Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның бас мүфтиі 75 жастағы әкесінің такси жүргізетінін айтты

Еліміздің бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы әкесінің қызметі жайлы айтты. Ол әкесінің зейнетте болғанына қарамастан, такси жүргізетінін растады. Бұған еш намыстанбайтынын, керісінше әкесін жақсы көретінін жеткізді. Бұл туралы Наурызбай қажы Нұрсейіт Жылқышыбайдың "Уақыт көрсетеді" бағдарламасына берген сұхбатында айтты. 

Қажының әкесі 75 жаста, зейнетке әлдеқашан шыққан. Сөзіне қарағанда, ғұмыр бойы еңбек етіп үйренген әкесі егде жасында да жұмыссыз отыра алмайды. 

"Өзінің араласатын тобы, замандастары бар. Өткенде жұмыспен Алматыға барып қалдым. Немерелерімді тауға шығарайын деді, үш көлікпен шықтық. Өзім бір көліктің рөлінде қорқып шықтым. Өте қорқынышты екен. Жолда тоқтап, өз-өзіме келген сәттер болды. Мазам қашты, өте биік екен. Тауға шыққаннан кейін әкеме: "Мына жер өте қауіпті ғой. Сіздің жасыңыз келген" десем: "Жоқ, мен үйреніп қалғанмын" деп жауа қатты", - дейді бас мүфти.

Наурызбай қажы отбасында 11 бала екенін айтады. Мұғалім болып жұмыс істеген әкесі көп баласын асырау үшін үнемі қосымша жұмыстар істеген. 

"11 баланы асырауға бір жалақы жетпейтін. Бізді оқытты, киіндірді. Аллаға шүкір, барлық ұлын үйлендіріп, қыздарын тұрмысқа берді. Әкем – шебер кісі. Жұмыстан тыс, сенбі-жексенбі күндері құлақшын тігетін. Теріні илеп, ағартып, біз көмектесетінбіз. Соны сатып, бала-шағасын бағып өсірген кісі. Қазір де бос отыра алмайды. Әлі күнге дейін кейбір інілеріме қаржылай көмектесіп отырады. Өзіне қаражаттың керегі жоқ, ініммен бірге тұрады. “Үйде отырсам, ауырып қаламын” дейді".

Сондай-ақ бас мүфти бір кездері өзін "араб тілін жақсы білмейді" деп сынағандарға жауабын берді. Айтуынша, діни басқармада іс-қағаздар 99 пайыз мемлекеттік тілде жүреді. Оның үстіне халықтың басым дені араб тілін білмегендіктен, дінді кеңінен насихаттау мақсатында қазақ тілін білу керектігін жеткізді. Ал діни жолда жүргендіктен, араб тілін жетілдіріп отыру маңызды екенін атап өтті. 

"Екі түрлі адамдар бар. Бірі – араб тілінде жақсы сөйлейді, бірақ діни кітаптарға шамасы келе бермейді. Керісінше дін кітаптарын жақсы білетін, бірақ ауызша сөйлей алмайтындар бар. Бірін білетін, бірін білмейтін – молда, бәрін білетін –  Алла дейді", - деді бас мүфти. 

Талқылау