Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан құрамасы қай спорт түрлерінен олимпиадаға көп жолдама иеленді

Екі айдан соң төртжылдықтың басты додасы саналатын олимпиада ойындары да жалауын желбіретеді. Әзірше Қазақстан құрамасында спорттың 20 түрінен, 67 жолдама ғана бар. Осы орайда, Қазақстан құрамасында спорттың қай түрлерінен және қай өңірдің сортшыларында жолдама көп екені туралы Stan.kz ақпарат агенттігі сараптама жасауды ұйғарды. 

Фото: Ашық дереккөзден алынды

Қазақстандық спортшылардың ішінде Париж олимпиадасына ең көп жолдаманы былғары қолғап шеберлері жеңіп алды. Бокстан ерлер құрамасы төртжылдықтың басты бәсекесінде толық құраммен қатысса, әйелдер құрамасынан алғаш рет олимпиада ойындарына үш боксшы қатысайын деп жатыр. Боксшылардың ішінде Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев қана екінші олимпиадасына қатысса, қалған барлық боксшы үшін алғашқы олимпиада болмақ. Сөйтіп боксшылар Париж төріне 10 жолдама иеленіп, көш басында тұрса, екінші орында дзюдошылар тұр. Елдос Сметов бастаған балуандар 7 жолдама жеңіп алды. Ерлер құрамасынан 5 спортшы Париж татамиінде белдессе, қыздардан Әбиба Абужақынова мен Камила Берліқаш бақ сынайды. Байдарка мен каноэде есу және нысана көздеу спортынан Қазақстан құрамасының еншісінде 6 жолдамадан бар. 6 жолдамаға иелік еткен мергендеріміздің барлығы олимпиадаға алғаш рет қатысқалы жатса, байдарка мен каноэде есуден үш спортшының екінші олимпиадасы. Олимпиадаға ең көп жолдама иеленген спорт түрі бойынша семсерлесу бесінші орында тұр. Қазақстандық шпагашылардың бесеуі олимпиада жолдамасын жеңіп алған. Соның ішінде жүлдеден үмітті ретінде Руслан Құрбановты ерекше атап өтуге болады. Грек-рим күресінің балуандары – 4, еркін күрес шеберлері мен садақшыларда және стенд ату спортында үш жолдамадан бар.

Ең көп жолдама жеңіп алған бес өңірге келсек, көш басында Шымкент қаласы тұр. Шымкенттік спортшылардың еншісінде 12 жолдама бар. Олар ең көп жолдаманы (3 жолдама) байдарка мен каноэде есуден жеңіп алған. Сондай-ақ семсерлу мен нысана көздеуден екі-екі лицензияға иелік еткен. Айтпақшы, көркем гимнастикадан жалғыз жолдама да шымкенттік Эльжана Таниеваның еншісінде. Бұл өңірдің спортшыларының ішінде Парижде жолдама алу мүмкіндігі көп спортшылар жетерлік. 

Ең көп жолдама алған өңірлердің ішінде Алматы қаласы екінші орында тұр. Алматылық спортшылардың еншісінде Париж олимпиадасының 10 жолдамасы бар. Он жолдаманың төртеуі нысана көздеуден болса, екеуі спорттық гимнастикадан. Сондай-ақ бокс, дзюдо, семсерлесу және байдарка мен каноэде есуден бір-бір жолдамадан бар. Екі рет олимпиадаға жолдама иелене алмай сүрінген Назым Қызайбай үшінші мүмкіндігінен лицензияға иелік етіп отыр. Назым Парижде жүлдегерлер қатарынан көрінуі мүмкін спортшылардың тізімінде. 

Шығыс Қазақстан облысы ең көп жолдама жеңіп алған өңірлер ішінде үздік үштікке кіріп тұр. Шығыс қазақстандық спортшылардың еншісінде 6 жолдама бар. Олар ең көп жолдаманы (2 жолдамадан) жеңіл атлетика мен семсерлесуден жеңіп алған. Таеквондошы Батырхан Төлеуғали мен еркін күрес шебері Азамат Дәулетбеков те осы өңірден шыққан спортшылар. Жетісу, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Астана қаласының спортшыларында бес жолдамадан бар. Садақ ату спортынан иеленген төрт жолдаманың барлығы жетісулық жампоздарға тиесілі болса, астаналық спортшылардың басым бөлігінің жолдамасы (3 жолдама) бокстан. Түркістандық спортшылар екі жолдамаға бокстан иелік етсе, жамбылдықтар дзюдодан екі жолдама жеңіп алды. 

Айта кетейік, Париж олимпиадасында әлемнің 205 елінен, 10 мыңнан астам спортшы сынға түсіп, 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.            

 

 

 

 

 

 

Талқылау