Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу бекетінде ұзын-сонар кезек: Мемлекеттік кірістер комитеті жағдайды түсіндірді
Фото: gov.kz
Қазақстан-Қытай шекарасындағы “Нұр жолы” өткізу бекетінде Қытайға бағыт алған көліктер ұзын-сонар кезекке тап болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік кірісітер комитетінің мәліметінше, бұл шекараны кесіп өту және екі елдің тиісті көлік басқармалары арасында ақпарат алмасу үшін қажетті шетелдік рұқсат қағаздарының қазақстандық тасымалдаушыларда жоқ болуына байланысты.
“Жағдайды реттеу мақсатында мемлекеттік кірістер комитеті көлік министрлігімен бірлесе жұмыс жүргізуде. Қазір Қазақстан мен Қытайдың тиісті мекемелері арасында Қазақстан тарапын қосымша шетелдік рұқсат бланктерімен қамтамасыз етуге бағытталған келіссөздер жүргізілуде”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ комитет Қытайдың бас кеден басқармасымен де келіссөздер жүргізіліп жатқанын атап өтті.
“Нәтижесінде Қытай тарапынан қабылданатын көліктер санын уақытша көбейту туралы келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ Қытайдың өткізу бекеттерінде өткізу қабілетін арттыру және кеден рәсімдерін жеделдету бойынша қосымша шаралар келісілді”, – делінген комитет таратқан ақпаратта.
Жүргізушілер Қазақстан-Қытай шекарасындағы ақша бопсалау әрекеттеріне шағымданды
Сонымен қатар, тасымалдаушылардың қаржылық шығындарын азайту мақсатында мемлекеттік кірістер комитеті “CarGoRuqsat” электрондық кезек жүйесімен бірлесіп, кеденнен өту үшін алынған брондардың жарамдылық мерзімін 72 сағатқа ұзарту туралы шешім қабылдады.
“Бұл тасымалдаушыларға брон үшін бұрын төленген 1 АЕК пен жүйенің жұмыс ережелеріне сәйкес белгіленген 20 АЕК кепілдік жарнасын сақтауға мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.
Осылайша, Қытайдың көлік министрлігінен “С” категориясына арналған жаңа бланкілер Қазақстанға келгеннен кейін, өтініш бере алмаған отандық тасымалдаушылар оларды бұрын брондалған кезек бойынша ала алады.
Мемлекеттік кірістер комитеті жағдайдың тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан шекарасы арқылы жүк көліктерін өткізу үшін төлем мөлшері белгіленгені туралы жазған едік.

"Неге сонша нақұрыс болдыңдар": Желіде қазақтарды "құлдар" деп қорлаған әйелге шағым түсті
