Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кәсіпорындарды мемлекеттендіруге нақты негіз бар ма?

Қазақстанда мемлекеттендіру тақырыбының қозғалып келе жатқанына бірнеше жыл болды. Активтерді мемлекет меншігіне алудың бірінші әрекеті "Самғау" қорын құрудан басталған болатын. Кейін "Хабар" Агенттігі" АҚ акцияларының 49,99 пайызы мемлекет меншігіне өтті. Осы орайда үкімет еліміздің бүкіл медиа кеңістігінде ақпараттық саясатты қалыптастыру құқығын алды. Кейін мемлекет тау-кен металлургия саласындағы басқа да стратегиялық активтерге назар аударды. Дегенмен бұл мәселе бойынша пікірталас күні бүгінге дейін жалғасуда.

Бұл тақырып әсіресе бүгінгі таңда үлкен инвестиция мен жаңғыртуды қажет ететін актив "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға да тікелей қатысты. Табиғи ресурстарға бай, экономикалық дамуға ұмтылған еліміздің алдында маңызды шешім тұр. Кәсіпорындарды мемлекеттендіру керек пе? Бұл сауал жаһандық экономикалық сын-қатерлер мен ішкі әлеуметтік-саяси динамика аясында бұрынғыдан да өзекті бола түсуде.

Қазақстан экономикасы мұнай мен газ экспортына өте тәуелді. Сол себептен шикізаттың әлемдік бағасы бізді алаңдатады. Бір жағынан, мұнай мен газ өнеркәсібіндегі негізгі салаларды мемлекеттендіру үкіметке осы ресурстарды бақылауға және кірістердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Алайда тәуелсіз қаржылық талдаушы және Қазақстандағы қаржы туралы жазатын FINANCEkaz телеграм каналының негізін қалаушы Андрей Чеботарев күштеп мемлекеттендіру халықаралық санкциялар мен экономикалық оқшаулануға әкелетінін жеткізді.

"Мысалы, егер ертең Қашаған мен Теңізді мемлекет меншігіне алу туралы шешім қабылданса, онда елімізге қарсы санкциялар көбеюі мүмкін. Әрине Ресейге салынғандай мөлшерде болмасы анық. Алайда біз ойын ережелерін бұзамыз. Себебі еліміз басынан инвесторлардың құқықтарына кепілдік берді. Ал бұл келісімдерді бұзу инвесторлар үшін сөзсіз дүрбелеңге айналуы мүмкін", – деді ол.

Андрей Чеботарев мемлекеттің экономиканы кез келген жолмен бақылауды қалайтынын атап өтті. Сол себептен саяси тұрақтылық пен экономикалық реттілік – Қазақстан үкіметі үшін мемлекеттендіруге итермелейтін маңызды факторлар. Мұны билікті нығайтудың және ұлттық мүддені қорғаудың құралы ретінде қарастыруға болады. Алайда қаржы сарапшысының айтуынша бұл тұста мемлекеттің өзге де тиімді шаралары бар.

"Шын мәнінде, мемлекетте жеке кәсіпорындарды кез келген кезде бақылай алатын лицензиялар мен рұқсаттардың болуы, тексерістер секілді түрлі тәсілдер бар. Көбіне комиссиялар кәсіпорындарды тексергенде тығырыққа тіреліп жатады. Оларда нақты ынта болмағандықтан екі жақты мүдделер қақтығысы туындайды. Жалпы нарықтық экономикада өмір сүретін әлем елдері рұқсат беру және тексеру жүргізу арқылы басқару тетіктерін сақтап отыр. Олар кәсіпорынды өздері басқармайды. Бұл бір жағынан орташа деңгейдегі идея. Бұлай  біз жағдайды ушықтырып алуымыз мүмкін",- деп қосты ол. 

Қазақстандағы мемлекеттендіру саясатына тағы бір себеп экономикалық теңсіздіктен туындаған әлеуметтік толқулар мен шетелдік компаниялардың ықпалына алаңдаушылық болуы мүмкін. Андрей Чеботарев бұл біздің қоғамда өте өзекті екенін айтады. Себебі бұл саудагерлер мен кәсіпкерлерге сенімсіздік пен жағымсыз пікір басым болған кеңестік менталитеттің де әсерінен қалуы мүмкін.

"Әсіресе, телеграм-каналымда жеке компаниялардың директорларының жалақы деңгейін жариялағанда бәрі айқын көрінеді. Олардың еңбекақылары әлемдік стандарттар бойынша онша үлкен көлемде болмаса да тұрғындар арасында ашық наразылық туғызады. Мемлекеттендіру саясатына бір жағынан осындай  әлеуметтік наразылықтар себеп болуы мүмкін. Олардың ұстанымдары – жұмысшылар да, бәрі де мемлекеттің қарауында болуы керек деген ой. Бір қынжылтарлығы қазір аға буын кеңестік кезеңнің тек жақсы кездерін ғана еске алады. Ал бәрінің қаншалықты нашар жүзеге асырылғанын ешкім айтпайды. Сол себептен мемлекеттендіру туралы теріс пікірлер туындауы ғажап емес", – деді ол.

Сонымен кәсіпорындардың жеке меншіктен мемлекетт меншігіне көшуін байлықты қайта бөліп, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету тәсілі ретінде қарастыруға болады. Дәл қазір мемлекеттендіруге өткен кәсіпорын туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен қоғам тарапынан әлеуметтік наразылық пен талап бар екені аңғарылады. Негізі, былтырғы қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда мемлекеттендіру тақырыбы қызу талқылана бастады. Бірақ дәл осы мемлекет меншігіне өткізу тәсілі қоғамдағы жылдар бойы жиналған түрлі мәселелерді шеше ала ма?

Қорытындылай келе, пайдалы тұстарына қарамастан, мемлекеттендіру саясаты өте жоғары тәуекелдермен, басқару тиімділігінің төмендеуі, инвестициялық ахуалдың нашарлауы және құқықтық даулармен тікелей байланысады. Бұл тіпті еліміздің халықаралық экономикалық қатынастарына да әсер етуі мүмкін. Сондықтан шетелдік инвесторлардың ұстанымы мен өзге елдердің сауда-экономикалық қарым-қатынастардағы ықтимал өзгерістерін ескеру маңызды. Шешім стратегиялық жоспарлау мен ел үшін экономикалық және әлеуметтік салдарды терең түсіне отырып негізделуі керек.

Талқылау