Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық дипломат алғаш рет БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою комитетіне сайланды

Қазақстандық дипломат Мадина Жарбусынова алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою комитетіне сайланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

дипломат мадина

Фото: Сыртқы істер министрлігі

Бұған дейін БҰҰ-ның осы маңызды органында Орталық Азия елдерінің ешқайсысы ұсынылмаған екен. 

“Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөніндегі конвенциясына қатысушы мемлекеттердің 23-ші кеңесі шеңберінде БҰҰ штаб-пәтерінде 2025-2028 жылдар кезеңіне Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөніндегі комитет (CEDAW) мүшелерін сайлау өтті. Алғаш рет Қазақстаннан кандидат – белгілі қазақстандық дипломат Мадина Жарбусынова CEDAW құрамына сайланды”, – делінген сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.  

Ведомство өкілдері Орталық Азия елдері арасында Қазақстан гендерлік теңдік саласындағы прогресс бойынша көшбасшы екенін атап өтті. Қазақстан 146 ел арасындағы гендерлік теңдікті бағалау үшін әзірленген 2023 жылғы Жаһандық гендерлік алшақтық индексінде 62-ші орынға ие болып, позициясын жақсарды және 18 орынға көтерілді.

Қазақстанмен қатар CEDAW-да 11 орынға 20 мемлекеттің өкілдері үміткер болды – Оман, Швейцария, Ливан, Нидерланд, Гватемала, Андорра, Аустралия, Непал, Грузия, Чили, Барбадос, ҚХР, Зимбабве, Бурунди, Камерун, Мозамбик, Солтүстік Македония, Уругвай, Ұлыбритания және Того.

Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі Комитет (CEDAW) – Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттердің өз міндеттемелерін орындауын бақылайтын тәуелсіз сарапшылардың органы. Комитет құрамына әлемнің түрлі елдерінен келген әйелдер құқықтары жөніндегі 23 сарапшы кіреді. 

Талқылау