Қазақстандық танымал дизайнердің өлімі: Қылмыскерге сот үкімі шықты
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты дизайнер Bisen-ді (Сәбит Сырахан) өлтірген қылмыскерге қатысты істі қарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сот С.Дүйсенғалиевті 99-баптың 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша кінәлі деп тапты.
"Сот С.Дүйсенғалиевті 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, Дүйсенғалиев марқұмның отбасына 10 миллион теңге моральдық зиянның орнын толтыруға міндетті", - деп шешті судья.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ және шағым жасалуы мүмкін.
Бұған дейін дизайнер Bisen-ді өлтірген айыпталушы соңғы сөз айтқан. С.Дүйсенғалиев марқұмның отбасына жүгініп, кешірім сұрады.
"Мен оны өлтіргім келмеді. Мен екі баланың әкесімін, отбасымның асыраушысымын. Осыны ескеруіңізді сұраймын, құрметті сот", - деді сотталушы.
Прокурор қылмыскерді 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот отырысы барысында сотталушының екі баласы бар екенін және іс бойынша ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, жаңа мерзімді атады - 11 жыл 3 ай.
Ал марқұмның отбасы 15 жылға бас бостандығынан айыруды және 10 миллион моральдық өтемақы сұрады.
Еске салайық, қазақстандық дизайнер Bisen 2020 жылдың күзінде өлтірілген.
Бұған дейін Алматыда дизайнерді өлтірді деген күдікпен марқұмның қызының інісі 1991 жылы туған ер адамның ұсталғаны хабарланған болатын. Полиция күдікті адам өлтіргенін мойындағанан айтты.
Сәбит Сырахан - танымал қазақстандық дизайнер. Дизайнердің киімін көптеген рэперлер мен хип-хоп мәдениетінің өкілдері киген.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
