Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцина енгізілмек
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы екпе енгізуге дайындалып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде аталған министрліктің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді.
Жақын арада Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы екпе енгізуге дайындық жұмыстары басталады. Ведомство өкілдері түсіндіргендей, жүзеге асыру мерзімі үкіметтің екпе бағдарламасына қанша қаражат бөлетініне байланысты. Вакцинаны енгізу мәселесі коронавирустық індетке байланысты кейінге қалдырылған.
"Коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты екі вакцинаны бір уақытта енгізу қиындығын есепке алып адам папиллома вирусына қарсы екпені енгізу кейінге қалдырылды", – делінген министрлік ұсынған ақпаратта.
2020 жылы ел үкіметі Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы екпе 2021 жылы басталады деп мәлімдеген, бірақ кейін бұл бағдарлама бел ортадан тоқтап қалған. Бұл вирус жатыр мойны обырының, жыныс мүшелерінің ісіктерін және басқа да қауіпті аурулардың дамуын тудырады. 10 жылдан астам уақыт бойы әлемнің көптеген елдерінде қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салынып келді.
- COVID-19 ауруының жаңа толқыны басталады – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы
- "Білегі іріңдеп, терісі тесіліпті": Ақтөбеде дәрігерлер оқушыларға салатын екпені шатастырып алған
Онкогинекологтардың пікірінше, жыныстық белсенділіктің басталуына дейін қыздарды вакцинациялау өте маңызды, сондықтан, әдетте екпе 11-13 жас аралығындағы қыздарға салынады. Бұл жаста балалар вирусты жұқтыруға әлі үлгермеген, ал жаппай вакцинацияның тиімділігі өте жоғары болады. Дегенмен гинекологтар егде жастағы науқастарға бұл вакцинацияны жеке ұсына алады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, жатыр мойны обыры әлемдегі барлық қатерлі ісік жағдайларының 13,1%-ды құрайды. Әлемде жыл сайын жатыр мойны обырынан 300 000-ға дейін әйел қайтыс болады.
Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1,6 мыңнан астам жағдайы тіркеліп, 500-ден астам әйел осы аурудан қаза табады.