Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ескендір Хасанғалиев, Ғазиза Әбдінабиева, Шот-Аман Уәлиханов: 2021 жылы кімнің қазасы қазақстандықтар үшін ауыр тиді

2021 жылдың аяқталуына да аз уақыт қалды. Биыл қазақстандықтардың  қабырғасын қайыстырар оқиғалар аз болмады. Stan.kz ақпарат агенттігі 2021 жылы өмірден өткен танымал тұлғалар тізімін назарларыңызға ұсынады. 

қайтыс болғандар

Әлімғазы Райымбеков 

"Тақиялы періште" фильмінде басты рөлді сомдаған Әлімғазы Райымбеков 2021 жылдың 19 қаңтарында коронавирустан көз жұмды. Ол 1936 жылы 1 желтоқсанда Алматы облысында дүниеге келген. 

2020 жылы 24 қарашада Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әлімғазы Райымбеков өзінің 85 жылдығын атап өтті. Оның 10 баласы, 22 немересі және 20 шөбересі бар. Актердің кинографиясында "Қан мен тер", "Ән қанаттары", "Асуда", "Көк маршрут" сияқты 10-нан астам танымал фильмдер бар.

Әлімғазы Райымбековке 2005 жылы Қазақстан Республикасының “Мәдениет қайраткері” , 2016 жылы “Алматы қаласының құрметті азаматы” сынды атақтар берілген. 

Әлімғазы Райымбеков

Ескендір Хасанғалиев

Әнші және композитор, Халық әртісі Ескендір Хасанғалиев 2021 жылдың 30 сәуірінде дүниеден өтті. Композитордың "Әдемі", "Өмірімнің жазы", "Атамекен" сынды әндері ел ішінде кең тараған. 

Ескендір Хасанғалиев 1940 жылы 13 ақпанда БҚО, Қаратөбе ауылында дүниеге келген. Әнші Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының вокальді-хорлық факультетін Е.Виноградов пен Н.Шарипованың сыныбы бойныша курсты, әл-Фараби атындағы шымкент мәлениет институтын бітірген. Ол 1970 жылдан бастап Қазақ радиосы мен телеарнасының солисі атанды. Ескендір Хасанғалиев – Қазақстанның белгілі әншілері орындап жүрген әндердің авторы.

Композитор “Құрмет ордені”, “Платинді Тарлан”, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері сынды бірнеше мемлекеттік марапаттар алған. 

Хасанғалиев

Нұртілеу Иманғалиұлы

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, журналист Нұртілеу Иманғалиұлы 17 ақпанда, 70 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Қазақ теевизиясының ардагері "Құрдастар", "Жас жігер", "Бетпе-бе", "Қолтаңба", "Заң сөйлесін" сынды бағдарламаларды жүргізуімен ел есінде сақталды. 

Нұртілеу Иманғалиұлы 1952 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданының Діңгек ауылында дүниеге келген. Үйдегі 14 баланың кенжесі. 1977 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген ол өмірінің 45 жылын журналистикаға арнаған. Қызметтік жолында тілші, редактор, комментатор, саяси шолушы, директордың орынбасары, бұдан бөлек Президент әкімшілігінде бас маман сынды түрлі қызметтерді атқарған. 

Нұртілеу Иманғалиұлы "Алтын Жұлдыз" сыйлығының иегері, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ Ұлттық Өнер академиясының кұрметті профессоры, Ақсу ауданының "Құрметті Азаматы" секілді марапаттармен марапатталған. 

Иманғалиұлы

Шот-Аман Уәлиханов

Елтаңба авторы, Қазақ КСР-дің еңбек сіңірген сәулетшісі, профессор Шот-Аман Уәлиханов 2021 жылдың 31 наурызында дүниеден озды. Шот-Аман Уәлиханов еліміздегі бірнеше ғимараттар мен ескерткіштердің авторы. 

Сәулетші 1932 жылдың 26-сәуірінде Көкшетау облысы, Ауыртау ауданындағы Сырымбет ауылында туған. Мәскеу сәулетшілік институтын аяқтап, Қазақстан сәулетшілер одағын басқарған. Сонымен қатар "Құрмет" орденімен марапатталған. 

Шот-Аман Уәлиханов Қазақстандағы бірнеше ескерткіштер мен ғимараттардың авторы. Сонымен қатар өзі жазып шыққан пьесалар Көкшетау, Қарағанды, Шымкент қалаларында сахнада қойылды. Бұдан бөлек сәулет және құрылыс тақырыбында мақалалар жазып, негізгі мәселелерді қозғады. 

Уәлиханов

Ғазиза Әбдінабиева

ҚР Еңбек сіңірген әртісі, М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театрының актрисасы Ғазиза Әбдінабиева биылғы жылдың 18-сәуірінде өмірден өтті.

