мен хабарларды өмірбойы оқыған жөн. Біздің еңбегіміз келген науқастарымыздың санынан көрінеді. Сондықтан пациент үшін барымызды салу керек.

– Қазіргі таңда қазақстандық мамандар, оның ішінде дәрігерлер шетелге ағылуда. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Кетіп жатқан жас мамандар – өздерін білімді деп санайтындар. Ондай азаматтарға Қазақстанда өздерін көрсетуге жол ашылмаған. Шенеунікте өз балаларын жоғарыға сүйрелейді. Барлық мәселе осыдан басталады. Ал нағыз білімді мамандар сыртта қалып кетеді. Шетелде жүрген отандық дәрігерлердің арасында қазақтар басым. Өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Өздеріне жол аша алмаған жастарымыз елден кетіп қалады. Шетелге келіп дамыған елдің азаматтарымен тең отыру, жастарымыздың білім деңгейін көрсетеді.

– Қалай ойлайсыз, еліміздің денсаулық сақтау жүйесі еуропалық деңгейге қашан жетеді? 

– Медицина барлық жерде бірдей. Дегенмен Қазақстанда шикілік көп. Елде мамандарды Болон жүйесімен оқытамыз дейді. Оған қоса Қазақстанда ғылыми дәрежедегі ғалымдар жетерлік, олардың әрбірінің бірнеше диплом мен атақ дәрежелері бар. Бірақ, түптеп келгенде, барлығы бірдей жастардың деңгейін көтереді дегенге сенбеймін. Мәселен, Назарбаев университетін алайық. Мұнда америкалық оқыту жүйесі негізге алынған. Дегенмен АҚШ-та ЖОО түлектері арнайы емтихан тапсырып, дүниежүзінде жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Қазақстанда мұндай емтихан атымен жоқ. Айтқым келгені, америкалық әдіс-тәсілдермен оқып, кейін маман іс-тәжірибесін басқа елде көрсете алмаса, мұның керегі де шамалы. Бұл саяси шешімдердің қателігі деп есептеймін. Еуропа деңгейіне жету үшін әрбір бағдарламаны толық енгізу керек. Сонда ел медицинасы тіпті бір жыл ішінде жоғары деңгейге көтерілер еді. 

Елдегі денсаулық сақтау жүйесі халықтан ақшаны сыпырып алуға бағытталған.  Халық өздерінің денсаулығына өздері ақша жинап жүр. Әлеуметтік желілерді ашсаңыз, бәрі де ем-домына қаражат сұрайды. Сонда үкіметтің әр азаматқа бюджеттен бөлетін ақшасы қайда кетеді? 

– Еуропалықтардың Қазақстан туралы көзқарасы қандай?

– Бұл сұраққа бір сөзбен жауап беру қиын. Еуропаның көбі Қазақстанның қайда екенін де білмейді. Әлі күнге дейін Ресейдің құрамында деп ойлайды. Өзім Қазақстанды Ресей мен Қытай ортасында тұрған, көлемі жағынан ең үлкен ондыққа кіретін мемлекет деп таныстырамын. Арасында білетіндері де бар. Қазақстан Германия немесе Швейцария сияқты танымал деңгейге жеткен жоқ. Әзірге Ресейдің көлеңкесінде тұр. Елді алып шығатын үкімет те жоқ. “Сен тимесең, мен тиме” саясатын ұстанады. Дегенмен бұл уақыт өте келе өзгереді деген ойдамын. 

– Шетелдегі қазақ бауырларымызбен араласып тұрасыздар ма?

– Еуропа қазақтарынан құрылған «Наурыз» тобын білесіздер. Тобымыздың басты ниеті қазақтарымыздың басын қосу. Еуропадан жиындарымызға 10-15 мемлекеттен қазақтар келіп қатысады. Қазақстан, Беларусь, Моңғолия, Қытай басқа да елдерден қатысатындар бар. Қайда жүрсек те, қазағымыздың ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеп, әндері мен биі, киімін жастарға таныстырамыз. Әрқашан қазақ дегенде бүйрегіміз бұрып тұрады. Әртүрлі тілде де сөйлейтіндер бар, бірақ  басымыз қосылғанда тек қазақшаға сөйлесеміз. Меніңше, шетелдегі қазақтар елдегі отандастарымызға  қарағанда өзара қазақ тіліндеп көп сөйлейді. Ал республикамызда екі қазақ кездессе, орысша сөйлеп кетуі мүмкін. Бізде ондай жоқ.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Қадірәлі Сарыпбек

 

Талқылау