Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы 5G және мобильді байланыс әлсіреуіне не әсер етеді?

Елімізде соңғы кездері мобильді байланыс жылдамдығына қатысты шағымдар арта түсуде. Елді мекендерді айтпағанда соңғы айда Астанада интернет желісінің бәсеңдеуінен және мобильді байланыс тарифтері бағасының өсуінен кейін Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрі Бағдат Мусинді қызметінен босату туралы петиция да жарияланған болатын. Екі күн қатарынан Алматыда өткен Kcell Eurasian Mobile Summit 2023 телеком-конференциясында мобильді байланыс, интернет желісін жақсарту, 5G-технологиясы және өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Stan.kz тілшісі шараға қатысып қайтты.

Конференция қатысушыларының айтуынша, еліміздегі мобильді байланысқа қатысты талап әсіресе пандемия кезінде қатты күшейген. Үкімет ұсынған 250+ бағдарламасы аясында алыс елді мекендерде интернет желісі орнатыла бастады. Яғни мобильді операторлар мемлекетке төлейтін рентаны 250-ден көп тұрғыны бар аймақтарда телеком-мұнараларын орнатуға жұмсайтын болды. Осының арқасында 2 500-ден астам елді мекеннің 2 миллионнан көп тұрғыны интернетке қолжеткізді.

Кедергілер

Алайда бұл мәселенің өзіндік қиындықтары барын да атап өтті. Себебі кей аймақтарға мұнараны жеткізу үшін алдымен жол салу керек болған. Осылайша, мобильді операторлар құрылысқа да бет бұрған. Бұл туралы сессия барысында Kcell, Tele2 және Beeline сынды үш компанияның атқарушы директорлары сөз қозғады.


"Мобильді байланыс адам өміріне қажетті негізгі инфрақұрылымның бірі. Кейде біз сол байланысты орнату үшін мүлдем басқа құрылыспен да айналысамыз. Мысалы, бізге негізгі мұнарадан алыс орналасқан ауылға интернет тарту керек болды. Таулы аймақ болғасын жер астында жұмыс істей алмадық. Сондықтан жер үстінде екі аймақ арасында 4 мұнара тұрғыздық. Ол мұнараларды тұрғызу үшін жол салу керек болды, жол салдық. Оларды тоқ қуатымен қамту үшін электр мұнараларын орнаттық", - дейді Tele2\Altel компаниясының директоры Сергей Коньков.

Мұнымен қатар, әр мұнараны тұрғызу үшін бірнеше мемлекеттік органнан рұқсат қағаздарын алу керек. Компания директорларының айтуынша, мұнараға қажетті жабдықты алып, оны орнатуға небәрі 2 ай кетсе, оған рұқсат алып, өзара келісімге отыруға 12 ай жұмсалады. Ал қалаларда құрылыс жоспарына байланыс мұнарасы енгізілмейтіндіктен, жаңа тұрғын үй кешендерін интернетпен қамту қиындай түседі. Бірінші себеп, мұнараға арнайы орын бөлінбейді. Екінші себеп, тұрғын үйлердің үстіне мұнара орнату үшін барлық тұрғындардың келісімін алу керек. Егер бір тұрғын қарсылық танытса, мұнара орнатылмайды. Әзірге үкіметте осыған байланысты алғашқы талқылаулар басталған, алайда әлі нақты шешім табылған жоқ.

Жетістіктер және 5G

Бұл қиындықтарға қарамастан, сессия қатысушылары Қазақстанның интернетті тиімді пайдалану жағынан өз аймағында көшбасшыға айналып отырғанын атап өтті.


"Мобильді байланыс пен интернет желісін қолдану жағынан Қазақстанды осы аймақтағы көшбасшылардың бірі деп атауға болады. Себебі біздің елде банк жүйесі, мемлекеттік қызметтер, медициналық және білім беру, өзге де әлеуметтік қызметтердің барлығы онлайн алуға болады. Соңғы бірнеше жыл ішінде қолма-қол ақша айналымы да төмендеді. Мұндай өзгерісті ешбір көршімізден байқамайсыз", – дейді Beeline компаниясының атқарушы бас директоры Евгений Настрадин.

