Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан коронавирустың екінші толқынына қалай дайындалып жатыр: Цой айтып берді

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың күзгі толқынына қалай дайындық жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Министрлік күзгі маусымға дайындықты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап жатыр. Төсек саны 54178 орынды құрайды. 16304 орын аса ауыр жұқпалы ауруларға дайындалған. 2 790 жаңа салынып жатқан нысанда дайындалып жатса, 32 064 төсек басқа ауруханаларда әзірленуде. Реанимациялық төсектер саны барлығы 2 981 құрайды", - деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үкімет отырысында.

Сонымен қатар, министр өкпені жасанды желдету құрылғыларына кеңінен тоқталды. 

"Қазіргі уақытта жұқпалы және уақытша ауруханаларда 3379 өкпені жасанды желдету құрылғылары жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар тағы 2619 қондырғы сатып алынады, оның ішінде 1500-і отандық өндіріс құралдары", - деп жалғастырды Цой.


Оның айтуынша, бүгінде 21 566 төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген.

"Тағы да 9300 төсек-орынмен қосымша қамтамасыз ету жоспарланып отыр, оның 6400-і - жергілікті бюджет және демеушілік қаражат есебінен, 2900-і - республикалық бюджет есебінен. 8600 қондырғыны қыркүйек айында, қалған 700-ін қазан айында жеткізуді аяқтау жоспарланып отыр", - деп толықтырды министр.

Сонымен қатар, премьер-министр Асқар Мамин коронавирустың жаңа толқыны басталған жағдайда дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдары жеткілікті болатынын айтты. 

"Аурулардың санын азайту, емдеудің тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылданды. Ауылдық жерлерде медициналық көмектің қол жетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жедел жәрдем машиналары сатып алынды, барлық қажетті құрал-жабдықтар бар. Жеке қорғану құралдары мен дәрі-дәрмектер қоры жасақталды. Тапшылық болмайды. Оның үстіне тамыз айынан бастап халыққа вирустық инфекцияларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер амбулаториялық негізде тегін беріліп келеді", - деді Мамин үкімет отырысында.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Қазақстанда демалыс күндері кейбір шектеу шаралары сақталатынын айтты. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2020 10:30
Талқылау