Актриса 1948 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында туылған. 1970 жылы Қазақ Ұлттық консерваториясының "актерлік шеберлік" факультетін бітірген. 1969-1993 жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек еткен. "Құрмет" және "Парасат" ордендерімен марапатталған.

Ғазиза Әбдінабиева “Нан”, “Қауын”, “Қыз жылаған”, “Сіз кімсіз, К мырза?”, “Біржан сал”, “Кемпір”, “Зауал” секілді бірқатар фильмдерде басты рөлдерді сомдаған. 

Ғазиза

Фархат Абдраимов

Белгілі актер Фархат Әбдірайымов 2021 жылдың 21 мамырында жүрек талмасынан көз жұмды. Қайғылы оқиға Грузияда кезекті фильмнің түсірілімі кезінде болған.

Фархат Әбдірайымов 1966 жылы 21 қаңтарда Алматыда дүниеге келген. 1988 жылы Алматы технологиялық институтының қоғамдық тамақтану факультетін аяқтаған. Ал 1994 жылдан бастап Ш.Айманов атындағы қазақ кинофабрикасында жұмыс істеді. Фархат Әбдірайымов "Фара", "Қызғылт қоян туралы ертегі", "Рэкетир-2", "А-ға оралу" және басқа да фильмдердегі рөлдерімен танымал. 

Актер 55 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. 

Фархат

Сатыбалды Нарымбетов

Кинорежиссер, жазушы Сатыбалды Нарымбетов биылғы жылдың 8 шілдесінде өмірден өтті. 10-нан аса фильмге режссерлік етіп, бірнеше кітаптар жазған. 

Сатыбалды Нарымбетов 1946 жылы 7 наурызда Түркістан облысы, Түркістан ауданы, Ащысай ауылында туған. Жан Виго атындағы Халықаралық клубтың және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі болған. Ерен еңбегі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері атанған. Ал кино саласында Анапа қаласында өткен “Кино-Шок” кинофестивальінің жүлдегері, Француз кино өнері академиясының “Жорж Сэдуль” құрметті сыйлығының лауреаты болған. 

Сатыбалды Нарымбетов “Құрманғазы” деректі фильмі, “Зауал”, “Күзгі бұралаң жол”, “Ұрын келген күйеу” секілді фильмдерге режиссерлік еткен. 

Нарымбетов

Әбсаттар қажы Дербісәлі

Дінтанушы, шығыстанушы, исламтанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі 15 шілдеде 74 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Ол Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылыми докторы, тұңғыш профессоры атанған. 

Әбсаттар қажы 1947 жылы 15 қыркүйекте Түркістан облысы Түлкібас ауданында туған. 1969 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік аяқтаған. 1970-1975 жылдары КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасында білім алды. “Шыңырау бұлақтар”, “Араб әдебиеті”, “Мың бір түн” елінде” атты бірнеше шығармалардың авторы. 

"Түлкібас ауданының құрметті азаматы" және "Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы" атақтары берілген.

Әбсаттар қажы

Болат Атабаев

Белгілі театр режиссері, қоғам қайраткері Болат Атабаев 2021 жылдың 29 шілдесінде, 69 жасқа қараған шағында көз жұмды

Болат Атабаев 1952 жылы 14 мамырда туған. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері,  "Ақсарай" театрының көркемдік жетекшісі, республикалық неміс театрының, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының режиссері болды. Грузия, Италияда тәжірибеден өтіп, Германияда білім алды. 40-тан астам спектакльді сахналаған. Қазақ және орыс тілдеріндегі бірнеше пьесаның авторы. 

Болат Атабаев Қазақстандағы театр саласының дамуына орасан зор үлес қосқан тұлғалардың бірі. Оның қойылымдары Ресейде, Германия мен Грузияда, Түркіменстанда өткен фестивальдарда жеңіске жетті. 

Атабаев

Шөмішбай Сариев

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Тарлан" сыйлығының иегері, ақын Шөмішбай Сариев 15 ақпанда 75 жасқа қараған шағында қайтыс болды. 

Ақын 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы, Арал ауданының Шөміш станциясында туған. 1971 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. Шөмішбай Сариевтің алғашқы жыр жинағы 1974 жылы "Балдәурен" деген атпен жарық көрді. Содан бергі аралықта қазақ және орыс тілдерінде 15-ке жуық кітабы шыққан. 

1996 жылы "Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері" атты тақырыпта ғылым кандидаты дәрежесін иеленді. "XX ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы поэзия" атты монография жазған.

Қазіргі уақытқа дейін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болды. "Ғашықтар жыры", "Бозжорға" атты авторлық бейнетаспасы жарық көрді. Г.Гулиа, О.Берггольц, И.Абашидзе, С.Викулов, А.Дементьев, Ф.Алиева, Р.Рождественский, М.Эминеску, т.б. ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған.