Бұған қоса, қазір елдегі екі бірдей компания Kcell мен Tele2 5G желісін іске қосуды бастап кетті. Қазір қарқынды түрде "тест-драйв" жүріп жатыр. Мобильді операторлардың айтуынша, 5G-технология 5 жылдан кейін еліміздің барлық қалаларында қол жетімді болады. Яғни алдағы 5 жыл ішінде ел аумағында 4 мыңнан аса 5G форматындағы станциялар салынып, өзара sharing әдісімен 8 мыңға жуық станция байланысады. Дәл қазіргі сәтте Kcell компаниясының бір өзі Алматы, Астана, Шымкент және Түркістан қалаларында 200 жуық 5G станцияларын іске қосты.


"5G технологиясы әсіресе бизнес үшін жаңа мүмкіндерге жол ашады. Неғұрлым жылдам, неғұрлым тиімді интернетке қолжеткізу арқылы біз әлемде пайда болған және пайда болатын жаңа технологияларды қолдануға мүмкіндік береміз. Мемлекетте интернет желісінің әлеуметтік маңызы бар инфраструктура екенін түсініп, оған біркелкі стандарт қойғаны да жөн болар еді", - дейді Kcell\Activ компаниясының атқарушы бас директоры Асхат Өзбеков.

Шын мәнісінде үкіметте де бұл салаға қатысты ауқымды өзгерістер бары байқалады. Мысалы, 2022 жылдың желтоқсанында 5G желісін орнатуға аукцион болса, 2023 жылдың наурызында алғашқы станциялар іске қосылып үлгерген.

"5G интернетке көшудің ең тиімді тұсы оның жылдамдығы қазіргі кездегі кабельді интернет жылдамдығымен бірдей. Атап өтейін, бұл технология интернет бағасын өсіруге триггер бола алмайды. Себебі ол көп қаржы жұмсауды талап етпейді. Мысал ретінде айта кетейін, Алматы қаласын алдағы 5 жылда жылдам интернетпен қамту үшін қазіргіден 4 есе көп 4G станциялары керек. Ал  жоспардағы 5G станцияларының санын арттырудың қажеті жоқ. Себебі оның желіні өткізуі 4-6 есе жеңіл әрі жылдам", - дейді Kcell компаниясының 5G жобасының директоры Магомедкерей Катиев.

Қазіргі 4G станциялары болашақта ақпарат ағынын дұрыс беруі үшін оларды жаңартып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, олардың санын арттырып отыру керек. Мұның бәрі шығын. Ал 5G жаңа станциялары оларға қарағанда ұзақ әрі тиімді жұмыс істейді. Осылайша, ол тариф бағасының өсуіне алып келмейді. 

Алайда елдегі көптеген елді мекенге 4G желісі әлі жетпегенін ескерсек, компаниялардың 5G-ге қатысты талқылаулары асыра сілтеу болып көрінбей ме деген ой келеді. Kcell\Activ компаниясының атқарушы бас директоры Асхат Өзбеков осы жылы елімізде 2,5 мыңға жуық 4G базасы іске қосылатынын айтады. Ал компанияның 5G жобасының директоры Магомедкерей Катиевтің айтуынша, мемлекет тарапынан 205+ бағдарламасына ұқсас жобалар пайда болса, компания оны қуана қабылдап, елдің әр түкпіріне 5G желісін жеткізуді қолға алады. 

Жаңа технологиялардың елге келуі тек күнделікті әлеуметтік желіге кіру, хостингтен видео қарау үшін ғана тиімді деп ойлау қателік. Себебі желінің жылдамдығы жаңа бизнеске жол ашып, әртүрлі қызметтердің онлайн жұмыс істеу мүмкіндіктерін арттырады. Ал бұл өз кезегін ел экономикасына үлкен өзгерістер алып келеді.

Талқылау