Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бұрынғы жемқорларды жұмысқа қабылдаған ұлттық компания басшыларына айыппұл салынбақ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов бұрынғы жемқорларды жұмысқа қабылдағандарға айыппұл салынатынын мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Айыппұл 300 мың теңгені құрайды. Осылайша, мемлекеттік орган немесе ұлттық компания атынан жұмыс берушілер бюджетке қаражат аударуына  тура келеді. Айыппұлды басшы өз қалтасынан төлейді.

"Бұл жерде маңызды мәселені – сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа орналастыруға тыйым салу туралы талап бұған дейін тек мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың басшы лауазымдарына қатысты болғанын атап өтемін. Енді осы жылдың басынан бастап күшіне енген Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдарды кез келген квазимемлекеттік сектор лауазымына қабылдауға толық тыйым салынды", – деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, бұрын-соңды сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адам енді мемлекеттік қызметте де, квазимемлекеттік секторда да жұмыс істей алмайды. Ал мұндай тұлғаларды жұмысқа қабылдаған басшылар ӘҚБтК-нің 681-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

STAN.KZ
Сейсенбі, 06 Сәуір, 2021 16:28
Талқылау