Сариев

Арон Атабек

Ақын, белсенді Арон Атабек 24 қарашада пневмониядан көз жұмды. Ол 2006 жылы "Шаңырақ" оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған. 

Арон Атабек (Едігеев) 1953 жылы 31 қаңтарда Ресейдің Астрахань облысында дүниеге келген. 1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Ақын, публицист, аудармашы ретінде қызмет ете жүріп кино мәселелері туралы сыни мақалалар, сондай-ақ түркология мәселелері бойынша жұмыстар жазуды қатар алып жүреді. Сол жылдардың өзінде ақын "Атабек" лақап атын қолданған.

Арон Атабек

Амангелді Сейітханов

Белгілі журналист, спорт саласының үздік тілшісі Амангелді Сейітханов 16 тамызда, 52 жасқа қараған шағында коронавирустан көз жұмды. 

Амангелді Сейтіханов 1969 жылы 11 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында дүниеге келген. 1991-1994 жылдары "Спорт" газетінде істеп, 1994 жылы "Қазақстан" телерадиокорпорациясында "Тұғыр" атты бағдарлама ашып, жүргізушісі болған. Ол телеарнадағы спорт бөлімінде бас редактордың орынбасары қызметін де қатар атқарды. Кейін "Құмсағат" бағдарламасының спорттық ақпараттар бойынша продюсері атанды.

Ал 1997 жылы "Хабар" арнасына ауысып, осы күнге дейін аталған агенттікте жұмыс істеп келді.

Футболдан 1998 жылы Франциядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды. Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпия ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы "Хабар" арнасының эфирінде қазақша сөйлетті.

Амангелді Сейітханов

Дәулет Сембаев

Қазақстан зейнетақы реформасын жасаған қаржыгер Дәулет Сембаев 2021 жылдың 15 қарашасында көз жұмды. Ол Ұлттық банк басшысы, премьер-министр орынбасары қызметтерін атқарған. 

Танымал қаржыгер 1935 жылы 10 тамызда Алматыда дүниеге келген. 1958 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын бітірген. Тоқсаныншы жылдары Дәулет Сембаев Ұлттық банк төрағасы, премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарды. Елімізде банк жүйесінің қалыптасуына елеулі үлес қосты. Ұлттық валютаның қабылдануына қатысқан. 

Дәулет Хамитұлы "Құрмет белгісі" (1976), "Еңбек Қызыл Ту" (1981), "Парасат" (1996) ордендерімен марапатталған. Ол 87 жасқа қараған шағында дүниеден озды. 

Дәулет Сембаев

Михаил Дорофеев

Белгілі журналист, Қазақстан Республикасы президенті сыйлығының лауреаты Михаил Дорофеев 2021 жылдың 30 қаңтарында өмірден өтті. Ол 25 жылдан астам уақыт түрлі Бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеді. 

Түрлі жылдары “Портрет недели”, “Формула личности”, “Тема”, “Открытый диалог” телебағдарламаларының жүргізушісі болды. 2015 жылдан бастап Михаил Дорофеев informburo.kz ақпараттық-талдау сайтының бас редакторы қызметін атқарды. Оның тобы Интернет-медианың ТОР-5 құрамына енген. 

Михаил Дорофеев – ҚР Президенті БАҚ саласы бойынша сыйлығының лауреаты, Қазақстан журналистер академиясының академигі.

Дорофеев

Альберт Линдер

Ауыр атлет, Азия және Универсиада чемпионы Альберт Линдер 2021 жылдың 17 қыркүйегінде өз-өзіне қол салып, көз жұмды.

Дарынды спортшы 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп келген.

Спортшы 1996 жылы 13 қаңтарда Талдықорғанда, неміс отбасында туған. 2013 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, 2014, 2015, 2016 жылдары Азия чемпионы атанды. 2017 жылы Азия чемпионатындағы жеңісінен кейін жазғы Универсиадаға қатысып, 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңді. 

Линдер

Ақназар Қажымұрат

Назарбаев Зияткерлік мектебінің үздік түлегі Ақназар Қажымұрат 2021 жылдың 5 қарашасында көз жұмды. Ол ACT және SAT Subject Tests халықаралық емтихандарында ең жоғары ұпай жинаған.

Ақназардың есімі әлемнің жас дарындарының арасында 2018 жылы кеңінен тарады. Физика-математика бағытында білім алған ол халықаралық емтихандардан ең жоғарғы ұпай алған еді. Мұның арқасында Ақназар Қажымұрат Американың кез келген жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндік алып, Гарвард университетінің грантын иеленген. 

Ақназар

Талқылау