Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қазақша болсын”: Алматыдағы мектептердің бірінде ата-аналар оқу тіліне қатысты жанжал шығарды

Алматыдағы мектептердің бірінде ата-аналар оқу тіліне қатысты жанжал шығарды
Видеодан скрин

Алматыдағы №224 мектептің алдына жиналған ата-аналар білім ордасының оқу тіліне қатысты жанжал шығарды. Бірі мектептің таза қазақша болуын сұраса, енді бірі мектеп аралас тілде білім беру керегін алға тартқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

20 қазанда бір топ ата-ана мектептің алдына жиналып, оқу тілі аралас емес, таза қазақша болуын талап еткен. Ата-аналар арыз-талабын мектеп директорына айтып жатқан сәтте өзін Алтынай деп таныстырған әйел ата-аналарға қарсы шыққан.

"Аумақ үлкен, барлығымызға жетеді мектеп. Сыныптардың жартысы қазақ, жартысы орыс тілінде болады. Таза қазақ мектебі деп сіздерге кім айтты. Әкімдіктің ресми қабылдауында болдым. Екі тілді мектеп деп ресми түрде айтылды. Онда сіздер барыңыздар басқа мектепке", – деп даурықты ол. 

Ал мектеп директоры Раиза Ахметова әлі нақты шешім қабылданбағанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, мектептің қазақша не аралас болатыны әзірге белгісіз.

Жағдайға қатысты алматы қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі ақпарат берді. Ата-аналардың өтініштерін қабылдау 28 қазанда басталады. Мектептердің толымдылығын оңтайландыру, оқушыларды тең бөлу және барлық балалардың сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ата-аналардың өтініші бойынша балаларды көршілес немесе жақын орналасқан микроучаскелердегі мектептерге де қабылдауға рұқсат етіледі.

"Білім туралы” заңның 9 және 11-баптарына, сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы” заңның 16-бабына сәйкес, білім беру ұйымдарындағы оқыту тілі халықтың қажеттіліктерін, ауданның демографиялық ерекшеліктерін, кадрлық және материалдық-техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып, құрылтайшы (жергілікті атқарушы орган) тарапынан айқындалады. Әрбір білім беру ұйымы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес мемлекеттік тіл –  қазақ тілін, орыс тілін және бір шет тілін оқытуды қамтамасыз етуге міндетті. Ата-аналар (заңды өкілдер) оқыту тілін таңдау құқығын білім беру процесі тиісті тілде жүргізілетін мектепті таңдау арқылы жүзеге асырады", – делінген хабарламада.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 21 Қазан, 2025 19:05
Талқылау