Радиациялық қауiптi аумақтарда тұратын педагогтерге жазда қанша күн демалыс беріледі
Оқу-ағарту министрлігі педагогтерге жыл сайынғы еңбек демалысы 56 күн екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Министрліктің мәліметінше, мұғалімдерге жыл сайын ақылы еңбек демалысының 2 түрі беріледі: негізгі және қосымша. Қосымша демалыс экологиялық қолайсыз және радиациялық қаупі бар аумақтарда тұратын педагогтер үшін қарастырылған.
Соның ішінде экологиялық қолайсыз аумақтарда тұратын педагогтер үшін қосымша демалыстың ұзақтығы – 7 күннен 12 күнге дейін, ал радиациялық қауiптi аумақтарда тұратын педагогтер үшін – 5 күннен 14 күнге дейін беріледі.
Демалыс уақытына түскен мереке күндері еңбек демалысына кірмейді. Еңбек демалысын беру кезінде нақты жұмыс істеген уақыт қана есепке алынады.
“Еңбек демалысын беру кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы лауазымдық жалақы мөлшерінде төленеді. Сауықтыру жәрдемақысының мөлшерін есептеу педагогтің демалыс берілген күнгі нақты жүктемесін ескере отырып, лауазымдық ақы мөлшерінде жүргізіледі, мұнда қосымша ақы мен үстемеақы есептелмейді”, – дейді бюджеттік жоспарлау департаментінің еңбекақы төлеу әдіснамасы басқармасы басшысы Гүлайым Тоқпанова.
Педагог қосымша жұмысты немесе уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындаған жағдайда бұл лауазымдарды қатар атқару болып саналады.
Бұл жағдайда сауықтыруға арналған жәрдемақы педагогке негізгі лауазымы бойынша ғана төленеді. Егер педагог қосымша жұмысты лауазымдарды қоса атқару туралы жеке еңбек шарты бойынша негізгі жұмыстан бос уақытында атқарса, сауықтыруға арналған жәрдемақы негізгі жұмыс үшін де, қосымша жұмыс үшін де бөлек төленуге тиіс.
Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойғанын жаздық. Құжатқа сәйкес белгілі бір ғылыми дәрежесі мен атағы бар педагогтер үшін ай сайын төленетін қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды. Мәселен, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) атағы үшін төленетін қосымша ақы 25 АЕК-ті (92 300 теңге) құрайды.
Ал ғылым докторы және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін 42 АЕК (155 064 теңге), философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты, ғылым докторы дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшерінде қосымша ақы төленеді. Ғылыми дәрежелері мен атақтары үшін осындай ай сайынғы қосымша ақы негізгі жұмыс орнында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғылыми қызметкерлерге де белгіленді.