Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.
Қайрат Нұртастың қыздары әкесінің ән кешіне қатыспағанына ренжіген (видео)
Жыл басында жанұялық концерт ұйымдастырып, ұл-қыздарын халыққа жақынырақ таныстырған Қайрат Нұртас күні кеше «Нағыз еркек» атты шоуын Алматыда өткізді. Бұл жолы ән кешке хитменнің өзі, әкесі Нұртас Айдарбеков, інісі Заңғар және екі ұлы Нарұл мен Хан қатысқан. Алайда, сахнада өнер көрсету әсері қыздарына ұнап қалса керек, Сезім мен Алау әнші әкесіне ренішін білдірген деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.
«Неге біз шықпаймыз? Өткен концертте шықтық, бұл жолы неге біз қатыспаймыз?» – деді екінші қызым. Біз олай болмайды, сендерді бір рет шығардық. Ары қарай әкелеріңнің өз кеші болады деп түсіндірдік. Содан кейін ғана түсінді», – дейді Жұлдыз Әбдікәрімова.
«Алдыңғы кеште қыздарым көрінді. Өз өнерлерін көрсетті. Олардың ренжитіндей ешқандай орны жоқ. Менің жұмысым екенін біледі. «Папа, біз неге Алматыға бармаймыз?» – деді. «Қыздарым, сендердің сабақтарың бар, оқуларың бар. Алла қаласа әлі талай барасыңдар», – деген әдемі жауап бердім. Менің қыздарым атасының қолында өскеннен кейін бе, өте тәрбиелі. Адамның сөзін түсіне біледі», – дейді Қайрат Нұртас.
«Нағыз еркек» шоуында Қайраттың үлкен ұлы Нарұл әкесінің репертуарындағы «Сүйген қалам» әнін орындаса, кенжесі Хан арнайы би қойылымын әзірлепті.
«Балалар бір жарым ай көлемінде дайындалды. Би қою кішкентай балаға оңай емес. Бірақ кіші ұлымыз Ханның биге икемі бар. Ханды бір айға бала-бақшадан сұрап алдық. Ал үлкен ұлымыз Нарұл өзі қатысамын деп ниет білдірді. Қосымша вокалға барып жүр. Бірақ ол сабағына байланысты басқа қалаларға бар алмай қалды. Тек Астана мен Алматыдағы концертте ән салды», – дейді Жұлдыз.
Қайраттың ұлдары бұл кешке білек сыбана кіріссе, әншінің өзі Республика сарайындағы концертіне санаулы сағаттар қалғанда ғана дайындалған.
«Осы уақытқа дейін «Алматы арена», «Астана аренада» кешімді өткізіп жүрмін ғой. Бірақ бұл кеште мені сүйемелдейтін топпен бір күн ғана репетиция жасадым. Негізі адамдар ансамбілмен бір ай, тым болмағанда он бес күн дайындалады. Осы концерттің алдында қаншама кештер, ұшақпен ұшу, тойда ән салу, таңғы 8:00-ге дейін қонақ күттік. Төрт сағат қана ұйықтадым. Түскі сағат екіде келіп, 4-5 рет қана ән салдым. Соңғы бөлімде өзімді босатып жібердім. Төменгі ноталарда дауысым кішкене шықпай қалған кездер де болды. Бірақ оны халық түсініп, құрметтеп қарады. Анам қасыма келіп: «Балам, мына кешіңе сөз жоқ», – деп құшақтаған кезде, шынымды айтсам, мен өзім жылауға дейін бардым», – дейді Қайрат.
Қайраттың «Нағыз еркек» атты ән кеші лайф-бэндтің сүйемелдеуімен жанды дауыста өтті. Үш мың орындық зәулім сарайды тыңдарманға лық толтырған әнші, осыдан бір ай бұрын басталған концерттік турнесімен еліміздің бірнеше аймағын аралап қайтқан болатын. «KN» командасының гастрөлдік сапары желтоқсанның 19-ы күні Көкшетау қаласында өз мәресіне жетеді.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

"Түрің түрмеден шыққан адам сияқты": Қоғамдық көлікте ер адамның қазақстандық арудың сырт келбетіне тиіскені желідегілердің ашуын туғызды (видео)
